Алтынның сынығы, ақылдың тұнығы
qarmaqshy-tany.kz Бүгін Қармақшы ауданы Тұрмағамбет ауылдық Қ.Бүрлібаев атындағы клуб үйінде Қармақшы ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің ұйымдастыруымен Сыр сүлейлерінің мұрагері, күйші жыршы Зайыр Рахатовтың туғанына 110 жыл толуына орай "Алтынның сынығы, ақылдың тұнығы" атты аудандық жас жыршы, күйшілердің өнер фестивалі өткізілді. Жыр фестивалін аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Ержанов Дәурен Дауылбекұлы ашып сөйлеп, Зайыр Рахатовтың ұрпағы Дүйсен Рахатов жас талапкерлерге сәттілік тіледі.
Жыр фестиваліне қатысқан талапкерлер Зайыр атамызға арнау жырларымен қатар Сыр сүлейлерінің шығармаларын нақышына келтіре орындап, күйші жас таланттар күмбірлете күй төгіп, көрермен көпшіліктің көңілдерінен шықты. Марапаттау рәсімінде "Мәдениет қайраткері", жырау Берік Саймағамбетов, ауыл ардагерлері Тоғанас Сарыбаев, Сұлтанбек Мырзабаев, ақын Үрліхан Өңдібаевалар арнау жырын оқып, тілектерін жеткізді. Аулы әкімінің бас маманы Алмағамбетов Бақтияр Амангелдіұлы барлық қатысушыларға аудандық мәдениет және спорт бөлімінің арнайы алғыс хаттарымен және сыйлықтарын табыстады.
Сүлейлер мұрасы-қазақ мәдениеті тарихының алтын арқауы. Бұл- адамзат тарихының талай мыңжылдықтарынан бүгінге дейін өзіндік халықтық- ұлттық болмысын сақтаған қазақ сөзінің, әуезінің құдіретті көрсеткіші.
Жыршы - термешілер әуезімен әдіптелген жырлары мен дарынды күйшілердің сазды әуендері ұлтымыздың жарқын болашақ жолындағы берік сеніміне серік қалпымен өркендей бергей!