ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗДЫ ҰЛЫҚТАҒАН ОТБАСЫ
Қай елде болмасын мемлекет негізін берік отбасылар құрайды. Себебі, отбасындағы береке мен бірлік елдің дамуы мен нығаюына тікелей байланысты. «Отан-отбасынан басталады» деген сөздің түп төркінін де осы жерден іздеуімізге толық негіз бар.
Еліміздегі әрбір отбасы бақытты болса, мемлекетіміз де бақытты, тату-тәтті тұрса, мемлекетімізде ортақ ұйысқан мақсатта ғұмыр кешеді. Екеуі егіз ұғым. Бір сөзбен айтқанда, Отансыз отбасы, отбасынсыз Отан болмақ емес.
Осындай ұлттық ұлы құндылықтарды жоғары қойған Елбасымыз 2013 жылдан бері «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының кең өріс алуына ұйытқы болып, оның жыл сайын қорытындысы жарияланып отыр.
Айтулы байқаудың облыстық кезеңінде 2015 жылы Серік ағамыз бен Балкүл әпкеміздің, яғни Құлмырзаевтар отбасының жүлделі ІІІ орынды жеңіп алып, жерлестерін қуанышқа бөлесе, үстіміздегі жылы осы өсіп-өнген шаңырақтың тұңғыш перзенті, халықаралық бизнес рейтингтер одағының «Қазақстан даңқы» орденінің, «Айрықша жетістігі үшін» және «Кәсіби еңбегі үшін» медальдерінің иегері, аудандық мәдениет үйінің директоры Ерлан Құлмырзаевтың отбасы қатысып, олар да байқаудың облыстық кезеңінде жүлделі ІІ орыннан көрініп, қармақшылықтардың мерейін тасытты.
Сыр елінің кілең жақсы-жайсаңдары қатысқан ұлттық байқауының жоғары деңгейде өткізіліп, одан кіл жүйріктен кім жүйрікті анықтау да оңайға түспегенін білеміз. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» деп, аталарымыз айтқандай, бұл байқауда оза шабу Құлмырзаевтар жанұясына да жеңіл болды деп айта алмаймыз. Дегенмен, әу баста көкірігімізде бұл отбасына деген сеніміміздің болғанын да жасыра алмаймыз.
Ерлан Серікұлы екі жоғары білім алған білікті маман. Бірі-Қорқыт ата атындағы Қызылода Мемлекеттік университетінен «Экономика және бизнес негіздерінің оқытушысы. Кәсіпкер» мамандығын алса, екіншісі-Қазақ Академиялық университетінен «Жоғары білікті заңгер» мамандығын игерген. Елдің азаматы ретінде Қазақстан Қарулы күштері қатарында әскери борышын өтеген. Еңбек жолын орта мектептің әскери пән ұйымдастырушысы қызметінен бастап, Атырау облысы, Махамбет аудандық әскери комиссариатында 2-ші бөлімнің жауапты қызметкері, Қармақшы аудандық білім бөлімінің инспекторы, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің меңгерушісі, аудандық спорт бөлімінің бас маманы, аудан әкімдігінің бас инспекторы, аудан әкімінің көмекшісі, аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы сияқты қызметтік жолдардан өткен. 2011 жылдан бүгінгі күн аралығында аудандық мәдениет үйі директоры қызметін абыроймен атқарып келеді.
Ерлан Құлмырзаев 2013 жылы «Бизнес рейтингтер одағының» қорытындысымен 4 мемлекет арасында өткен аудандық мәдениет үйі алғашқы 100 мекеменің ішіне кіріп, аталған одақтың «Қазақстан даңқы» орденімен, 2015 жылы «Айрықша еңбегі үшін» және жылдың қорытындысымен «Кәсіби еңбегі үшін», «Байқоңыр қаласына 60 жыл» төсбелгі, медальдерімен мадақталған.
Жалпы Құлмырзаевтар отбасы өз өнеге-үлгісімен өңірімізге танымал отбасы. Ерланның әкесі Серік ағамыздың өзінен бастап, одан тараған ұрпақтар бүгінгі таңда өнерлерімен елге белгілі. Салауаттылық өмір салтын де берік ұстанады. Ағамыз гір тасын көтеруден ардагерлер арасында өткен Азия, Еуропа, Әлем біріншіліктерінің жеңімпазы. 2014 жылғы әлем чемпионатында рекорд жаңартып, «Гиннестер» кітабына енді. Сонымен бірге ол, Қазақстан «Халық емшілері» қауымдастығының бірнеше марапатын алған. Ерланның анасы Балкүл Жалғасбаева білім саласының ардагері. «Әжелер» ансамблінің белді мүшесі. Қазақстан Республикасының «Халық емшілері» қауымдастығының «Құрметті кәсіби емшісі» атағының иесі. Қауымдастықтың «Мейірім» медалімен марапатталған.
Ерланның өмірлік серігі, жан-жары Мереке Акимова Сырдария ауданы, Айдарлы ауылының тумасы. Жоғары білімді маман. М.Мәметова атындағы педагогикалық колледждің «Бастауыш сынып мұғалімі» және Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірген. 1998 жылы Қызылорда қаласындағы №7 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, 2008 жылдан аудан орталығындағы №1 санаториялық ясли-бақшасында психолог, қазіргі таңда әдіскер болып табысты еңбек етуде.
Ауызбірлікті отбасында 5 бала өсіп-өркенін жайып келеді.
-Ерлан өзінің білікті басшы екенін қызмет бабында көрсетіп жүрген азамат. Ол басшылық жасап келе жатқан осы жылдар аралығында ауданымыздың мәдениет саласы көптеген жетістіктерге қол жеткізді. 2014 жыл қорытындысымен, Қармақшы аудандық мәдениет үйі бас жүлдеге ие болып, облыс әкімінің 2000000 теңгелік сертификатына ие болды. Ән, би, театр үйірме жұмыстары бойынша облыстық сайыстардың алдынан көрінуде. Ол қызметте білікті басшы, отбасында қамқор әке. Оның отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында да биіктен жарқырай көріне білді. Жерлестерінің ыстық ықыласына бөленді. Біз Құлмырзаевтар жанұясына алдағы уақытта да тек қана толағай табыстар тілейміз,-дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Серік Айдаров әріптес жайында.
Өнер қонған әулеттен тарап, өздері де өнерлі ұрпақ тәрбиелеп отырған Ерлан мен Мерекеге біз де игі жақсылықтар тілейміз. Алар асу мен бағындырар белестер әркез көп болғай. Ұлтын ұлықтайтын ұлдарымыз бен қызғалдақтай құлпырған қыздарымыздың жұлдызы жоғарыдан жарқырай берсін. Отбасылық ұлттық құндылықтарымызды қастерлей, бағалай білетін әулеттеріміздің ғұмыры ұзақ болсын!
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ.