» » » Сөз өнері – өмір өрнегі

Сөз өнері – өмір өрнегі

qarmaqshy-tany.kz Сыр сүлейлерінің танымал ізбасары, ақындық пен жыраулықтың кәнігі шебері Мұхамбетқали Шыңғысов Қармақшының қадірменді ұлы. Ол «кісі болу – дегеніміз күрескер болу» деп түсінген адам, нағыз толысқан талант иесі. Сейсенбі күні ауданның 95 жылдығы аясында Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде саналы ғұмырын өнер мен әдебиетке арнаған ұлағатты ұстаз Мұхамбетқали Айдынәліұлының 95 жылдығына орай «Жүректегі жазулар» атты монолог оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті. Байқаудың алғы сөзі аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұловқа берілді.
– Ғұмырын туған халқының бақытына арнаған, қоғамға адал қызмет ете жүріп, өзінің бала күнінен жырға, әнге әуестігімен танылған, ақын, ұстаз Мұхамбетқали Шыңғысовтың 95 жылдығын тойлап отырмыз. Ұрпақ тәрбиесі, білім саласы, ерлік пен елдік, жақсылық пен жамандық жайлы толғаған азамат халық алдында перзенттік парызын толық орындап, өшпестей мұра қалдырды. Алдағы уақытта ұрпақтары ақын есімін ұлықтап, қалдырған ізін өшпестей етуде, – деген аудан әкімінің орынбасары қатысушыларға сәттілік тіледі.
Облыстық байқауға аймақ көлемінен 9 өнерпаз бақ сынады. Олар сайыстың алғашқы кезеңінде ақынның бір өлеңін жатқа айтып жарысса, екінші кезеңде өз таңдауы бойынша монолог оқып сынға түсті. Бір-бірінен оза шапқан мәдениет саласының қызметкерлері бар өнерлерін ортаға салды. Сайыс соңында әділ-қазылар төрағасы ауданның құрметті азаматы, ардагер Шегебай Құндақбаев замандасы жайлы тағылымды естеліктер айтты. Ал төрелік еткен облыстық Н.Бекежанов атындағы Қазақ академиялық музыкалық драма театрының әртістері Асқар Оразалиев пен Еркін Асановтар қатысушы өнерпазға артықшылықтары мен кемшіліктерін айтып, жекелей баға беріп өтті. Кәсіби маманның көңілге қонымды ескертпелері көптің көңілінен шықты.
Расында байқауда бағын сынағандардың дені әдебиетке, сөз өнеріне ғашық екенін дәлелдей білді. Өнерпаздар әр сөзді мағыналы етіп, жүрек көзінен өткізіп, көрерменге шебер жеткізе білуімен ерекшеленді. Байқау нәтижесінде ІІІ орынды шиелілік Думан Сәбитов қанжығасына байласа, ІІ орынды жалағаштық Әділ Ерғали иеленді. Ал І орын жаңақорғандық Марғұлан Қалилаға бұйырды. Қ.Шыңғысов атындағы арнайы жүлдемен қазалылық Арнұр Әлжан марапатталса, бас жүлдеге қармақшылық Мадияр Махамбетұлы лайық деп танылды. Байқауға қатысқан өнерпаздарға арнайы диплом мен естелік сый табыс етілді.
Байқау соңында ақын ұрпақтары әке өлеңін оқып, ыстық естеліктерімен бөлісті. Әке жолын жалғаған ақынжанды қыздары арнау өлеңдерін де оқыды. Сондай-ақ, ақын мұрасын ұлықтауға арналған іс-шараны ұйымдастырушыларға, алыстан ат артып келіп жатқан өнерпаздарға алғаусыз алғыстарын жеткізді. Осындай өнегелі ұрпағы барда ұстаздығымен қатар, ұлы өнерді өрнектеген тұлғаның есімі ел есінен өшпек емес.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
02 қазан 2023 ж. 398 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 321

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 416

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930