» » » Жыр жырлаймын жүрегіммен...

Жыр жырлаймын жүрегіммен...

qarmaqshy-tany.kz Қармақшы ауданының құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз, ақын, сазгер әрі жазушы, сатира жанрында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Мұхамбетқали Шыңғысовтың туғанына биыл 95 жыл толып отыр. Осыған орай, аудандық Жыраулар үйінде "Жыр жазамын жүрегіммен..." атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды. Ісшара аудан әкімінің қолдауымен, Жыраулар үйінің ұйытқы болуымен өтті.
Аймақтың үлкен-кішісі «Біздің Қалекең» деп есімін құрметпен атап кеткен ағамыздың шоқтығы биік өлеңдері, сатира жанрындағы жазба, сықақтары әлі күнге елдің аузында жатталып айтылып жүр. Ақын жырларының өміршеңдігі де осыда жатқан болар, бәлки. Іс-шарада құрметті азаматтың өміржолы мен шығармашылығына тоқтаған аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Дәурен Ержанов құттықтау сөз сөйлеп, жас ақындарға ақ жол тіледі.
– Бүгін аудан жұртшылығы ұстаз, ақын, үлкен жүректі азамат Қали Шыңғысов атындағы облыстық, аймақтық байқауларының куәсі болуда. Мұхамбетқали Айдынәліұлының кітаптары қазірге дейін оқырмандар тарапынан сұранысқа ие десек, қателеспейміз және ол аудан кітапханаларына орналастырылған. Алдағы уақытта да ақын, жазушының шығармашылығы жас ұрпаққа кеңінен насихаттала береді. Жыр додасына қатысушыларға сәттілік болсын, – деді ол жылы лебізін білдіріп.

Жақсы адаммен бір қоғамда өмір сүру қандай ғанибет. Себебі, жақсының жақыныңнан еш айырмашылығы болмайды. Оның бойынан тек қана жақсылық төгіліп тұрады. Мүшәйрада сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мерековтің Қалекең жайындағы ізгі пейілі осыған келіп саяды.
– Таңертеңнен бастап Қалекеңнің күні болып жатыр. Түске дейін мәдениет үйінде үлкен іс-шара өтті. Өлеңдері оқылды. Қали ағамыз артына біраз дүние қалдырған, дүние болғанда да рухани азықты мирас еткен азамат. 14 кітабы жарық көрген. Ол белгілі ақын, ұстаз, қайталанбас тұлға. Себебі, бүкіл саналы ғұмырын қоғамға пайдалы іске арнаған зерттеуші. Мен сіздерге өзім куә болған нәрсені айтайын. Ертеректе Қармақшы әулиенің бейітін іздеуге бірқатар азамат келді. Сол кезде Қалекең бейіттің орнын көрсетіп берді. Қатысқан адамдардың ішінде мен де болғанмын. Сондықтан ағамыздың ізденушілік жұмысы өте жоғары бағаланады. Шымшыма өлеңдерді көп жазды. Мектепте қабырға газетінде шашы өсіп кеткен, сабақтан екі алатын оқушы ұлдарды екі ауыз сөзбен сынап жазатын. Сосын бір айта беретін әңгімесі «нан», «ана», «қазақ» деген сөзді қай жағынан оқысаң да бір мағына береді деп ұрпақ жадына патриоттық тәрбиенің дәнін егетін. Әдемі қалжың, әзілімен де көпті күлкіге көнелтетін. Соның бірі – «Біз еркекпіз ғой. Еркекті теріс жағынан оқысаң, кекре болады. Ол шөпті ештеңе жемейді» деп күлдіретін. Сонымен бірге «Мен әлі күнге үйімді өзгерткен жоқпын. Әйелімді өзгерткен жоқпын. Мұғалімдігімді өзгерткен жоқпын. Кейбіреулер бір күні анда жұмыс істейді, кейбірі мында жұмыс істейді. Кейбіреулердің аты шығып жатады. Ондайдан ада болдым» деп рәуішті әзілге де жол беретін. Дастарқанда отырғанда да отырыстың гүлі еді. Біз ол кісіден білім алдық. Ұстаз деген ұлағатты есімге лайық адам болды. Ағамыздың жатқан жері жайлы болсын. Артында қалған ұрпағына Қалекеңнің жақсы қасиеттерін берсін, дегім келеді, – деді ол өткенді еске түсіре.
Одан бөлек, іс-шарада ақынның ұрпағы Бейбіткүл, Шаттық Шыңғысовалар сөз сөйлеп, жыр бәйгесін ұйымдастырушыларға әулет атынан алғыстарын жеткізді.
Сонымен жазба ақындар мүшәйрасының қорытындысында төретамдық Мөлдір Тәңірбергенова «Анық қой тұлпарлығың халқың үшін» өлеңімен І орынды жеңіп алса, қызылордалық Тұрар Бекмырзаев «Жыр – дұға» жырымен ІІ орынды қанжығалады. Ал шиелілік Бекжан Ержігіт «Қармақшының қыраны» атты жыр шумақтарымен доданың жүлделі ІІІ орнын иеленді. Жүлдегерлер мен басқа қатысушылар, қармақшылық Ұлықбек Мінуаров, Ердәулет Орынбасаров және қызылордалық Ақерке Балмановалар диплом, алғыс хатпен марапатталып, ақын ұрпақтары әзірлеген ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
30 қыркүйек 2023 ж. 337 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 326

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 418

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930