» » » Ғасыр – ғұмыр, жыр – ғұмыр

Ғасыр – ғұмыр, жыр – ғұмыр


Қасиет ғұрпы өн бойынан үзілмеген Сыр елі өнердің өрен жүйріктері жүйіткіген, сүлейлері мен абыздары дүркіреген тума таланттардың рухани құт мекені. Осындай ғажайып өлкенің бір туар перзенті, Сыр сүлейлерінің мұрагері, ақын Гүлбарам Бақтиярованың туғанына биыл 100 жыл.
Қара сөзден өрнек құрап, дүлдүл атанған ақын анаға арнап аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің Көшеней Рүстембеков атындағы аудандық жыраулар үйінің ұйымдастыруымен «Қара өлеңнің дүлдүлі – Гүлбарам ақын» атты облыстық жыр мүшәйрасы өтті.
Басты мақсат – ақын Гүлбарам Бақтиярованың 100 жылдық мерейтойына және Қармақшы ауданының 95 жылдығына орай «Қорқыттың елі – Қармақшы өлкесіне» арнау жырлардың көпшілікке жолдануы.
Мүшәйра ақын өмірбаянына арналған бейнесюжетпен басталды. Ақының өмір жолына көз жүгіртсек, Гүлбарам Бақтиярова 1923 жылы ауданға қарасты Октябрь кеңшарында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. 1940 жылы Қызылорда қаласындағы 3 айлық сауда курсын бітіріп, біраз жыл сауда саласында жұмыс істей жүріп, аудан, облыс көлеміндегі мәдени іс-шараларға үлкен үлес қосқан. 1941-1945 жылдары тылда еңбек етіп, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Сондай-ақ ол жазба ақын ғана емес, суырыпсалмалық өнерімен де танымал. КСРО-ның 60 жылдығына арналған облыстық іс-шарада айтысқа қатысып, көптің ықыласына бөленген. Өлеңдері аудандық, облыстық мерзімді басылымдарға жарияланып отырған. Көзкөргендердің айтуынша, 1986 жылы 63 жасында дүниеден озған.
Жыр додасына Қызылорда қаласынан, Арал, Шиелі, Сырдария, Қармақшы аудандарынан талаптың тұлпарын мінген жүйріктер қатыстырылды. Ақындар мүшәйрасының алғашқы құттықтау сөзі аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақовқа берілді.
– Жалпы кешегісіз ертең жоқ, тарихын білмеген елдің болашағы жоқ деп жатамыз. Сондықтан да оны ұмытпауымыз керек. Тарихты жасайтын тұлғалар екендігін де есте ұстағанымыз абзал. Гүлбарам апамыз қиын кезеңде, өзгеріс дәуірінде ғұмыр кешкен жан. Күн-түн демей елге қызмет етіп жүрсе де, қолынан қаламын тастамай, көрген-білгенін өлеңмен өріп жүргені бір ғанибет емес пе? Біз бейнетпен күн кешіп, адал өмір сүрген жандарды мақтанышпен еске алып, тарихқа құрметпен қарауымыз керек. Осындай жыр додалары әрі қарай да жалғасын таба берсін, – деді аудандық мәслихат төрағасы Әділ Үсенұлы.
Одан соң сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков пен қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсеновтер ақын ана туралы жарқын естеліктерімен бөлісіп, бағы мен бабын сынға салуға келген ақындарға сәттілік тіледі.
Жыраулық пен ақындық өнерді қанына сіңірген, халқымыздың өнер құдіретінің шоғырланып орын тепкен орта «Сыр елі – жыр елі» атанған киелі өлкеде жыр аламанына қатысқан ақындардың бәрі дара шапты. Бірі-бірінен аспаса, кемі жоқ. Мүшәйраны тамашалаған көрермендер де ақындарға дем беріп, олардың келісті ұйқастарына қошемет білдіріп отырды.
Өлең сайысына бағасын берер қазылар алқасына да шешім шығару оңайға түспеді. Мұны қазылар алқасының төрағасы, ақын Дастан Нәзікбаев былайша жеткізді.
– Бүгінгі ақындардың барлығы дерлік бас жүлдеге лайық. Мықты ақындардың өзін даралап, саралап көрсету бізге қиындық туғызды. Мұқағали ақын «Мұқаңдар жоқ, Мұқаңдардың сарқыты, Мұқағали Мақатаев бар мұнда» деп жырлайды емес пе? Сол секілді өлеңнің сарқытын ішіп келе жатқан, жыр арқылы өзімді қалыптастырамын деген ақындарға сәттілік тілеймін. Сөз деген – кие. Адамның басқа жаратылыстан артықшылығы, қасиеті, табиғатты ерекшелігінің бірі – сөйлеуі. Сөзді түсіне білуі, оның құдіретін түсіне білуі. Адамның басқа тіршілік иелерінен таудай болып биік тұрғаны да сөз түсіне білгенінің арқасы. Сөздің құдіретін түсінсек, қазақ өлмейді, – деген қазылар алқасының төрағасы, әрі қарайғы сөзін ақын ана туралы тізбектеді.
Кіл мықтылар бақ сынаған облыстық жыр додасында  Бас жүлдені қармақшылық  Ердәулет Орынбасаров жеңіп алса, І орынды қызылордалық Әли Асқар иеленді. Ал ІІ орынды шиелілік Ержігіт Бекжан қанжығасына байласа, ІІІ орын аралдық Алтынбек Қыстаубаев пен қызылордалық Гүлзада Есмахановаға бұйырды. Барлық қатысушыға аудан әкімінің алғыс хаттары табысталды.
Жыр мүшәйрасына Гүлбарам ақынның ұрпағы, Қорқыт ата музейінің басшысы Нұрлан Бақтияров арнайы қатысып, барлық қатысушы ақындарға ұрпақтары атынан сый-сияпат жасап, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Сондай-ақ, ол әжесінің өлеңдерін жинақтап, баспаға жеке кітап етіп шығару жұмыстары қолға алынғанын сүйіншіледі.
Иә, ғұмыры қысқа болған ақын анамыздың ғасыр жасын тойлаған ұрпақтары мен іздеушілері барда өнер де, өлең де ұмытылмайды. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген де осы болар.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
25 маусым 2023 ж. 493 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031