» » » Аудандық жас ақындар айтысы

Аудандық жас ақындар айтысы

"Сөз бастау қиын ба, қол бастау қиын ба?" деген қазақ тәмсілі бекерге айтылмаған. Қалың қолың болса, қол бастау қиын емес. Мәнерін кетірсең, астарын жоғалтсаң қып-қызыл ұятқа қалдыратын топ ішінде сөз бастау қиын, әрине! Шешендік, көсем сөз өнерін ежелден меңгерген иісі қазақ сөздің құнары мен шырайына аса жауаптылық танытып, сөз мәйегін "майдан қыл суырғандай" деп астарлаған ғой.
Сол секілді, сөздің қадірін, қасиетін білуде – айтыстың орны дара. Елімізге белгілі айтыскер ақын "Сырдың серке Серігі" деген атқа ие болған Серік Ыдырысов ағамыздан кейін Қармақшы өңірінде суырыпсалма ақындардың толқыны тоқайрап қалды деген де пікір туған еді. Дегенмен, "өнер иесіз, жер киесіз болмайды" демекші, сәрсенбі күнгі К.Рүстембеков атындағы аудандық жыраулар үйінде онлайн режимде өткен Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру", "Ұлы даланың жеті қыры" атты бағдарлы мақалалары және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен 8 Наурыз – халықаралық әйелдер күні мерекесі аясында "Аналар – асыл жандар, ардақтылар" тақырыбындағы аудандық жас ақындар айтысынан соң ойымыз басқа арнаға бұрылғандай болды. Жұмыс істей бастағанына жарты жыл ғана болған "Тұрмағамбет ақын" жас ақындар үйірмесіндегі өрімдей ұл-қыздардың аяқалысына қарап кеудемізге жаңа бір үміт оты жанғандай күй кештік.
Айтыстың шымылдығын аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Ержанов үкілі домбырасын алқалаған жасөрімдерге сәттілік тілеп, ашып бергеннен кейін жас ақындардың 4 жұбы сахнаға шығып, жүрегін кернеген қуатты да көркем ойдың шуағын сөзбен сабақтады.
Ақындардың алғашқы жұбы байқоңырлық Даниял Ескергенов пен жосалылық Нұриддин Мейрамбекұлының арасында жүрді.
"Тыңдасам менің енді айтар жайды,
Тұлпарым қалай ғана тайпалмайды.
Нұриддиндей қарсылас қалың қалай,
Дәл бүгін жырың неге жайқалмайды?" деп шымшыма шумақпен сөз бастаған Даниялға Нұриддин де:
"Ассалаумағалейкум арда ағайын,
Сахнаға сайланып мен еніп кірдім.
Қолдауыңнан күш алам, көрерменім,
Көңілімді айтысқа бөліп келдім.
Ең кішісі болсам да ақындардың,
Үлкен ойлар айтсам деп келіп тұрмын..." деп ұтымды жауабын бере қойды.
Жас ақындардың келесі сөз бәсекесін №250 мектеп-лицей оқушысы Ердәулет Орынбасаров пен №183 мектеп оқушысы Қаламқас Жаулыбаева жалғады.
"...Суға түскен сәуледей жарқылдалық,
Таңға дейін жырлауға тартынбалық.
Қасыма Қаламқастай сұлу кепті,
Қаламқас көріп тұрмын қалпыңды анық.
Сені көріп шабытым шауып кетті,
Шапалақ ұрмайды екен халқым нағып.
Мен не деген бақытты адам едім,
Аптықпалық, ендеше алқынбалық.
Алтын құрсақ аналардың айтысында,
Қармағыма ілінді алтын балық..." деп аталы сөздің қисынын келтірген Ердәулет бұл бәсекеде оңай олжа емес екенін танытты.
Айтысқа кездейсоқ жан келсін бе?! Қарсыласының достық рәуіштегі әзіліне Қаламқас нәзік те көркем үнмен былайша тіл қатты.
"...Ердәулет желмаядай желетінсің,
Айтысқа арқаланып келетінсің.
Алтын балық түсті деп қармағыңа,
Өзіңше өлеңіңді өретінсің.
Ал енді мені де ақын деп жатырсың,
Қаламқас бұл сөзіңе неге өкінсін.
Алтын қыздың қасында сәнді бұзып,
Тот басқан темір құсап сен отырсың" деп жарасымды жауап берген ақын қыздың өлең шумақтары өнерсүйер қауымды бір серпілтіп тастады.
Жалпы жыр додасында қай ақын болмасын аналар тақырыбын тіліне дәйек етті. Ананың мейірімі, кең пейілі, перзенті үшін қылатын жанқиярлығы айтыстың жүгін көтеріп тұрды. Ана болмысына бас иді. Оған қоса Тәуелсіздік, рухани құндылық, 22 Наурыз мерекесі де жыр шумақтарында шиырланып жатты.
Айтыс барысында оза шапқан жүйріктердің тағы бір жұбы көңілімізді аудартты. Ол тұрмағамбеттік Бекқанат Смайылұлы мен дүроңғарлық Санжар Қайыржанұлының арасындағы өнер жарысы еді.
Желдей жүйіткіген қос өрен де айтыстың әдібімен әдемі ой тарқата білді. Мұнан соң жосалылық Қайсар Карабдинов пен Айым Хамитованың да ақындық өнерінің қыр-сырына қанықтық.
"Жаңылмайтын жақ, жығылмайтын тұяқ болмайды" демекші, айтыс барысында сөзден тосылған да кездесті. Бұл – заңдылық та секілді. Себебі, кейбір жас ақындар осыған дейін бірқатар айтысқа қатысып әжептәуір төселіп қалса, енді кейбірі айтыстың киелі сахнасына алғаш шығуы. Не десек те, өнер көрігінде көркі қызған таланттарымыздың осы сайыста ащы терінің бір алынғаны – үлкен жетістікке балаймыз!
Сонымен мәресіне жеткен өнер додасында қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Бекқанат Смайылұлының қанжығасына байланса, І орын Қайсар Карабдиновке, ІІ орын Қаламқас Жаулыбаеваға бұйырды. Ал ІІІ орынды Ердәулет Орынбасаров олжалады. Жүлдегерлер мен басқа да қатысушылар аудандық Жыраулар үйінің дипломы және "Достық жер МК" ЖШС демеушілігімен сыйлықтар тапсырылды.
Айтысты айтулы өнер ордасының директоры Амандық Қуандықұлы қорытындылап, алғысын айтты.
– Қасиетті өңірде біздің ақындық, жыраулық өнер сонау ерте заманнан қалыптасып, қазірге дейін жалғасын тауып келеді. Дегенмен осы онжылдықтың көлемінде ақындық өнер кенжелеп қалған болатын. Соған байланысты аудан әкімінің қолдауымен К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінен арнайы "Тұрмағамбет ақын" есімін иеленген суырыпсалма ақындар үйірмесі ашылып, жұмыс істеп жатыр. Жыраулар үйі кент орталығында орналасқанмен кенттің аумағымен шектеліп қалып жатқанымыз жоқ. Ауылдарды аралап, таланты бар-ау деген балаларды қатарға қосудамыз. Жалпы жырау мен ақынның еншісі бөлінбеген өнер иелері. Сол себепті Жыраулар үйінде жыршыларды тәрбиелеп қана қоймай, бойында сөз саптауға деген ұшқыны бар шәкірттерімізді де республикалық, халықаралық дәрежеге дейін алып шығу – мақсатымыз. Қазір нәтиже жаман емес. Жасөскіндердің сабақ алып жатқанына көп уақыт өте қоймаса да аймақ деңгейіндегі айтыстарға қатысып, жүлделі орындарды олжалап жүр. Бүгінгі өткен сөз бәйгесінде көңіліміз бірленіп қалды. Үйірмеге республикаға танымал айтыскер ақын Сырым Әділбеков жетекшілік етеді. Ұстаз ретінде кәсіби деңгейде шеберлігін шәкірттеріне үйретуде. Алдағы кезде де жас ақындардың айтысын ұйымдастыратын боламыз, – деді ол өз сөзінде.
Айта кеткен жөн, қазір үйірмеде18 шәкірт ұлттық өнерге бет бұрған.
- Талантты балаларды білі ұясындағы қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдерімен кеңесіп және елді мекендерді аралай жүріп талабы бар оқушыларды таңдап алудамыз. Үйірме жұмыс бастағалы бұл аудандық көлемде бірінші өтіп отырған жас ақындар айтысы, – дейді Сырым Әділбеков.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
06 наурыз 2021 ж. 1 165 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 054

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031