» » » Өнерден жақұт терген жанұя

Өнерден жақұт терген жанұя

Қазан – қазынасымен келді. Күздің екінші айына аяқ басқаннан мерекеге толы күн болғалы тұр. Қазанда ерекше ілтипат пен құрметке қариялар мен ұстаздар қауымы ие болды. Олармен бірге музыка саласында қызмет жасап, бар өмірін ән шашумен өрнектеп жүрген музыка майталмандарының кәсіби мерекесі. Өнер – ешқашан, еш жерде өшкен емес. Тіпті соғыс жылдарында зеңбірек оқ жаудырып жатқанда да радиодан әндер шырқалып тұрған. Бұлбұл әнші апамыз Роза Бағланова да қарша бораған оқтың астында тұрып ән салғаны бүгінде тарихта. Музыка бұл – мәдениет, әдемілік, сахна, тарих, ұрпақтан-ұрпаққа мұра, рухани-мәдени жаңғыру. Музыканың жанры өте көп. Әр жанрды өзінше бір әсемдікпен жеткізетін музыка мамандары да жетерлік. Олар өздерінің кәсіптеріне өлшеусіз үлес қосып, бүгінде сахнаның кәсіби шеберлері бола білді.
Халықаралық Музыка күнінде әлем бойынша шығармашылық көрмелер көрсетіліп, аспаптардың сан-алуан дыбысы жер-жаһанға естілді. Осындай мәдениет мерекесінде өнерді ұлықтап жүрген адамдармен кездесудің сәті түсті. Әуенді әулетке айналған, әрбірі әр аспапта ойнайтын музыка мектебі іспеттес отбасымен таныстық. Олар Байқоңыр қаласының тұрғындары – Ержановтар отбасы.
Мәнді музыка секілді өмірлері мағыналы, тәрбиелі, бір-біріне жайлы болған шаңыраққа аспаптың дауысы әбден сіңген екен. Үйдің бас көтерер азаматы – Кенжебек Ержанов 23 жыл бойы Байқоңырдағы офицерлер үйінде жұмыс істеп, Мәскеу мен Байқоңыр арасына жол салған, екі елдің мәдениетін бір-біріне жалғап жүрген өнерпаз. 2004 жылы Ресейдегі Қазақстан жылында әскери оркестрде ойнап, лауреат атағын алған. 2014 жылдан бастап Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіне ауысады. Білім берумен қатар облыстық Тұрмағамбет атындағы филармонияда қосымша еңбек етеді. 30 жылдан астам өмірін тромбон аспабымен байланыстырды. Шәкірттері ізін жалғап, талай қалалық шығармашылық кештердің шырайын кіргізіп, халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы атанған. Соның ішінде топ жарып, байқау десе ішкен асын жерге қойып бар ынтасымен қатысуға құмартып тұратын шәкірті – Тұрғанбай Нұржанды мақтан ететінін білдірді. Алмас Айдос, Дәуіт Фархат есімді қос жігіттің білім алумен қатар тәжірибе де жинақтап, студенттер арасында жеке ансамбльде ойнайтындары тағы бар. Мұның барлығы – ұстаздың берген бағытында. Сыр өңірінің әр аймағынан өнер деп соққан жас жүректі балалардың жауапкершілігі өз алдына. Білім алуға келген балаға ата-ананың рөлінде болу – куратордың парызы. Міндетін тастай түйіндеп атқарған ұстазды Білім басқармасы «Үздік куратор» алғыс хатымен марапаттады. Кейінгіге ұстаз болып жүрген Кенжебек Қалдыбекұлы Сыр еліне танымал болған марқұм Абдулла Мырзабеков ағамыздың шәкірті. Қазірде оның отбасымен ара-жігі ажырамай сыйласатын жандарына айналды. Жыл сайын дәстүрлі А.Мырзабековті еске алу кешінде сахнаға шығып, ұстаздың ізін жалғап жүрген әнсүйер азамат. «Ұстазым өнерді жанымен сүйді. Адамгершілігі мол, ешкімге артық сөзі жоқ адам болатын. Ол маған таңдаған мамандығымды шексіз сүюді үйретті. Қызмет ауыстырсаң да, басқа кәсіппен айналыссаң да аспабың өмірлік серігің болуы керек. Оны ештеңемен айырбастама деп ақылын айтатын. Тек шәкірттеріне ғана ұстаз емес, үйіндегі алтындай қыздарының бір-бір аспапты меңгеруіне үлес қосты. Бас қоса қалсақ, міндетті түрде аспабымызды қоса арқалап жүреміз. Тіпті жұмыстан тыс уақытта да бір елі қасымыздан қалған емес. Бұл өнерге деген ерекше ықылас. Жалпы қазағымызға тән аспаптардың ішінде үрмелі аспаптың орны бөлек. Әрқашан сұранысқа ие. Саксафон, тромбон аспаптары – бұл классика. Ал классиканы жүрекпен орындап жеткізу керек, ол нәзіктікті жақсы көреді. Музыканы жүрекпен орындаса ғана, тыңдаушы жылы қабылдайды деп айтатын ағамыз», – дейді кейіпкеріміз.
Өнерді сүюге үйреткен ұстаз туралы айтатын ой терең. Осы алған әсермен А.Мырзабековтің қыздарымен сөйлесуді жөн көрдік.
– Біздіңде осы жолды таңдауымызға бірден-бір себепкер әкеміз. Және оған өзіміздің де салаға деген ынтамыздың болғаны, – дейді әпкелі-сіңлілі музыканттар. Сол секілді әкесінің жолымен жүріп келе жатқан перзент – Мақсат Ержанов есімді өнер иесін қалайша атап өтпеске?! К.Ержановтың ұлы Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияда білім алып, гавой аспабының тұтқасын ұстаған. Бүгінде облыстық филармонияда еңбек етуде. Осы жанұяның қызы Зарина фортепианода ойнаса, ағамыздың жары – Ақмарал Бекзадақызы қаладағы музыкалық училищенің «Домбыра-баян» класын бітіріп, балабақшада музыка жетекшісі болып, жұмыс істеуде.
«Жақсы көрген іспен шұғылдану – адам өмірін ұзартады» деген тәмсіл халық даналығында ертеден айтылады. Арада қанша жылдар өтсе де өнермен бір жасап келеді. Отбасы мүшелері бас қоса қалғанда да талқылайтын тақырып бір. Ол – өміршең өнердің болашағы.
Гүлжан САРТАЙҚЫЗЫ
Байқоңыр қаласы
06 қазан 2020 ж. 708 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031