Танымал композитор Кеңес Дүйсекеев өмірден озды
Қазақтың танымал композиторы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеев өмірден өтті, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.
Қаралы хабарды ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Facebook парақшасында жариялады.
«Белгілі өнер саңлағы, әйгілі композитор Кеңес Дүйсекеевтің қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып көңіл айтамыз. Қазақ музыка өнерінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген атақты композитордың шығармалары, әндері мен әуендері туған халқының жадында, жұртының жүрегінде мәңгі сақталатыны ақиқат. Композитор Кеңес Дүйсекеев «Гүлдер» ансамблінің бас дирижері және музыка жетекшісі, «Қазақконцерт» бірлестігінің музыка жетекшісі, Қазақ теледидары музыка редакциясының бас редакторы сияқты жауапты басшылық қызметтерді атқара жүріп, артында мол шығармашылық мұра қалдырды. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Пейіште нұры шалқысын», - деп жазды Аида Балаева.
Кеңес Дүйсекеұлы Дүйсекеев 1946 жылы 10 ақпанда Қызылорда облысында дүниеге келген. Алматы консерваториясын бітірген (1974 ж.). Ол – “Толғау” симфониясының (1984), “Жалаңтөс батыр” симфония поэма-картинасының (1996), “О, дүние” кантатасының (1997), “Жыл мезгілдері” романстар циклінің (1991), “Мәди”, “Аққу Жібек” мюзиклінің, “Алдар көсе” опереттасының, симфония-концерттер, аспаптарға арналған концерттер, камералық оркестрге шығармалар, соната, рапсодия, вариациялар және 200-ден астам әндердің авторы.