Танылмаған талант немесе гитараның тәтті үні
«Күнделікті әдетіммен таксиге отырдым» деп бастады ағам әңгімесін. – Көлікте ойнаған әуен мен ерекше дауыс назарымды аудартпай қоймады. Бір қарағанда ешқандай жасандылық жоқ, қарапайым ғана. Гитарамен қоса әндеткен қоңыр үнді, жылы дауыс. Алайда тағы айта түссе екен деп елітіп барамын. Жүргізушіден бұл дауыстың иесі кім екенін сұрағанымда, тіпті таң қалдым. Өзінің гитарамен орындаған әндерін таспаға түсіріп, жазып алыпты. Сендер мұндай жаңалықты жібермейтін едіңдер ғой, іздеп көрсеңші. Ал дауысы керемет, – деді әлі де тамсана.
Иә, жалт еткен жақсы жаңалықты жариялауға асығатынымыз рас. Мұндай дерек кездесе бермейді ғой деп, дереу іздеуге кірістік. «Іздеген жетер – мұратқа» демекші, кейіпкерімізді таптық. Кездесіп, әсем әні мен мәнді әңгімесін тыңдауға асықтық.
Бойға біткен талантты қанша жасырғанмен жарыққа шығары анық қой. Себебі талант – табиғаттың, Алланың берген сыйы. Қазақтың кең, әрі көрікті жерді мекендегенінен болар дарынды, талантты адамдар көп болған. Қоғамның әр саласында да өз мамандығынан бөлек, ерекше қырымен танылатындар да кездеседі. Солардың бірі – кент тұрғыны Тоқшылық Өрікбаев. Өмірі көлік жүргізумен өрілсе де, бойдағы өнерін тастамай дамытып отырған. Нақтырақ тоқталсақ.
1951 жылы қазіргі Иіркөл ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген Тоқшылық ағай жастайынан домбыраға әуес болған. Әкесі палуан, әрі жылқы баптаған кісі болса, анасының қисса-дастандарды жатқа айтатын дарыны болған. Әсіресе, Шораяқтың Омары туралы білетіні көп екен. Домбыраға, жалпы өнерге қызығушылығы нағашы жағынан дарыса керек. Мектеп қабырғасында оркестр құрамында болып та, жеке күй тартып та аудандық, облыстық іс-шараларға белсене қатысқан. 14-15 жасынан бастап гитара аспабына қызығушылығы оянған. Оны көрші тұратын кәріс ұлтының өкілдерінен үйреніпті.
– Ол кезде қазіргідей алты аккордты баптау деген жоқ, барлығы жеті аккордты болатын. Қатты қызыққаннан болар үйрену қиын болмады. Сол кезден бастап гитараны өзіме серік еттім. Қайда жүрсем де гитарамды жанымнан тастамаймын. Әліге дейін төсегімнің басында тұрады, – дейді кейіпкеріміз.
Мұнан өнерін сүйетін жанның аспапқа деген құрметін аңғардық. Бүгінде жеті аккордты бапталған түрін арнайы осы саланың маманынан бөлек, тартушылар өте аз. Кейіпкеріміздің ерекшелігі де осы.
– Мектепте оқып жүргенде гитарамен қатар, көлік жүргізуді армандағанмын. Үлкен ағам шопыр болып жұмыс істеуші еді. Оған қатты қызығып, мен де шопыр болғым келді. Техникаға әуестігім де осы кезден басталды. Мектепте сынып жетекшім көп күй үйретіп, өнерге баулыса, Гүлбаршын есімді ұстазым «басқалар вагон тасыса да күн көреді, ал сенің бойың кішкентай, саған білім алу керек» деп жақсы оқуыма себепші болған. Алайда, көңілім техникаға қарай ауа берді, – дейді өнерлі жан.
Ол өмір ағысымен мектеп бітіреді. Анасы білім алсын деген ниетпен оқуға түсуге қалаға бара жатқан құдаша қызға ертіп жіберіпті. Жақсы оқығанынан болса керек, қажетті емтихандардан өтіп, филология бөліміне оқуға қабылданған. Көңілі көлік тізгіндеуді қалаған жас, ол уақытта білім алуды қош көрмепті. Таныстарынан «құлап қалдым, ауылға қайтатын болдым» дегенді естігенде, бұлай да болады екен деп ерекше қуаныпты. Мұны ести сала, «ауылдағыларға емтиханнан құлап қалдым» демекші болып, құжатын алуға білім ордасына қарай аяңдайды. Оқуға түсіп тұрған жастың құжатын бергісі келмеген маман «Мұндай мүмкіндік бәріне беріліп тұрған жоқ. Қанша адамның қолы жетпей жүр. Кейін өкінетін боласың. Ата-анаңмен ақылдасып, ертең кел» депті. Ал аңсары ауылға ауған бозбала ертеңгі таңды әзер аттырып, құжаттарын алып, туған өлкесіне аттанған. Келе сала өзі қалаған көлік жүргізу мектебіне орналасуды ойлады. Алайда, бойының кішкентайлығы себепті оқуға алмаған. Кейіннен басшылыққа көлікке деген құмарлығын дәлелдеп, оқуға қабылданған. Алты айлық білім алғаннан кейін, шопыр болып жұмыс істеуге кіріскен. Кейіннен Қиыр Шығыста 2 жыл Отан алдындағы борышын өтеген. Онда да көлік тізгіндеп, гитарасын өзіне серік еткен. Әскерден кейін автобазда, ПМК-30 мекемесінде, Маңғыстауда жүк көліктерін жүргізіп, зейнеткерлікке шыққан. Өмір бойы көлік тізгіндеген ағамыз мамандығын сүйетінін де тілге тиек етті. Қандай көлік жүргізсе де, оның мұнтаздай таза болып, бұзылмай жүруін қатты қадағалаған. Осыған риза болған басшылық та қызметін көтеріп, марапаттарға ұсынып отырған.
Сырттай қарағанда қарапайым көлік жүргізушісі. Ал қызығушылықтан туындап, өміріне серік болған өнері туралы көпшілік біле де бермейді. Табиғат сыйлаған талантын ағайын-туыстың тойында, дос-жаранның ортасында бөлісетіні болмаса, сахна төріне шықпаған. «Үлкен сахнаны армандаған емеспін» дейді өзі. Себебі көңілінен шығатын жұмысы бар.
Т.Өрікбаев бүгінде 70-ке таяды. Құдай қосқан жары екеуі 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, 21 немере сүйіп отырған бақытты ата. Қанға сіңген өнері ұрпағына да берілген. Екі ұлы гитарада ойнаса, екі қызы домбыраға әуес. Ал кіші қызына шопырлығы дарыған. Ол мектепте оқитын кезінен-ақ көлік тізгіндеген. Әке жолын ұстанған қос ұлы бүгінде адал еңбекпен отбасыларын асырауда. Кейіпкеріміздің мұнан өзге қырлары да бар. Темірден түйін түйіп, ағаштан бесік, домбыра жасайды. Тұңғышына арнап жасаған бесігі әліге дейін сол күйі сақталыпты. Ешбір жері босап, қозғалмаған. Одан кейінгі балалары, тіпті немерелері де сол бесікте тербелген.
– Бір нәрсе жасар болсам бар жантәніммен беріліп, жоғары деңгейде сапалы етіп істеуге тырысамын. Балаларыма да кез келген нәрсені шала істемеу керектігін үйретудемін. Барлық нәрсеге де адал болсаң, жаман болмайсың. Шыншыл болсаң, қай жерде де басың тік. Өтірік өрге баспайды. Таза еңбекпен келген нәрседен артығы жоқ екенін айтудан жалыққан емеспін, – дейді ағамыз.
Өнерлі жанның ақындық қыры және бар. Өмірдің әрбір кезеңінде көзбен көріп, көңілге түйгенін қойын дәптеріне түртіп жүрген. Оны ешқайда жарияламаған. Жақында ғана кіші қызы Гүлшат жинақтап, компьютерге теріп қойыпты. Тыңдағанда көңілге ой салар біршама өлеңін оқып та берді. Берері бар, алар тәлімі мол туындылар. Ал өзі орындаған әндерін немересі Фатима қалтафонға басып, ата мұрасын сақтап жүрген көрінеді. Фатиманың өзі де өнерлі. Талай сайыстан жүлделі оралған белсенді оқушы.
Көп мақтаған жанның өнерін тамашаламаққа біз де қолқа салдық. Ерекше әуен әдемі әлемге жетелегендей. Күнделікті біз тыңдап жүргендей емес. Ал гитараның қоңыр сазына дауыс қосылғанда тіпті керемет. Табиғи дауыс. Өзгелердің тамсанып айтарындай-ақ бар екен. Ел ішінде осындай нағыз таланттар бар екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Әнін тыңдауға, өнерін жазбаққа барғанымызға қуанған оның көңілі босап қалды.
– Кішкене кезімде өнерге әуестігімнен болса керек. Әбдірасыл Жұбатқанов есімді жырау орындаған жырды таспаға түсіріп алатынмын. Таңда тұрғаннан магнитафонға қосып қоятынмын. Сондай бір күні сыртта жүрсем дарбазадан адамның екі аяғы көрініп тұр. Бірақ ішке кірмейді. Себебін білмекке есікті ашқанымда Әбдірасыл ағам көзіне жас алып, мелшиіп тұрып қапты. Баламын ғой. Түсінбесем керек. Жүгіріп анамды шақырдым. Сөйтсем, ол өз дауысын жазып алып, тыңдап жүргенімді көріп «менің де өнерімді бағалап, үлгі алар адам бар екен-ау» деп көңілі босаған екен ғой. Сол секілді мені де іздеп келгендеріңізге риза боп отырмын. Өркендерің өссін! – деп алғысын білдірді ол.
Иә, таланттылар арамызда көп. Бірі танылса, екіншісі елеусіз қалып жатыр. Біздің мақсат ел ішіндегі қарапайым жандардың да құнды қазынадай ғұмыры, үлгілі өмір сүру өрнегі бар екенін насихаттау. Тоқшылық ағайдың ендігі арманы туған жері Иіркөлден бастап, киелі Қорқыт, қасиетті Марал ишан кесенесінде өзі білетін тарихи деректермен бөлісіп, бейнеролик түсіру. Бұл арқылы ұрпағына туған жердің қасиетін ұғындыру. Адал еңбегі, ерекше өнері, ұлағатты өмірі бар жаннан алар өнегеміз мол. Бүгінде қазыналы қарттан тәлім алып, оның мұрасын сақтап қалуға ниет етіп жүрген ұрпақтарының өмірі жарқын боларына күмәніміз жоқ. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөздің мәні, бәлкім, осы болар?!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ