Әйел және қоғам
Ол жылулықты көрмеді. Қатігездікпен күресу жолында аянып қалмады. Ұлы жауыз қолына қамалып, мерт болды. Сонда да ана жүрек мойымады. Қабырғасы қайыспады. Басын тік көтеріп Орта Азияны жауламақшы болған Кир патшаның стратегиясына қарсы күресті. Жеңді. «Аңсағаның қан еді, енді іш соны» деп Парсы патшасының басын алды. Иә, бұл сақ патшайымы – Тұмар еді.
Көзін алартқан дұшпандар сақтың әйел жауынгерлерінен сескенген екен. Себебі батыр әйелдің рухы биік болған деседі. Тіпті өз тайпасын қорғау үшін бәріне де дайын болған. Тұмар патшайымның әскери стратегиясы тарихта ең мықты стратег болып таңбалануына мүмкіндік берді. Әрине, тамыры терең тарих сахнасында елім деп атқа қонған даңқты, батыр қыздар аз болмаған. Олар жаугершілік заманда қылышын сүйреп, қорамсақ толы жебе асынып, «аруақтап» жауды қашырып, қанды соғыста қаруын алып нысананы көздеген. Ерлермен тең дәрежеде ұрысқа қатысқан. Хан Абылайдың бас сардары Қобылан батырдың жары Гауһардың ерлігі мен тапқырлығын айтсаңшы. Қызы Назым да 16 жасында Түркістан түбінде көш бастап жоңғарға қарсы «Абылайлап» жауға шапты. Кенесарының қарындасы Бопай ерлермен бірге ел азаттығы үшін арыстандай айқасты емес пе? Шоқанның әжесі Айғаным да елді ақылымен басқарды. Алайда көшпенділер мәдениетінде ер мен әйелдің рөлі екіге бөлінді. Әйел үй шаруасымен, бала қараумен шектелді. Оның күйеу таңдауға да мүмкіндігі болмады. Қазақта «әмеңгерлік» деген бар. Осы желеумен ол марқұмның інісіне не ағасына қосылуына міндетті болған. Бірақ қазақ қоғамында өшпес із қалдырған Алаш қозғалысы мұның барлығына шектеу қойды. 1917 жыл. Орынборда Алаш Орданың конференциясы өтті. Мұнда әйелдің қоғамдағы рөлін саралап, шешім қабылдады. Барлығы бір тұжырымға келді. Яки ер мен әйелді теңестірді. Әйелдер өз серігін таңдауына ерікті болды. Тәуелсіздік алған соң әйел мәселесі жаңаша бағытта көтерілді. Арнайы Отбасы және әйелдер ісі жөніндегі комиссия құрылды. Алайда бұл нарықтық экономика көбін тығырыққа тіреді. Әсілінде әйелдер жүгі ауырлады. Бала-шаға мен үйдің тірлігі де – әйелдің мойнында. Оған қоса қызметі бар. «Әйел қырық шырақты» деп бекер айтылмаса керек. Оның барлығына үлгеру ер адамның қолынан келе бермейтіні жасырын емес. Десе де ол уақытта нәзікжандылардың жұмысқа тұруы қиынның қиыны болған. Әрбір алтыншы әйелге ғана жұмыс берілген екен. Ал қазір бәрі басқаша. Замана өзгерді, керуен көшті. Бүгінгі қызметкердің де, кәсіпкердің де дені – әйелдер.
Бір жылдары әйелдің мәшине айдауы жұртқа қызық еді. Бір-біріне жарыса айтып, тіпті қолын шошайтқандары да болды. Қазір жеңіл көлік тізгіндегендердің талайы да осы арулар. Бұл заманда екі жақты тең көргенімізбен санамызда әйелді әлі де бір саты төмендету басым. Неге? Бүгінде бала бағып, қазан құшақтаған ерлер көбейіп, жұмысбасты әйелдер пайда болды дейді. Оның орны үйде, бала бағып отыруы тиіс деген көзқарас бар. Онда неге әлгінде айтқан қазақ әйелдері ермен тең дәрежеде жаумен айқасты? Әйелдің парасаттылығын, айтқан мақсатына жетуі жолында еш мойымайтынын тарихтың өзі сайрап тұр. Рас қазақ әйелі де ерден биікпін демеген. Биікпін деп асқақтамайды да. «Құнанбай» көркем фильмін көрдіңіз бе? Онда хакім Абайдың әкесінің үстінен қазіргіше айтқанда арыз түседі. Жәй арыз емес. Бірнәрсенің байыбына бармайтын шолақбелсенділер мен шықбермес шығайбайлардың жаласы. Солай Құнанбай би жер аударылады. Осы сюжетте әйел адамның бейнесі сомдалады. Ақ жаулықты, егде жасқа келген әжей атқа мініп, Құнанбайдың ізінен еріп келеді. Жеткен соң «айыбың не?» деп мән-жайды сұрайды. Осыдан-ақ қазақ әйелінің мәртебесін саралай беріңіз.
Әйелдің сыры бітпейтін том-том кітап іспеттес. Оны қозғау әрі оңай болса, әрі қиын. Себебі ол табиғаттың тылсымын бағындырады. Яғни ұрпағы үшін 9 ай тар құрсағын кеңейтіп, 10 күнін толғақпен өткізеді. Бала туылғанда түн ұйқысын төрт бөледі. 7 жасқа дейін жерден таяқ жемесін деп ізін бағады. Өсіреді. Қатарынан кем қылмайды. Өмірінің соңына дейін бала үшін жанын шүберекке түйіп өтеді. Иә, әйел – Ана. Ал, оның қоғамдағы рөлін бағалай білсек артық болмас.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».