Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшірудің ұтымды тұстары
Ел егемендігінің ыдырамас тұтастығы, мызғымас бірлігі мемлекеттік тілдің толыққанды қоғамдық-әлеуметтік қызмет атқаруына байланысты екені сөзсіз. Қазақстан Республикасындағы ұлт тұтастығының аса маңызды тағандарының бірі – ұлттық тіл десек, тілдің даму деңгейі оның қазіргі қолданыстағы тілінен көрініс табады. Ұлтты біріктіріп, ата-бабамыздан жәдігер болып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан тіліміз – ұлттық болмысымыздың, менталитетіміздің, мәдениетіміздің, рухани байлығымыздың қайнар бастауы.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Қазақ тілін латын әрпіне көшіру - бұл ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам», - деген еді. Осы тұрғыда қарағанда, жазуымызды латын әріптеріне көшірудің мемлекеттік тілдің дамуы мен қолданыс аясын кеңейтуге қосар үлесі зор екені даусыз. Қазіргі таңда мемлекеттік тіліміз керегесін кеңге жайып, егеменді елімізбен қатар дамығандықтан, мемлекеттік тілге деген сұраныс та артып келеді. Сондықтан тіліміздің жазуының да заман талабына сай келуін күнделікті өмірдің өзі талап етіп отыр.
Тілдің болашағы - елдің болашағы. Қазіргі Қазақстанның әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігі оның мемлекеттік тілі мен жазуының да дамуымен тығыз байланысты. Осындай көптеген жағдайлар, күнделікті өмірдің өзі, жаңа технологиялар заманы қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің қажеттілігін алға тартты. Қазақ жазуының латын әріптеріне көшірілуі ел болашағы - жас ұрпақтың оқу-білім және ғылым жолындағы ізденістеріне де жол ашады. Қазақ тіл білімінің, әліпбиінің негізін салған бірегей ғалым А.Байтұрсынұлы: «Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман», - деген болатын. Бүгінгі таңда жазу – оқу-білім, ақпарат, ғылым мен техника, жаңа технологиялардың көрсеткіші, адамзаттың қоғамдық-әлеуметтік ортада өмір сүруінің алғышарты деп айтар едім.
Біздің еліміз үшін қазақ жазуын латын әпбиіне көшірудің төмендегідей ұтымды тұстарын атап көрсетер едім:
Біріншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады.
Екіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Бұл жазу жүйесін бірінші болып 1928 жылы Түркия мемлекеті қабылдаса, бұл графикаға 1993 жылы Өзбекстан, 2001 жылы Әзербайжан мемлекеттері де өткен еді. Бұл жағдай Қазақстанның туыстас мемлекеттермен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасын арттыра түседі.
Үшіншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз.
Төртіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде латын графикасына ауысу мәселесіне қатысты көптеген шаралар атқарылып жатыр. 2018 жылдың 4 қаңтарында «Қазақ жазуы және латын графикасы» орталығы ашылды. Бұл орталық қазақ жазуын латын графикасына көшіру мәселесі бойынша түсіндіру, насихат жұмыстарын жүргізіп, жаңа әліпбиді университеттің профессор-оқытушылар құрамына, студенттерге, жалпы көпшілікке үйрету мақсатында құрылған болатын. Біздің жоғары оқу орнымыздың тілші мамандары латын әліпбиінің маңызын, оның қажеттілігін халыққа насихаттау, жаңа әліпби жобалары мен орфографиялық ережелердің жобаларын талдау жұмыстарына атсалысуда. Осы мақсатта оқытушыларға, мектеп мұғалімдеріне, балабақша тәрбиешілеріне, жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне арналған семинарлар, дөңгелек үстелдер, кездесулер ұйымдастырылды. Соңғы уақыттарда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қабылдинов Зиябек Ермұқанұлымен, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Момынова Бағдан Қатайқызымен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мадиева Гүлмира Баянжанқызымен, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Молгаждаров Қасиет Какенұлы сынды ғалымдармен кездесулер өтті. 2018 жылың 17 мамырында академик Зәки Ахметовтің туғанына 90 жыл толуына арналған «Рухани жаңғыру: ғылыми мұра және ұлттық құндылықтар» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы аясында «Латын әліпбиі – мәңгілік елдің рухани жаңғыруы» атты дөңгелек үстел жұмысы ұйымдастырылды. Бұл дөңгелек үстел жұмысына республиканың танымал ғалымдары қатысқан болатын. Өткен жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұсынған «Қазақ емлесінің негізгі ережелерінің жобасын» талқылау барысында біздің мамандар осы емле ережелеріне қатысты өз ұсыныстарын жолдады, соның нәтижесінде біздің мамандардың ұсыныстары жаңа жобада ескерілгенін атап айтқым келеді. 2018 жылдың 22 қазанында Астана қаласындағы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының тілші ғалымдарымен бірлескен «С.Аманжолов және қазақ жазуының бүгіні мен болашағы» атты республикалық вебинар өтті. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұсынған «Қазақ емлесінің негізгі ережелерінің жобасын» таныстыру жұмыстары жүргізілді. Университет сайтында ақпараттық-танымдық мақалалар үнемі жарияланып тұрады. Семей қаласыдағы ҚазГИЗУ шақыруымен «Қазақ жазуы және латын графикасы» орталығының жетекшісі, доцент, филология ғылымдарының кандидаты А.Ә.Әлімхан «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік семинарда кафедра баяндама жасап қайтты. Біздің филолог мамандар, атап айтсақ, А.Ә.Әлімхан, А.А.Айтмукашова ШҚО Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығымен бірлесе отырып облыс ауқымында семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізді. Мысалы, Өскемен, Семей қалаларында өткен «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» атты облыстық семинар-тренингіде, Риддер қаласында өткен «Жаңа әліпбиге көшудің ғылыми-ұйымдастырушылық мәселелері» атты облыстық семинар-кеңесте, Өскемен қаласы С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да өткен «А.Байтұрсынұлы және қазақ жазуының тарихы» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияда біздің университеттің мамандары баяндамалар жасады. Біздің филолог мамандардың, атап айтсақ, филология ғылымдарының докторы, профессор А.М.Картаеваның, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Л.И.Абдуллинаның т.б. мақалалары республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», облыстық «Дидар» газеттерінде жарияланды. Латын графикасына көшу мәселесі туралы филология ғылымдарының кандидаттары, доцент А.Ә.Әлімхан, Б.Н.Бияровтар бірнеше рет «Altaı» телеарнасында сұхбат берді. Түрлі ғылыми-практикалық конференциялар жинақтарында студенттердің латын әліпбиіне қатысты мақалалары жарияланып, осы тақырыпта бітіру жұмыстары және магистрлік жобалар жазылып, қорғалуда. Қараша айының 14 күні біздің университеттің оқытушылары мен студенттері республикалық жалпыхалықтық диктантқа қатысты, бұл диктантта 750 студент пен 50 оқытушы қамтылды. 2018 жылдың 23 қарашасында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған «Латыннегізді қазақ жазуының орфографиялық мәселелері» атты облыстық семинар өтті. Таяу күндерде университет мамандарының авторлығымен жазылған, латыннегізді қазақ графикасын оқып-үйретуге арналған «Қазақ жазуының тарихы және латын графикасы» атты оқу құралы жарыққа шықпақ. Қазіргі күні облыстың білікті филолог мамандары қызмет ететін қара шаңырақ ретінде С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті латын әліпбиіне көшу жұмыстарына қомақты үлес қосуда.
Мұхтар Әділбекұлы Төлеген,
Сәрсен Аманжолов атындағы
Шығыс-Қазақстан мемлекеттік
университетінің ректоры, профессор