БАТЫР РУХЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Жақында Қызылорда қаласында «Арай» шағын ауданынан қала әкімдігінің шешімімен Тәуке ханның бас сардары Текей Қарпықұлының атына берілген жаңа көшенің ашылуы өтті.
Шарада Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала тұрғындары мен қонақтарды жаңа көшенің ашылуымен құттықтады. Сонымен қатар, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында өңірде атқарылып жатқан ілкімді істер жайында сөз етті. Қоғам қайраткері Бақберген Досмамбетов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес пен қалалық мәслихат хатшысы Роза Боханова, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Нұртілеу Салықовтар құттықтау сөз сөйлеп, ұлағатты өсиеттер айтты.
Шара соңында жұртшылық жаңа көше мен мемориалды тақтаның лентасын қию рәсімін тамашалады.
Батыр рухын ұлақтауға арналған шара одан әрі қала орталығындағы колледжге батыр есімін беру салтанатты шарасына ұласты.
Колледждің жаңа атауын жария ету шарасында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев колледж студенттері мен қызметкерлерін, қонақтарды оқу орнының жаңа атауымен құттықтап, шәкірт тәрбиелеудегі игі істеріне сәттілік тіледі. Мемлекет басшысының сара саясатын орындауда аймағымызда атқарылып жатқан жұмыстар жайында әңгімеледі.
Шара барысында еңбек ардагерлері Сәпен Аңсатов, Жұмабек Аққұлов, Қаршыға Есдәулетов, Әбдірахман Құлдүйсенов, Әділбек Ибашев, Мирамбек Исаев, Сержан Нәметша және басқалар естеліктер айтса, Тұрмағамбет ауылының қарт тұрғыны Жәнібек Зібайраев батасын берді.
Сыр сүлейлерінің ісін жалғастырушы Күнсұлу Түрікпен, Әділхан Қуаңбаевтар жырдан шашу шашты.
Шара соңы батыр рухына арнап берілген асқа ұласты.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».