» » ИЫҰ МҰСЫЛМАН ҚАУЫМЫН БІРІКТІРЕДІ

ИЫҰ МҰСЫЛМАН ҚАУЫМЫН БІРІКТІРЕДІ

2011 жылы Қазақстан ислам әлеміндегі ең беделді бірлестік – Ислам Конференциясы Ұйымына жетекшілік жасады. Оның құрамына 57 мұсылман мемлекеті кіреді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының Тәуелсіз Қазақстанның 33 басты нәтижесінің 19-тармақшасында дәл осылай делінген. Зайырлы мемлекет ретінде Қазақстан – ислам өркениетінің ажырамас бір бөлігі. Сондықтан еліміздің Ислам ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуін бір мәртебе деуге болады.
Қазақстан 1995 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымының толық құқылы мүшесіне айналды. 2011 жылғы 28-30 маусымда Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) 38-сессиясы өткен болатын. Сол сәттен бастап Қазақстан осы халықаралық ұйымға төрағалық етуге кірісті.
Бұл тұрғыда аталған еңбекте былай деп жазылған: «Қазақстанның Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуі – ислам әлеміндегі көптеген елдер арасындағы шиеленістер уақытына дәл келді. Осындай жағдайда қазақ­стан­дық дипломатия Ислам бірлестігі қоғамдастығы үшін бағдарлама дайындап ұсынды, ол XXI ғасыр­дағы Ислам әлемі дамуының негізі – реформалау мен жаңғыру екендігін айтқан, ИЫҰ-ның Астана декларациясының негізі болды».
Сонымен қатар Ислам кон­ференциясы ұйымы атауын (ИКҰ) Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) деп өзгерту туралы шешімнің Астанада қа­былдануы да айтулы жағдай. Бұл туралы кі­тапта былай баян­­далады: «2011 жылғы 28-30 маусымда Астанада Ислам конференциясы ұйымы Сыртқы істер министрлер кеңе­сінің 38-сессиясы өтті. Бұл шара Қазақстан тө­ра­­­ғалығының бас­­тауы еді. Жар­ты ғасыр бойы Ис­лам кон­ферен­циясы деп аталып кел­­­­ген ұйым атауы өзгерді. Бұл да тарихи ше­шім болды. Мүше-мемлекеттер «ынты­мақтастық» ұғымы ұйым­ның алдағы уақытта атқа­ра­­тын жұмыстарымен кө­бі­рек үндесетіндігі туралы Қа­зақстан­­ның уәжіне құлақ асты. Осы­лайша, Ислам әлемінің басты құрылымы өзінің қазіргі – Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) атауына Астанада ие болды. Бұл атау – оның анағұрлым ынтымақты және тиімді халықаралық бірлестік болуға бет алғанын білдіреді. Алғаш рет ИЫҰ-ның Орталық Азиямен ынтымақтастық іс-қимыл жоспары қабылданды» .
Бұдан бөлек, был­тыр Астанада Ғылым және тех­нологиялар тақы­рыбына ар­налған Ислам ынты­мақ­тастығы ұйы­мының сам­­миті өткен еді. Сол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ислам ұйымының алдыңғы қатарлы он бес мемлекеті бірігіп, OIC-15 форумын құру керектігін алға тартқан болатын. «Ислам әлемін­дегі маңызды ғылыми-экономикалық мәселелерді шешу үшін G20 форумы сияқты бізге де бейресми топ құратын кез келді деп ой­лаймын. Ислам ұйымының ал­дыңғы қатарлы он бес мемлекеті бірігіп, оны OIC-15 деп атасақ дұрыс болар еді. Ислам үмметіне ғылым мен техникалар саласын да дамыту мәселесі өте маңызды болып отыр. Осыған орай, алдыңғы қатарлы Батыс елдерімен тұрақты әрі жемісті байланыстар орнату қажет. Олармен өзара байланыста болуымыз түбі ислам елдерінің ілгерілеуіне пайдасын тигізетіні анық» деген еді Президент.
Жалпы, еліміздің Ұлттық экономика министрлігінің мә­ліметіне сүйенсек, ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басым бөлігі біздің басты сауда серіктестеріміз болып есептелмейді. Дейтұрғанмен, жыл өткен сайын ұйымға қатысушы елдермен Қазақстанның жалпы тауар айналымындағы сауда көлемінің үлесі артып келеді. Мәселен, 2012 жылы еліміздің Ұйымға мүше мемлекеттермен сауда айналымындағы үлес салмағы 7,2 пайыз болса, 2016 жылдың қаңтары мен қазаны аралығында оның көлемі 10,2 пайызға жеткен. Бұл кезекте ИЫҰ елдерін біздің еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығы қызықтырады.
Сонымен қатар Қазақстанның Ислам даму банкімен ынтымақ­тастығы жоғары деңгейде. Аталған банктің Қазақ­стан экономикасына салған инвес­тициясы 1,3 миллиард долларға жуықтаған.
Тағы да атап өтетін нәрсе, 2011 жылдың маусымында Астанада өт-кен ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясында Қа­зақстан басшысы Н.Назарбаев Ұйымның жаңа институты – Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құру туралы бастама көтерген еді. Араға бірер жыл салып барып ол ұйым құрылды, оның штаб-пәтері Астана қаласынан ашылды. Бүгінде бұл құрылым Азық-түліктің өзара көмек қоры деп аталады.
Аталған ұйымға қа­тысты академик Әділ Ахметов ойын былай жеткізген еді: «Бү­гін­гі таңда Қазақстан – тек Азия мем­лекеттерінің ғана емес, соны­мен қатар ТМД, сол сияқ­ты күллі мұсылман елдерінің ара­сынан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төра­ғалығына тағайындалған бірінші мемлекет. Бұл шешімді ең әуелі мұсылман мемлекеттері мақтаныш сезіммен қабылдады. Олай болатын жөні де бар. Себебі, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының мақсат-мүдделері мен Ислам конференциясы ұйы­мы­ның басты нысаналары, кейбір ерекшеліктеріне қарамастан, бір арнаға тоғысып жатады. Өйткені екі ұйымның да көздегені – әлем­дегі қауіпсіздік пен халықтар ара­сындағы ынтымақтастық, эконо­микалық-экологиялық қатерлерді тізгіндеу, адам құқығын сақтау және ксенофобиямен күрес жүргізу. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда, қазір Қазақстанның халықаралық екі үлкен ұйымның арасын жақын­дата алатын мүмкіндігінің мол екенін Батыс та, Шығыс та өте жақ­сы түсініп отыр. Ендеше, әлгі мүм­кіндіктерді жете пайдаланса, екі өркениеттің де бұдан ұтпаса, ұтылмайтыны анық».
Нұрай РАХЫМ


27 қаңтар 2018 ж. 1 275 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 036

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031