» » Балаңыз алаңсыз ойнасын

Балаңыз алаңсыз ойнасын

Балам – болашағым" деген елміз. "Адам ұрпағымен мың жасайды" деген тағы бар. Ал, болашақтың баянды болмағы бала санасына жазылған тәлімнен. Білім мен тәрбие беруде еш аянып жатқанымыз жоқ. Жылт еткен жаңашыл дүниені білім саласына икемдеп, Ахаң айтқан (Ахмет Байтұрсынұлы) білім жарысында жүрміз. Бізге білімді, алымды, жалынды ұрпақ керек. Ал, бала ойынсыз өспейді, ойнамай білімді болмайды. Ойын – сана өрісін қалыптастырушы. Қазақ әу бастан білімнен кенде емес. Бізді "надан" көрсеткен империялистер жазу білмегенімізді бетке салық қып басатын. Білім жазумен өлшенбейтінін қайдан білсін? Күллі Еуропа тарихынан адасып қалмас үшін өткенін қағазға түсіріп әлектенген. Сондағысы кешегісін ұмыт қалдырмау. Қазақ өткенін де, бүгінін де, мәдениетін де, әдебиетінде миға жазып сақтаған. Үлкендер кішіге, ғұламалар шәкіртке, дарындылар ұрпаққа айту арқылы ілім-білімді мирас етіп отырған. Тарихы терең итальяндықтар грегориан күнтізбесімен мақтанатын болар, бірақ бұл күнтізбе уақытты нақ көрсетпейді. Қазақтың маусым кірер, маусым шығар дегені бар. Сол арқылы мезгілдердің ауысу уақытын нақ білген.


Ой орамын басты қазыққа оралтайық, қазақ баласы білімді ойын арқылы сіңірген. Мәселен, тоғызқұмалақ – арифметика, алтыбақан – ән-күй, асық, ләңгі, ат спорты – денешынықтыру сынды пәндерді тәлім еткен. Қазір асық ойнайтындар аз. Ауылдық жердің өзінде шөкімдей сүйекке бола жаға жыртысқандарды көрмейсіз. Бозбалалардың дені атқа міне алмайды. Ол рас, ауылдың баласы жылқы жалын тартып мінер, қаладағылар тізгінге жоламақ түгілі, әзірейіл көргендей үрейленеді. Қазақ бойжеткені мен бозбаласы алтыбақан теппегелі қашан? Наурыз келгенде бір көретін болар. Айта берсек, мәселе көп. Сонда баламызды ойынсыз өсіреміз бе?

– Жоқ! Бала қалайда ойнауы тиіс. Қалада (кентте) балалар ойнайтын орын тапшы. Мойындау керек, кейбірінің тозығы жеткен. Оны тоздырған да өзіміз. Мемлекеттің меншігін "жаудікіндей" көреміз. Қалада ауылдағыдай көше қуалатып баланы жібере алмайсың. Көлік көп, қауіп көп. Оның үстіне бетімен жіберуге де болмайды. Қайтпек керек? Балаңды жетектеп кешқұрым не демалыс күндері барар жер жоқ. Ұрпақ көңілін қалай ауласақ болады? Жуырда осы мәселенің түйіні тарқады. Кент орталығынан балалардың асыр салып ойнауына, ойынмен өрісін кеңейтуге арналған орталық ашылды. Аты - "Kinderland". Ойын сауықтық орталықты ашқан Айдана Бекенова. Сұрақ, қай жерде дейсіз ғой. Бұрын аты дардай болған "Астана" кафесі енді балаларға құшақ жаяды.

Айдана Бекенова мұндай орталықты ашуды көптен ойлаған. Талайдан реті келмеген. Айналып келгенде істің бастауы қаржыға кеп тіреледі. Мемлекеттік бағдарламаларға жүгінеді. Жолы болмайды. Бұған тайсалып қалар жалынды жас па? Жігерін жани түсіп, кәсіпкерлік жобасын одан әрі пысықтай түседі. Тұлпар тек тұрмайды деген. Ақыры жобасы қолдау тауып, 6 млн. теңге несие бұйырады. Әбден піскен ой түпкі мақсатқа жеткізбей қоймайды деген.

Орталықта балалар ойнайтын лабиринт бар. Кейіпкер оны Алматыдан Ресейдің компаниясына тапсырыс беру арқылы алыпты. Қалған құрылғыларды да алыс-жақын шетелдерден алдырған. Аэрохоккей, түрлі ойыншықтар анадайдан менмұндалайды. Әлі талай құрылғы әкелінбек. Орталықта балалар жейтін тағамдар да бар. Тәтті-пәттіден бөлек табиғи өнімдерді де келушілерге ұсынып жатыр. Таза жемістің шырыны, таңғы, түскі және кешкі ас, қант мақтасы, тағы басқалары орталық ішінде даярланады. Бір қызығы, балаңызды үш-төрт сағатқа тастап кетуіңізге де болады. Арнайы тәрбиешілер ұрпағыңыздың көңілді уақыт өткізуі мен қауіпсіздігіне жауап береді. Мәселен, шұғыл шаруаңыз шығып қалды. Екі жасар балаңызды тастап кетер кісі жоқ. Қайтпек керек, "Kinderland" орталығы осындай жағдайларды ойластырған.

Айтпақшы, балалар ойын орталығын "Kinderland" атап қойғаннан кейін Айнұр тыпырши бастайды. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңірде ағылшын атауын беру қисыны келмейді. Ал, жаңа ашқан нысанның атауын қайта өзгерту де орайлы емес. Бірақ, алдағы уақытта орталық атауы қазақыланады. Айтпақшы, орталықтың қызмет құны қандай деген сауал туындайды. Жарты сағатқа 400 теңге. Егер екі-үш баламен келсеңіз, баға төмендейді. Үш жасқа дейінгі балалар орталықта тегін ойнайды. Сондай-ақ, қауіпсіздік мәселесі басты орында. Әр аптаның сейсенбісінде тазалық жүргізіледі.

Мақтауын келістіріп, ойын-сауықтық орталықтың мәртебесін өсіруді көздеп отырғанымыз жоқ. Аудан орталығына қажетті жоба жасақтаған жанға разылығымызды білдіргіміз келеді. Мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, несие алған соң, той-томалаққа, жеке қажеттілікке қаржы жұмсамай, балалардың жайын ойлаған ойға орай іс қылған жанды қалай мақтаса да болады.

Дастанбек САДЫҚ,
"Қармақшы таңы".
24 желтоқсан 2018 ж. 801 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031