» » ІЛІМ-ҒЫЛЫМ ЖАРЫСЫНДА БӘСІМІЗ ҚАЛАЙ?

ІЛІМ-ҒЫЛЫМ ЖАРЫСЫНДА БӘСІМІЗ ҚАЛАЙ?

Бүгін де, ертең де білімділер озады. Кеше де солай болған. Кеше солай болмаса – кеңестің қызыл саясаты қазақтың марқасқасын неге топалаң асырды? Не себепті «сыпайы» түрде халықты көктей солдырып, ұл-қызын құлға айналдыруға тырысты? Бұл су ішкен құдыққа түкіруден гөрі – шымбайға батқан шындық, шыңыраудан үздіге шыққан ащы жаңғырыққа ұқсас. Құлға айналмағаны емей немене – ана тілінен алыстаса, дінінен ажыраса, салт-дәстүрінен санасында саңылауы қалмаса. Құлға айналмағаны емей немене – жеті атасын айтуға жасқанып, жүрегі тілім-тілім болса, көкейіндегіні жеткізе алмай кекеш адамдай кібіртіктесе. Мұндай ұрпақ кімнің көгін көгертіп, кімнің панасы болмақ? Рухани жұтаңдықтан артық бізге қандай бодан керек еді?
«Кеңестік дәуірде қарнымыз тоқ болды. Жұмыс болды бас-басымызда», – дейді кей замандас. Бірақ сол замандас, қазақтың қарны неден ашатынын сезер ме екен? Қазақтың қарны тамақтан ашпайды, ашса, азса – рухани кедейліктен ашады. Осы арасын айыра алмаған қазақ баласы кімге өкпелейді. Еңбек еткеннің қарны ашқаны бар ма еді? Қолы қимылдағанның қоңсысының кедей болғаны бар ма еді? Өткенге топырақ шашу емес бұл. Өткенді ой елегінен өткізіп, таразылау бұл. Бұл біздің тәмсіліміз емес, бұны бізге дейін талай дана-ғұламалар айтып кеткен. Біздікі тағы бір еске салу ғана.
Қазақияны айтқанда, қазақ баласының қазіргі таным-білігі өз-өзінен дөңгеленіп шыға келеді. Осы дөңгелеген дүниенің ішіне көз тігіп көрелікші. Бірінші көзге ұратыны – тәрбие мен білім. Біз баламызды неге тәрбиелеп, нендей білімге баулып жүрміз. Тұтынушы қоғамға қалыптастыруға жалықпадық па? Жапон баласы – 10 жасқа дейін туған елінің табиғатын, тарихын жаттап өседі. Арнаулы немесе жоғары оқу орнында жапон ғылымына жаңалық әкелмесе, дипломның төбесін де көрмейді. Қалай ойлайсыз, екінші дүниежүзілік соғысында алапат атом бомбасы түскен жапон елі басқаларды не себептен шаң қаптырып отыр. Адам сенгісіз деңгейге қалай жетті? Өйткені – оларда үлкен ұлттық прогресс жүрді. Ғылым, білім жарысы жүрді. Ал, сол ғылым, білім жарысы бізде жоқ па? Неге осы жарыстар қазақ баласының санасына кірмей әлек? Білім жарысы бізге таң ба? Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов оны өз заманында жетесіне жеткізіп айтып кетті емес пе. Ол «Білім жарысы» атты мақаласында: «Білімді жұрттарда білім жарысы деген болады. Ол жарыста бәйгеге түсе алатындар білімділер, зейінділер. Оларға бәйге тігіп, жарыстыратындар бай адамдар я обществолар. Білімді жұрттардың білім жарысына келсек, оның мағынасы да, көздеген мақсаты да басқа. Ол бірнеше ұлыс ел жиналып, бір-екі күн дуылдап, ет жеп, қымыз ішіп кету үшін ғана жасалмайды., бүтін ұлт я дүниядағы бүтін жұрт үшін һәм көпке қаларлық іс үшін істеледі. Дүнияда күн көріп, тіршілік етудің ауырын жеңілдету үшін, жеңілін рақатқа айналдыру үшін істеледі. Ғылым, өнер артылған сайын, дүнияда бейнет кемімекші. Осыған ақылы жетіп, есі енген жұрттар ғылым мен өнерді бірден-бірге асыруға тырысады. Асыру үшін әр түрлі істер істейді. Сол істердің бірі – білім жарысы», – дейді.
Білім жарысында бірінші кезекте ұлт намысы тұрады. Ол дегеніміз – кемшілігімізден ұялу, жалқаулыққа жол бермеу, адал ас жеп, білімді болуға ұмтылу. «Жарыс болмай – табыс болмас» демекші, біліммен жарысу. Айтпақшы, бұл жағынан Еуропадан ұяттымыз. Ана кезде де қозғалыс жоқ еді, осы кезде де өзгеріс жоқ. Мысалы, швед филантропы, химик-өнертапқыш Альфред Нобель шалдың «Нобель» халықаралық сыйлығы 1901 жылдан бастап Еуропада беріліп келеді. Айтулы сыйлық 1895 жылы ғалымның өсиеті бойынша тағайындалған. Ол әдебиет, физика, химия, медицина, физиология салаларындағы жаңалықтарға беріледі. 1946 жылы Швеция мемлекеттік банкі А.Нобельдің құрметіне экономикалық сыйлық дайындаған. Нобель сыйлығының қаламақысы – 1 млн. 100 мың АҚШ долларын құрайды. Француз жазушысы Модиано адамдардың нацистік басқыншылық кезіндегі тағдырын баяндағаны, микроскопия саласында ғылыми жетістігі үшін Хелль мен Морнер, физикада жапон ғалымдары Аксаки, Амана мен Накамура көк жарық диод ойлап тапқаны, медицинада ерлі-зайыпты Мозерлер «Ми жасушалары биологиясы туралы» еңбегі үшін марапатталса, қомақты қаржыны құрайтын салмақты сыйлық 17 жасар Малала Пакистандағы қыздардың білім алуына ықпал еткені және үндістандық Сатьяртхи 80 мыңнан астам баланы азапты өмірден құтқарғаны үшін табысталған.
Осыдан бір ғасыр бұрын жарияланған «Білім жарысы» әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Мақаланың маңызы артпаса, құны кемімепті. Ақаң: «Білім жарысының басқадан артық жері мынау: бұған шығарған ақша далаға кетпей, көздеген мақсатқа тура тиеді. Егін салсаң, шықпай қалып, босқа шығындау ықтимал, мал жисаң, өліп қалып, босқа шығындау ықтимал, білім бәйгесінен пайда болмаса, шығын болмайды. Еуропа байлары мұндай іске ақшасын бас бүтін қиып, жомарттық етеді. Ақшасын пайда қылып, сонымен малын көбейтуге шығармайды, әуелден-ақ жұрт үшін, көп үшін қайтпас қайыр құрбаным деп шығарады», – деп қарапайым қазақ баласының қамын жейді.
Қазақстанда ғылым кандидатын қоспағанда, профессор, академик дегенің қаптап жүр. Бірақ, ауызға іліп алары бірен-саран. Өткен ғасырда геология саласында Қаныш Сәтбаев бүкіл әлем мойындаса, бүгінде математиканың білгірі Асқар Жұмаділдаевтың аты жаһанға жария. Дүние жиюмен емес, туған еліне білім, ғылым жарысымен аты шыққан азаматтар – Қазақ елінің мақтанышы. Қазақ – талантты халық. Қаражатын аямай, білім сайысына салса – көп ішінен талай Қаныш пен Асқардың шығары анық.
ТҮЙІН
Қазақта «Атың шықпаса – жер өрте» деген астарлы сөз бар. Атыңды шығарғың келсе, артыңа «Нобель» тәрізді сыйлығыңды қалдыр. Адамзатқа қызмет ету дегеніміз – осы емес пе? Еліңе, мемлекетіңе пайдаңды тигіз. Ия, біз мақала барысында Ахаң салған ескі сүрлеумен аяңдадық. Қазақ баласы білім жарысына түспей, оған қуатты қаржы құйылмай – өспейтінінің куәсі болдық. Құр мақтаншылықтан ешкім өспейді.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».
17 шілде 2018 ж. 1 578 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 014

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031