» » » «Жеті ата» туралы

«Жеті ата» туралы

«Жеті ата» туралы
Халқымыздың «жеті ата» туралы, оның мәні жайлы білмейтін қазақ сирек болар. Менің де біршама мағлұмат түсінігім бар. Әйтсе де, азын-аулақ білгенімді ортаға салып көсемсігім келмейді, неге десеңіз, оның бәрін қайынатамнан үйренгендерім. Ол кісіден асырып бәрібір айта алмас едім. Сондықтан «жеті ата» жөнінде атаның өзі айтқан әңгімеге назар аударыңыздар:
– Халқымыздың ертедегі дәстүрі бойынша әрбір қазақ өзінен бастап жеті атасына дейін жетік білуі міндетті еді. Ата-ана мұны баласының тілі шыққан соң үйретуі парыз саналып, отбасылық тәлім-тәрбиенің әліппесі, негізі болған. Тек ата-анасынан ерте айырылған жетімдер мұндай тәлімнен құр қалған. «Жеті атасын білмеген – жетімдіктің салдары» деген осындайларға қарата айтылған. Ал әке-шешесі бола тұрып жеті атасын айта алмайтындарды «жеті атасын білмеген – жетесіздік» деп айыптаған. Әрбір қазақ жеті атасының өмір жолын білу арқылы кем дегенде екі ғасырлық мағлұмат алады, ұрпақ жалғастығының ізі, сүрлеуі сақталады. «Жеті атасын білген ер жеті жұрттың қамын жер», «Жеті атасын білген ұл жеті рулы елді билер» дегеннің мәні – тамыры үзылмеген бауырластық, қандастық қасиетін айтқанында.
«Жеті атаның» өз атаулары бар. Төменнен жоғары қарай – бала, әке, ата, баба, арғы ата, түп ата,  тек ата деп аталады. Ал жоғарыдан төмен қарай – әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат. Ары қарай жүрежат, жекжат, жұрағат, қаймана деп кете береді. Қазақта туыстықтың шегі жоғарыдағы «жеті атамен» аяқталады. Мұның да өз жөн-жобалары бар. Жеті атаға толған соң «жеті атаға толыстық, жеке ел болыстық» деп жар салып, жеті жұрттың белгілі адамдарын куәлікке арнап шақырады. Құдайыға боз бие сойылып, қанына қолдарын малып, «араларымыз алыстамасын, бұрынғы бауырлардай тату-бірлікте болайық» деп баталасады. Ала арқан кесіледі. Ұраны мен ен-таңбасы белгіленеді. Осылай «ендігі жерде құдалыққа жол ашық» делінеді. Алайда, қалай айтсақ та, қазақтың тарихи жады, санасы біржола жойылмай, қандасты, бауырластықты ұзағырақ сақтап ардақтайды, құрметтейді. Мен сіздерге нақты мысал айтайын. Біз былай тараламыз – Дулат, Шымыр, Бекболат, Шілменбет, Құли, Амалдық, Алдаберген, Баубек, Үсен, Әжі, Бақтияр, Әділ, Имаш, Момыш, Бауыржан, Бақытжан, Ержан. Дулат бабамнан Ержанға дейін он бір ата, білақ Құлилар әлі қыз алыспай бауыр-туыс болып жүр.
Қазақ салтында жеті атаға толмай тұрып құдандалы болу, ерлі-зайыпты болу тұқымбұзушылық, қан аздырушылық болып қатаң жазаланған. «Шариғат жолы ерік берді екен» деп ұлттық қасиетін, дәстүрін аттап өтіп, ғашықтық сезімі жеңген Қалқаман-Мамыр, Еңлік-Кебектердің жазаға тартылуы қатал болғанымен, кейінгі індеттей жайылмаудың жолы болатын.
Қазақтың «жеті аталық» дәстүрін қазір ғылым да толық мойындады. Бір кезде «оқымаған», «қараңғы», «надан» деп айдар тағылған қазақтың ақылына, ой-өрісінің биіктігіне бүгінде ғалымдар таңғалып отыр. Неге? Өйткені жеті атаға толғанша қан сәйкестігі сақталып, сегізіншіге жеткенде сол қан сәйкестігі жойылады екен. Ал қандастық, қан тазалығын сақтауды ата-бабам баяғыдан-ақ білген ғой. Ғылым оны енді дәлелдеп отыр. Сөздің қысқасы, «жеті аталық» дәстүрді туыстық мейірімнің ұзақ уақыт жалғасатын тірлігі мен бірлігін бұзбауға, тұқымды пәкс ақтауға жасалған ереже-заңы деуге болады. Бұл аталас адамдар арасындағы ар-ұятты, адамгершілікті адал ұстаудың тұрақты жолы екенін көрсетеді,– деп еді ата.
"Күретамыр" Зейнеп Ахметова
16 сәуір 2018 ж. 2 375 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 133

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 141

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 286

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930