» » ӨЗ ҮЙІҢ – ӨЛЕҢ ТӨСЕГІҢ…

ӨЗ ҮЙІҢ – ӨЛЕҢ ТӨСЕГІҢ…

Өткен жылдың қорытындысына қарасақ, «Нұрлы жер» бағдарламасының орындалуы қарқын ала бастағандай. Былтыр барлығы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл – бұрнағы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 6,2 пайызға жоғары. Мұндай жоғары көрсеткішке ел Тәуелсіздігін алған ширек ғасырдан астам уақытта бірінші рет қол жеткізіліп отыр. Әрине, мемлекеттік тапсырманы орындауда аса белсенділік танытқан облыстар да, кежегесі кейін тартып, тапсырманы дер кезінде орындамағандар да бар. Әйтсе де, жалпы көрсеткішке көңіл толады. 
«Нұрлы жер» бағдарламасының орындалуына мемлекет тарапынан барынша назар аударылып отырғанын бөлінген қаражаттан да аңғаруға болады. Өткен жылдың қорытындысына қарағанда, баспана құрылысына барлық көзден 979,8 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 18 пайызға жоғары. Бір назар аударарлық мәселе, жалпы инвестицияның басым бөлігі, анығы – 825,8 миллиард теңге (84,3 пайыз) жеке инвесторларға тиесілі. Демек, құрылыс нарығының қарқын алуына жекеменшік сектор үлкен үлес қосып отыр. Нарық заңы бойынша сұраныс бар жерде ұсыныс болады. Тұрғын үйге деген сұраныстың жоғарылығы бұл саланың ілгері жылжуына айтарлықтай әсер етіп отыр.
Елбасы Н.Назарбаев Қа­зақстан халқына арналған биылғы Жолдауында 2030 жылға қарай баспана көлемін әр адамға шаққанда 30 шаршы метрге жеткізу мәселесіне тоқталған. Бұл межеге жету үшін пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемін жыл сайын 10 пайызға арттыруға тиіспіз. Өткен жылы 11,2 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілсе, осы жылдан бастап тағы да 1 миллион шаршы метр үйді артық салуымызға тура келеді. Демек, алда атқарылар шаруа шашетектен.
Кім болса да жайлы әрі кең үйде тұруды армандайды. Дәл қазіргі таңда баспана мәселесін шешуді біраз жүйелегендейміз. Дегенмен байыбына барып қа­ра­сақ, кез келген істің олқы тұстары да кездесері сөзсіз. Сондықтан етек жеңімізді жинап, барынша мұқият әрекет етуге тиіспіз.
– Конституция бойынша әрқайсысымызға берілетін 10 жүздік жерді қашан аламыз деп армандап жүргендер көп. Ондағы инфрақұрылым мәселесі әкімдіктерге тапсырылған. Содан бері бір жылдан астам уақыт өтті, бірақ алға қарай қарқынды жылжу көріп тұрған жоқпын. Аудан, облыс орталықтарында аздап қозғалыс бар сияқты, – дейді экономика ғылымдарының докторы Жангелді Шымшықов. – Құрылыс индустириясының, кәсіпорындарының қазіргі қарқыны өте жоғары. Әсіресе, Астана бойынша алып қарасақ, керемет деуге болады. Мысалы, Қытайда 9 қабатты 100 пәтерлік үйді бір айда салып берген. Соны рекорд деп танып, Гиннес кітабына енгізген. Әрине, бізде ондай қарқын жоқ. Дегенмен де жылына, екі жылда бір тұрғын үй кешенін салатындай Астанада Bigroup, «Шарқұрылыс» сияқты компаниялар бар. Жұмыс қарқынына қарасаңыз, тіпті қазіргідей қақаған аяздың өзінде олардың жұмыстары тоқтап жатқан жоқ. Құрылыс маманы болмағандықтан, климаттық жағдайдың құрылыс сапасына қаншалықты әсер ететінін білмеймін, бірақ қарқындары қатты. Әйтсе де, кезінде құрылыс отрядтарында болып, керемет үйлерді салудың басы-қасында жүрген уақытым болған. Сон­дықтан қатты аязда салынған үйлердің сапасына күмәнмен қараймын. Қыста жүргізілген құрылысқа қымбаттырақ төлейтін ереже бар, мүмкін құрылысшылар соған қызығатын шығар. Өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін өз еліміздің құрылыс нормасы мен ережесін қабылдаған жоқпыз. Отандық құрылыс нормасы мен ережесі қашан қабылданар екен? Алайда біздің құрылыс индустриясының айтылған межеден шығатынына ешбір күмәнданбаймын.
Кезінде «Хрущевка» аталған қолжетімді шағын үйлерді салу арқылы қаншама тұрғынның баспаналы болуға мүмкіндігі туған. Қазір эконом-класс үйлерді салуға мән беріле бастады. Шы­нын айтқанда, элиталық үйлердің қаншасы бос тұр. Кейде көпқабатты үйлерді қарасаңыз, кешке қарай төрт-бес пәтерде ғана жарық жанып тұрады.
Бұл – елдердің жұмыстан келіп, абыр-сабыр болып жататын уақыты. Қалғандары мүлгіген тыныштық. Біреу сатып алған, бірақ өзі тұрмайды, ешкімге жалға бермейді. Немесе ол әлі де сатылмаған үй. Өйткені оған әлі сұраныс жоқ. Нарықта сұраныс бар ғой, бұл жерде ақшамен дәлелденген сұраныс жоқ, яғни бұл үйлердің бағасы кез келгеннің қалтасы көтермейтіндей қым­бат. Сондықтан ол үйлер тұра береді. Босқа тұрған үй де масыл болады. Өйткені оның күнделікті шығынын жауып отыру керек. Қымбат үйлердің бәрі өтпей жатқандықтан, бірте-бірте эконом-класс үйлер салуға нарықтың өзі алып келді. Кез келген кәсіпкер, компания пайда табу үшін жұмыс істейді. Қымбат, элиталық үйлерден пайда түспейтін болды. Себебі, бізде қалталы азаматтар көп емес. Тұрғындарды қолжетімді үйлермен қамтамасыз ету үшін эконом-класс үйлерді салу тиімді. Бүгінде бұл жағдайды құрылыс компаниялары да түсінді.
– Қазіргі пайланып жат­қан құрылыс материалдарының 90 пайызы отандық өнім дегенді естіп жатырмыз. Құрылысты көтеру үшін отандық өнімді пай­далану қай жағынан алып қара­ғанда да қолайлы. Бұл – өте керемет, құптарлық мәселе, –дейді экономист. – Кезінде Құрылыс материалдары өндірісі министрлігі жұмыс істеген. Соның құрамында бүкіл еліміз бойынша құрылыс материалда­рын өндіретін нешетүрлі зауыттар болды. Барлық құрылыс материалдарын тек өзімізде шығаратынбыз. Бізде құрылыс материалдарына байланысты минералдық ресурстардың бәрі бар. Қазіргі Астана, кезіндегі Целиноградтың өзінде екі зауыт болды. Фарфор және керамикалық зауыттар. Керамикалық зауытта сантехникаға қажет заттың бәрі шығарылатын. Сол зауыттар тоқтап қалды. Қазір құрылысқа қажет сантехникалық заттардың бәрін шетелден әкеліп жатыр. Сол екі зауытты қайта іске қосса, қаншама ақша үнемдеп әрі жұмыс орнын ашар едік. Отандық өнім пайдаланылған соң, тұрғын үй бағасы да арзандар еді. Өз зауыттарымызда өндірілген кірпіштен салынған үйлер мен вокзалдар әлі күнге сол қалпы сақталып тұр. Осы сияқты толып жатқан мысалдар келтіруге болады. Римдіктерде «Ол кімге тиімді?» деген сөз бар. Бұл «Кімнің қалтасын байытады?» деген сөз ғой. Шенеуніктер, биліктегілер өз қалтасын ғана ойламай, халық­тың қамын ойлайтын болса, құрылыстың қарқын алуына бізде барлық жағдай бар.
Құрылыс саласында соңғы жылдары атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар, бағдарламалар оң нәтижесін бере бастады. Көпшіліктің қолжетімді баспанаға ие болуы жайлы әңгіме өрбігенде алдымен ауызға «Қазақстанның Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» түседі. Бұлай болуы орынды, өйткені осы күнге дейін 100 пайыз мемлекеттік банк болып келген бұл қаржы институтының орны бөлек. «Бәйтерек» ҰБХ» ен­шілес ұйым салымшылар
қа­ра­жатын тұрғын үй құрылыс депо­зит­теріне орналастырып, олар­ға тұрғын үй заемын ұсыну ар­қылы қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған тұрғын үй құрылыс жүйесін іске асырады. Жылдық 3,5 пайыздан бастап жеңілдігі бар несие ұсынатын банк осы күні ел­­дің үлкен сеніміне ие болып отыр. Несиелендіру шарттары да тиім­­ді. Енді осы банктің жеке­ше­­лендірілуі жайлы мәселе Пар­ла­­ментке дейін жетіп отыр. Осы жағ­­дайға байланысты пікірін Жан­­гелді Шымшықов былай білдірді:
– «Қазақстанның Тұрғынүй құ­рылысжинақбанкі» өз бағы­тын өзгертпейді, сол қалпында жұмыс істейді» деп бізге қанша айтса да, ол, менің ойымша, ертегі, өтірік. Өйткені жекеменшікке өткеннен кейін не істесе де өз еркі. Ол уыстан шығып кетті деген сөз. Сондықтан оның жекешелендірілуіне мен тікелей қарсымын. Бұл банк – өз әлеуметтік міндетін орындап отырған мемлекеттің бір бөл­шегі. Себебі, шынында да, ол әлеу­мет­тік мәселені шешіп отыр­ды. Кез келген мемлекеттің көптеген қыз­мет­терінің ішіндегі ең ерек­­ше­сі – әлеу­меттік қызметі. «Жұрттың бә­рі бай бола бермейді, бірақ кедей­шілік болмауы керек» деген ұғым бар. Осы ұғымды мемлекет әлеу­мет­тік саясаты арқылы жүзе­ге асырады. Соның бір тетігі «Қа­­зақстанның Тұрғынүйқұры­лысжинақбанкі» болатын. Енді о­сы банкті жекеменшікке беру деген сөз мемлекет өзінің әлеуметтік қызметінен бас тартқысы келеді деген мәселеге сәйкес келеді. Салымшылардың салымдары ешқайда кетпейді. Алайда банктің стратегиялық бағыты мүлдем керісінше өзгеруі мүмкін. Өйткені қазір ол мемлекеттің әлеуметтік тапсырмасын орындап отыр, егер жекешелендірілсе, жеке кәсіпкер-акционерлердің пайда табу мақсат-мүддесіне толық ауысады. Ұтылатын – тұтынушылар, үйге зәру адамдар. Бірнеше баласын құшақтап пәтер жағалап жүрген адамдардың жағдайын жақсартуға «Қазақстанның Тұрғынүйқұры­лысжинақбанкі» енді әрекет ет­пейді дегенге толық сенемін. Өйт­кені ол жеке болмақ. Жеке кәсіп­кер, жеке акционерлік қо­ғам ретінде ол енді бұдан былай әлеу­меттік қызмет қамытын сыпырып алып тастайды да, «Мен жекеменшікпін, не істесең өзің біл» дейді. Халықтан сауалдар түсіп, қарсылық болса, Үкімет бұл мәселеге құлағын түріп, назар аударады. Шешімін кері қайтарып алуы да мүмкін» деп ойлаймын. Бұл бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жалпыұлттық мәселе ретінде көтерілуі керек. Сонда, оң шешімін табады деп ойлаймын.
Қалай дегенде де ауқымды бағдарлама өз нәтижесін бере бастады. Ендігі міндет те, мақсат та – бар мүмкіндікті пайдаланып, осы қарқыннан танбау.
 
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ
27 қаңтар 2018 ж. 1 490 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 037

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031