» » «ТҮТІНІ ТҮЗУ, КҮТІМІ ОЗЫҚ «НҰРЛЫ ЖЕР»

«ТҮТІНІ ТҮЗУ, КҮТІМІ ОЗЫҚ «НҰРЛЫ ЖЕР»

Қазақстан тәуелсіздіктің ширек ғасырында 120 миллион шаршы метр тұрғын үй тұрғызып, 1,1 миллионнан астам отбасыны баспанамен қамтыған. Енді «Нұрлы жер» бағдарламасы арқасында небәрі он жыл ішінде бұдан да көп қазақстандықтың қоныстой жасап, қуанышқа бөленуіне мүмкіндік берілмек. Осы бағытта Қазақстан қол жеткізген рекорд үлкен үміт ұялатып отыр. Мемлекет басшысының тап­сыр­масы бойынша әзірленген «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асырудың алғашқы жылы қорытындыланды. «Өзеннің ағысы бастауына бай­ла­нысты болады» деген даналық бар, бұл ретте бастапқы жыл ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже көрсетуімен қуантты. Бұл бағдарлама тұрғын үй құрылысы мен экономиканың соған жапсарлас салаларында айтарлықтай өсімге түрткі болды.
Сонымен, Инвестициялар және даму министрлігінің мәлі­ме­ті бойынша 2017 жылдың қоры­­тындысында барлығы 11,2 мил­лион шаршы метр тұрғын үй пай­да­лануға берілген. Ол 2016 жылғы көр­­сеткіштен 6,2 пайызға көп. Бұл ретте жыл­дық жоспар 111 пайызға орындалды: өткен жылы елімізде 10,1 млн шаршы метр тұрғын үй не 99 мың баспана іске қосылады деп күтілген.
Былтыр барлығы 100,8 мың бас­пана салынды. Оның ішінде жеке сектор есебінен 75,8 мың пәтер немесе жалпы көлемнің 75 пайызы, мемлекеттік инвестиция есебінен 25 мың пәтер (бұл жалпы көлемнің 25 пайызы тапсырылды.
Тарата айтсақ, қолданысқа беріл­ген 100,8 мың баспананың 27,9 мы­ңын жеке үйлер, ал 72,9 мыңын көп­қабатты үйлердегі пәтерлер құ­рай­­ды. Егер ел игілігіне берілген жеке тұрғын үйлердің жалпы көлемі 4,4 миллион шаршы метр болғанын ес­керсек, үйдің не коттедждің орташа ау­даны 157 шаршы метрді құрағаны анық­талады. «Боз үй» емес, кең са­рай!
Өткен жылы тұрғын үй құры­лы­сына бір триллионға жуық, нақ­­тысында 979,8 миллиард тең­ге инвес­ти­ция құйылған. Бұл 2016 жыл­ғыдан 18% пайызға артық. Со­ның ішін­де бизнестің жеке ин­вес­ти­ция­ларының үлесі 825,8 млрд теңгені немесе жалпы кө­ле­м­­нің 84,3 пайызын, мемлекеттік инвес­ти­циялар 154 млрд теңгені немесе 15,7 пайызын құрады.
Бұл жерде барлық қаражаттардың 327,1 миллиард теңгесі – жеке тұрғын үйлердің құрылысына, 652,7 миллиарды – көпқабатты тұрғын үй кешендеріне салынған.
Қазақстандықтар өзіне және бала­ларына жан-жақты жағдай жаса­ла­тын елдімекенді таңдайтыны мә­лім. Бұл тұрғыда көші-қон сала­­сында халық үшін тартымды өңір­лер­де тұрғын үй құрылысы буырқана жүргенін байқауға болады. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша алдыңғы қатарда Астана (2,4 млн шаршы метр) мен Алматы (1,9 млн шаршы метр) қалалары, Маңғыстау (833 мың шаршы метр) мен Ақтөбе (792,3 мың шаршы метр) облыстары тұр. Одан кейінгі орындарда ОҚО (721,1 мың шаршы метр), Алматы облысы (646,1), Атырау облысы (624,1), Қызылорда облысы (612,3), Ақмола облысы (426,4), Жамбыл облысы (397,5), БҚО (392,2), ШҚО (380), Қарағанды (374,1), Қостанай (264,7) және Павлодар (242) облыстары тұр. Тізімді тұрғындар саны азайып келе жатқан СҚО (200,1) өңірі тұйықтайды.
2016 жылмен салыс­тыр­ғанда, былтыр Батыс Қазақстан (+42,4%), Оңтүстік Қазақстан (+36,2%), Қостанай (+35,9%) және Пав­лодар (+31,2%) облыстарында тұрғын үйлерді тапсырудың ай­тар­лықтай өсімі байқалады. Алматы об­лы­сында керісінше, тұрғын үйді пай­далануға беру 48,4 пайызға кеміген.
«Нұрлы жер» аясында өңірлерге жаппай тұрғын үй құрылысы жүретін аудандарға қажетті инфрақұрылым жүргізуге 77,3 млрд теңге бөлінген. Жыл қорытындысында соның 99,5 пайыз немесе 76,9 млрд теңгесі иге­ріл­ді. Инвестициялар және даму ми­нистрі Жеңіс Қасымбектің ай­туын­ша, бөлінген қаржы тек Ақмола (99,1%), Қарағанды (92,2%) және Павлодар (94,4%) облыс­та­рын­да толық игерілген жоқ. Негізгі се­беп ретінде «жұмыс жүргізу кес­те­­­сінен артта қалу», «сотта істің қара­­­луына байланысты шарттарды бұзу» және «мемлекеттік сатып алу қоры­­тындысы бойынша үнемдеулер» аталды. Жалпы алғанда, «Нұрлы жердің» 392 миллион теңгесі әжетке жаратылмаған, соның ішінде 153 млн теңгесі – Қарағанды облысына, 165 млн теңгесі – Павлодар облысына, 74 млн теңгесі – Ақмола облысына тиесілі екен.
Ж.Қасымбек осы орайда бір мә­селеге назар аудартады. Игер­меу­шілер қатарына кіріп кетуден тартынатын болса керек, әкімдіктер енді азға қанағат қылуға бел буғандай.
–Биылғы жылы «Нұрлы жер» ая­­сында тұрғын үйлер бой көте­ре­тін аудандарға инженерлік ком­­­муникацияларды тартуға 80 мил­лиард теңге бағыттау жос­пар­ланған. Алайда оның орнына өңірлер небәрі 38,3 млрд теңгенің 132 жобасын қаржыландыруға немесе жоспарланған көлемнің 48 пайызына ғана өтінім жасап отыр. 2018 жылға арналған республикалық бюджеттің шығыстарын белгілеу кезінде бір­қа­тар өңірлер тиісті құжаттама ұсынған жоқ. Мысалы, Атырау облысының әкімдігі бірде-бір жоба ұсынбады, – дейді министр.
Маңғыстау (0,6 миллиард теңге) және Батыс Қазақстан (1,3 миллиард теңге) облыстары өз өтініштерінде қаржыландырудың төмен көлемін белгілеп отыр.
Инвестициялар және даму ми­нис­трлігінің желісі бойынша жалпы құны 31,1 млрд теңге тұратын 106 жобаға, Энергетика министрлігі же­лісі бойынша – 7,2 млрд теңгелік 26 жобаға өтінім бар. Дегенмен алда әкім­діктер тарапынан өтінімдер саны артады деп болжануда. Себебі, ел басшылығы өңірлерге қолданысқа берілетін шаршы метрлер ауқымын одан әрі арттыру міндетін қойды. Оған жаңа учаскелерге инженерлік-ком­муникациялық желілерді тарт­пай, қол жеткізу мүмкін емес.
Қорытынды жасай отырып, «Нұрлы жер» бағдарламасының әрбір бағытының нәтижелеріне де жеке-жеке тоқталып өткен абзал.
Біріншіден, «Халықтың әлеу­мет­­тік жағынан әлсіз топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй салу» бағыты бойынша жыл сайын республикалық бюджеттен 25 млрд теңге бөлінеді. Ол қаржы өңір­­лерге тең көлемде – 1,5 млрд тең­геден таратылады. Осы бағыт ая­сында 2017 жылы өңірлерде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін, жал­пы ауданы 288,7 мың шаршы метр болатын 5 мың 391 пәтердің құрылысы басталды.
Жалпы, 2017 жылы жеке­ше­лен­ді­руге рұқсат етілмейтін 2712 пәтер, 2018 жылы – 1940 пәтер, 2019 жылы – 739 пәтер тұрғызу жос­пар­лан­ған. 2017 жылдың қорытындысы бо­йын­ша 2712 пәтер (151 мың шаршы метр) ендігі пайдалануға берілді. Қарағанды облысында тұрғын үйді іске қосудың жоспарлы көрсет­кіш­теріне қол жеткізілмеген. Жос­пар­лан­ған 96 баспананың тек төртеуі ғана пайдалануға берілді, бұл жос­пар­ды бар-жоғы 4,1 пайызы ғана.
Өңірлер аударылған 25 млрд теңгенің 24,8 миллиардын немесе жал­пы көлемнің 99,2%-ын игерді. Ақмола (92,9%) мен Қарағанды (98,5%) облысы қаржыны толық игер­­мегендер қатарынан табылып отыр.
Биыл бағдарламаның осы ба­ғы­ты бойынша 184,5 мың шар­шы метр немесе 3507 пәтер са­лып, әкімдіктерде үй кезегінде тұр­­­ған­дарға беру көзделуде. Бірақ ми­нис­трлік Маңғыстау облысы 2018 жылы қажеттілікті қалыптастыру кезінде құжаттаманы толық көлемде ұсынбағанын ескертеді.
«Нұрлы жердің» тағы бір саласы – «Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту» бағыты бойынша былтыр 70 мыңнан астам жер учаскесіне инженерлік коммуникация жеткі­зіл­ген. Соның ішінде 54 мыңы бұ­рын бө­­лінген, ал 16 мыңы жаңа учас­ке­лер бо­лып табылады. Ең көп жер учас­ке­лерін Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының әкімдіктері кезекте тұрған адамдарға бөлуді жоспарлап отыр (тиісінше 15 және 11 мыңнан ас­там учаске). Бұдан бөлек, Жамбыл об­лысы – 8 мың 153, Атырау облысы – 7 мың 611, Қызылорда облысы – 6 мың 878, Алматы облысы – 5 мың 232, ОҚО – 4 мың 580, Астана қаласы – 3 мың 798, ШҚО – 2 мың 587, БҚО – 1 мың 276, Қарағанды облысы – 935, Қостанай облысы – 793, СҚО – 744, Павлодар облысы 414 жер учаскесін бермек. Алматы және Ақмола облысы әзірге бірде-бір жер телімін бөлуді жоспарлаған көрінеді.
Түсіндіре кетер жайт, тегін бөлі­не­тін жер учаскелері бұрынғыдай әкім­діктерде кезекте тұрған аза­мат­тарға таратылмайды. Ол жерлерде бір­дей архитектуралық стильдегі жеке тұрғын үйлер салынып, кезек­те­гілерге үлестіріледі.
Бұл ретте пилоттық жоба бо­йын­ша 6 өңірде осындай 1975 үйдің (219,3 мың шаршы метр) құрылысы бас­талған, олар құрылысы биыл аяқталуы тиіс.
2017 жылдың қорытындысы бойынша 164 үй (21,7 мың шаршы метр) пайдалануға берілді, оның ішінде 124-і – Ақтөбе облысында және 40 үй – Қостанай облысында. Қалған үйлер осы жылы іске қосы­ла­тын болады.
Бағдарламаның үшінші бағыты «Жергілікті атқарушы органдардың тұр­ғын үй құрылыс жинақ жүйесі үшін кредиттік тұрғын үй салуы» бо­йын­ша жергілікті атқарушы органдар кредиттік үйлерден 9010 пәтерді (572,1 мың шаршы метр) іске қосты. Негізі, бұл көрсеткіш 9547 пәтерді (597 мың шаршы метрді) құрайды деп жоспарланған, бірақ жоспар 96%-ға орындалды.
«Тұрғын үйді іске қосудың жос­пар­лық көрсеткіштеріне Ақмола (жос­пардың небәрі 17,4%-ы, 36 пә­тер) және Шығыс Қазақстан (жос­пардың тек 28,1%-ы, 105 пәтер) облыстары қол жеткізген жоқ» дейді Жеңіс Қасымбек.
Бағдарламаның осы бағыты бо­йын­ша биыл 134,5 млрд тең­ге жалпы сомаға, оның ішінде 2017 жыл­ғы 7 тамыздағы Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің шешіміне сәйкес, «Бәйтерек» холдингінен және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан алынып, қайта бө­лінген 43,1 млрд теңгеге өңірлер 1,1 млн шаршы метр тұрғын үйдің (18 779 пәтердің) құрылысы жүргізіліп жатыр.
«Нұрлы жер» әкімдіктерде үй ке­зегіне тұра алатындар санаты­на жат­­пайтындықтан, бұл мүмкін­дік­тен қағылған баспанасыз қазақ­стан­­дықтарды да үймен қамту мә­се­­­лелерін шешуді қарастырады. Осы мақсатта жеке құрылыс ком­па­нияларына қолдау көрсетіледі. Сонымен бірге, банктер арқылы 10 пайыздық арзандатылған ипотека беру тетігі іске қосылды.
Бағдарламаның «Жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ын­­­таландыру» бағыты бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры екін­­­ші деңгейдегі банктердің құ­ры­лыс компанияларына бере­тін кре­диттерінің жылдық сыйа­қы мөл­шер­ле­месін 7%-ға субси­дия­лай­ды. Бағ­дарламаның бұл бағыты 2017 жыл­ғы 2-тоқсаннан бастап іске асырылуда.
Жеке салушылардың кредит­те­рін жыл сайын 15 млрд теңгеге субсидиялау жоспарланған еді. Алай­да «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ бас­қар­ма төрағасы Айдар Әріпханов­тың мәліметінше, қазірдің өзінде әкімдіктердің қарамағындағы Өңірлік үйлестіруші кеңестер жеке құрылыс салушылардың кредиттерінің сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау үшін жалпы құны 38,9 млрд теңгеге жете­тін 29 жобаны мақұлдаған. Олар жал­пы ауданы 450 мың шаршы метр болатын тұрғын үйді іске қосуды қарастырады. Соның ішінде 50 мың шаршы метрі 2018 жылы пайдалануға берілуге тиіс.
Айтылғандардан «Даму» қоры жалпы құны 26,1 млрд теңге болатын 20 жоба бойынша субсидиялау шар­ты­на қол қойды.
«Нұрлы жердің» «Халық үшін ипо­текалық кредиттердің қол­же­тім­­ділігін арттыру» бағыты бойын­ша мем­лекеттік «Қазақстан ипо­те­ка­лық компаниясы» АҚ-ы екін­ші дең­гейдегі банктердің став­касы 16%-дан аспайтын ипотекаларының жыл­дық 6%-дық мөлшерлемесін суб­сидиялайды, яғни өзі көтереді. Нәти­жесінде, ақырғы тұтынушы үшін ипотека ставкасы он пайызды ғана құрауға тиіс.
Бағ­дарламаның бұл бағыты да тек 2017 жылғы 2-тоқсанынан бас­тап іске асырылуда. Содан бері қазақстандықтардан жалпы құны 14,2 млрд теңге тұратын баспана үшін субсидияланған ипотека алуға 1 мың 388 өтініш қабылданды, соның 1 мың 317 өтініші мақұлданған. Жасалған шарттар бойынша 83,8 млн теңгеге субсидиялар төленді.
Бағдарламаның осы бағытына қатысушы банктер 2018-2019 жыл­дары 8 мың азаматқа 120 мил­лиард тең­геге субсидияланған үй кре­ди­тін беруді жоспарлауда. Әйт­­кен­­­мен, бұл іске тек 4 банк қана бе­л­­сенді қатысып жатқаны атап өтіл­ді. Нақтырақ айтқанда, бар­лық арзандатылған ипотеканың 55%-ы – «БанкЦентрКредиттің», 35%-ы – «Сбербанктің», 6%-ы – «Банк ВТБ»-ның, 3%-ы «АТФ­банк­тің» еншісінде. Дегенмен бұл қатардағы екеудің ресейлік банктер екенін байқауға болады. Яғни, қазақстандықтар елімізде тір­келгенімен, заты жатжұрттық қар­­жылық ұйымдар алдында ұзақ­жыл­дық кредиттік міндеттеме қабылдауда. «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» бұл бағдарламада әзірге небәрі 1%-ға қанағат қылып отыр.
Министр Ж.Қасымбектің түсін­ді­руінше, отандық банктердің төмен бел­сенділігі «оларда ұзақмер­зім­ді теңгелік қордың болмауына және банктік заңнаманың қатаң талаптарына байланысты» болып отыр. Мәселен, заң бойынша осы ипотеканы алған адамдар кейін несиесін төлеуді тоқтатса, банк оның кепілге қойылған жалғыз баспанасын тартып ала алмайды. Бұл болашақ қауіп-қатерлер мен тәуекелдерден ке­­пілзат арқылы қорғанатын банк­­терді шошытып отырған көрінеді. Қа­­зіргі кезде ел Үкіметі депу­тат­тар­мен, мамандармен, банк қауым­дас­­тығымен бірлесіп, түйткілді мәсе­ле­лердің түйінін тарқатар жаңа шешімдерді іздеуде.
Қалай болғанда, небәрі бір «жас­қа» толған «Нұрлы жер» бағ­дар­­­ламасының жетістіктері то­лайым екенін байқауға болады. Бұ­­дан бұрын алдағы 15 жылдық ке­­зең­де 1,5 миллион қазақстандық отба­­сын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған болатын. Енді Мем­лекет басшысының «Төр­тін­ші өнеркәсіптік революция жағ­да­йын­дағы дамудың жаңа мүм­кін­д­іктері» Жолда­уын­да қойылған жаңа міндетке сәйкес, бұдан да көп отбасын қамту және 2030 жылға қарай тұрғын үймен қамту көрсеткішін әрбір тұрғынға шаққанда 30 шаршы метрге дейін жеткізу бойынша жаңа жоспар қабылдануда.
Бұған қоса, Елбасы халық үшін жайлы жағдай жасау мақсатында жаңа тұрғын үйлерде заманауи технологияларды қолдана отырып, оларды интелектуалдық басқару жүйелерімен жабдықтауды тапсырды.
– Сондықтан пайдалануға бері­­летін тұрғын үйлер сапасына та­лап­­тар артатын болады. Біз ес­кір­­ген «Құрылыс нормалары және ережелерінің» (СНиП) ор­нына «еврокодтарды», құры­лыс са­ла­сында ақпараттық модел­деу тех­­­нологияларын (BIM-техно­ло­­гия­ларын) ендіру бойынша бел­сен­ді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қабылданған шаралар тұрғын үй сапа­сын айтарлықтай жақсартуға және құры­лыстың өсу қарқынын арттыруға септеседі, – дейді министр Жеңіс Қасымбек.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев та «Нұрлы жер» бағдар­ла­ма­сын жүзеге асырудың алғашқы жылы тамаша нәтижелер әкелгенін, Тәуелсіздіктің 26 жылында мұндай көр­сеткіштер болмағанын айтады. Соны­мен бірге, ол барлық жауапты тұл­ғаларға тұрғын үй құрылысы қар­қы­нының жыл сайын 10%-ға өсіп отыруын қамтамасыз етуді жүктеді. Яғни, 2018 жыл қорытындысында «Нұр­лы жер» мемлекеттік бағдарла­ма­сының көрсеткіштері өткен жылғыдан тура бір миллион шаршы метрге асып түсуге және 12 миллион шаршы метрден артуға тиіс.
Айхан ШӘРІП
27 қаңтар 2018 ж. 1 375 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031