БАСПАНАЛЫ БОЛУ – БІР БАҚЫТ
Елбасының сарабдал саясатының арқасында мемлекеттік бағдарламалар бойынша көптеген азаматтар тұрғын үйге қол жеткізді. Осындай серпілісті істер Қызылорда қаласында да көрініс беріп отыр. 2018 жылды көптеген жерлестеріміз жаңа баспанасында қарсы алды. Қызылорда қарқынды құрылыс алаңына айналып, зәулім үйлер бой көтерді. Көп адам арманына жетті.
Соңғы жылдары Сырдың бас қаласында тұрғын үй салу ісі ерекше қарқын алды. Халықты баспанамен қамту көрсеткіші еселеп артып, 7 мыңнан астам қызылордалық үйлі болды.
Былтыр облыста 600 мыңға жуық шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл игіліктер жеке инвесторлар қаражаты есебінен және мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының аясында жүзеге асты.
Қазір қалада қоныстойын тойлаушылар қатары көп. Таяуда ғана Демесінов көшесінде жұртшылық осындай салтанатты шараның куәсі болды. Бір-біріне қарама-қарсы орналасқан төрт бірдей көпқабатты үйдің құрылысын «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры АҚ-ның тапсырысымен «Бақ-Береке 2030» ЖШС жүргізді.
Өткен жылдың өзінде көпқабатты 61 тұрғын үй құрылысы жүргізілді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында осындай игілікті істер жасалуда. Облыс орталығында апатты үйлер жайы толығымен шешілді. Бұл – қуантарлық жайт. Олардың орнына биік баспаналар салынып, тұрғындар жаңа қонысқа көшті.
Соңғы 4 жылда Сыр өңірінің бас шаһарында 7 мыңнан астам тұрғыны бар 12 шағын аудан бой көтерді. Бұдан бөлек, дарияның сол жағалауында жаңа қаланың құрылысы қарқын алды. Биыл Қызылорданың 200 жылдық мерейтойы кең ауқымда аталып өтілмек. Сол кезде жаңа шаһардағы алғашқы ғимараттар ел игілігіне пайдалануға берілмек деп көзделуде.