» » ҚАЗАҚ ДИПЛОМАТИЯСЫНЫҢ ЖЕТІСТІГІ

ҚАЗАҚ ДИПЛОМАТИЯСЫНЫҢ ЖЕТІСТІГІ

Марк КОТЛЯРСКИЙ,
журналист (Израиль):
– АҚШ президенті Дональд Трамппен кездескен Нұрсұлтан Назарбаев КХДР мәселесін Иранның ядролық келісімі сияқты шешу жолын ұсынды. Бұған дейін Батыс елдері Иранға шарт қойып, орындалмаған жағдайда санкция салатынын мәлімдеген еді.
БАҚ, оның ішінде израилдік ақпарат құралдары Н.Назарбаевтың мына сөзін келтіреді: «Аталған проблеманы АҚШ, Ресей және Қытай арасында өзара сенімді қалпына келтіру арқылы шешуге болады. Бұл туралы біз Ақ үйде де сөйлестік. Бәрімізге ортақ ұстаным болу керек деп ойлаймын. АҚШ, Ресей және Қытайсыз бізге бұл түйінді тарқату қиынға соғады».
Сонымен қатар Н.Назарбаев Қазақстанды келіссөздер жүргізетін мемлекет ретінде де ұсынды. Қазақстанды ядролық қарудан бас тартып, Семей сынақ полигонын жапқаны үшін өте қатты бағалаймын. Бұл – аса маңызды әрі тәуекелшіл қадам. БҰҰ Бас ассамблеясының отырысында қарусыздандыру туралы айтқан ойы өзекті болып қала бермек және оның бұл бастамасы қақтығыстар мен түсініспеушіліктерді шешудің жолы бола алады.
Андрей Казанцев, 
Орталық Азия және Ауғанстан проблемаларын зерттеу орталығының директоры:
– Президент Дональд Трамп Ауғанстандағы жағдайға байла­нысты мейлінше күрделі проб­лемаға тап болды. Сол себепті, Ауғанстан бойынша Америка сөзсіз Қазақстанмен тығыз байланыста болуды көздейді.
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде тек Ауған тақырыбын ғана емес, экстремизм мен терроризмге қарсы күресу мәселесін де көтеріп отыр. Нұрсұлтан Назарбаев Американың барлық президентімен кездескен және Ресей президенті Владимир Путиннің сенімді досы ретінде АҚШ пен Ресей арасын бітімге келтіру міндетін де атқара бермек. Қазақстан бұған дейін Сирия мәселесі, Ресей мен Түркия қарым-қатынасы, Украина жанжалы бойынша да татулыққа шақыра білді. Экономикалық қырына келетін болсақ, Қазақстан – жаңа инвестициялардың келуіне мүдделі.
Андрей Грозин, 
Мемлекеттік думадағы сарапшылар кеңесінің мүшесі, Ресей Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері:
– Бірқатар әріптестеріне қа­ра­ғанда Нұрсұлтан Назарбаев өте тия­нақты сапар жасап, Дональд Трамппен қажетті келісімдерге келе білді. Қазақ­стан басшысын Америка жо­ғары деңгейде қарсы алып, құрмет көрсетті. Сапар барысы нәтижелі болып, біріккен конференция жасады. Бірнеше миллиард долларды құрайтын инвестиция жарияланды, эконо­микалық және саяси жобалар нақтылана түсті. Соны­мен қатар Қазақстан Ақ үйде тек өзінің ғана емес, посткеңестік кеңістіктің атынан барды. Қазақстан еуразиялық және халықара­лық бастамаларға ерекше күш салу арқылы әлемдік саясатта айтары бар ел екенін айқындады. Әсіресе, Сирия проблемасы бойынша тараптарды бір үстел басында қосуы – дипломатияның жетістігі. Мәскеу мен Бейжің бұл сапардың нәтижесін асыға күтті десе де болғандай. Себебі, Қазақстан – Еуразия кеңістігіндегі үлкен ойыншы.
Фуад Ализаде, 
экономикалық сарапшы (Әзірбайжан):
– Қазақстан мен АҚШ ара­сындағы қарым-қатынас энер­ге­тика және транспорттық дә­лізді дамыту тұрғысынан Әзір­байжан үшін өте маңызды. Қазақстан қазіргі таңда өзінің энергия тасымалын сыртқа шығару мүмкіндігіне ие. Бұл үшін Әзірбайжан аумағындағы – Баку-Тбилиси-Жейхан құбыр желісінің пайдаланылатынын ешкім жоққа шығармайды. Аталған құбыр құрылысына батыстық компаниялар белсене атсалысқан болатын. Бұл біздің де, Қазақстанның да транспорттық дәлізі­­нің дами түсуі үшін өте тиімді. Қазақстан Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау бойынша Баку-Тбилиси-Карс желісін пайдалану туралы қызығушылығын жасырмайды. Алдағы уақытта энергетикалық және транспорттық транзит арамызды одан әрі жақындатып, байланысымызды бекемдей түспек.
Қазақстан үшін, әсіресе, Әзірбайжан, Түркия елдері арқылы серіктестікті нығайта түсу аса маңызды және билік мұны назарда ұстап отыр. Бізге қастық ойлағандар айтып жүргендей Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры жобасы да Ресейге қарсы бағытталмаған. Бұл жобалар – Әзірбайжанның дамуы мен өңірлік ынтымақтастықты мақсат еткен. Қазақстан да АҚШ-пен ірі келісімдер жасау арқылы өз экономикасын әртараптандыра түсті.
Дэвид А.Меркель, 
Атлантикалық кеңестің аға ғылыми қызметкері:
– Дональд Трамп Нұрсұлтан Назарбаевты өзі Америкаға ша­қыр­ды. Н.Назарбаев Қазақ­стан­ның ғана шашбауын көтеріп жүрген жоқ, ол – Ор­талық Азияның Көш­басшысы. Бұл – Қазақстан басшысының 2006 жылдан кейін­гі АҚШ-қа жаса­ған ал­ғашқы ресми сапары. Қазақстанның стратегиялық маңыздылығын түсіне алғаны үшін Трамп пен оның командасына алғыс білдіру керек. Оның ресми сапары Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуімен тұспа-тұс келді. Осының өзі-ақ Қазақстанның қысқа уақыт ішінде жылдам дамығанын, үлкен биікке жеткенін айғақтап тұр. Қазақстан мен АҚШ – қауіпсіздік саласы бойынша серіктестер. Енді олар үшін өңірдегі терроризм, ради­ка­лизм­мен күресті күшейте түсу өте маңызды. Сонымен қатар екі ел экономикасына да үлкен мүмкіндіктер сыйлайтын бірқатар келісімнің жасалғаны да қуантады. Тараптар­дың татулығы мен берік қатынасы Орталық Азиядағы тыныштық пен қауіпсіздікке кепіл болады.
Зарема ШӘУКЕНОВА, 
Президент жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының директоры:
– Ядролық қаруды таратпау – Қазақстанның сыртқы сая­саттағы ең маңызды бағыттары­ның бірі. Ядролық қарудан бас тарту, Семей ядролық полиго­нын жабу, МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкінің ашылуы – Қазақстанның аталған бағыттағы тарихи қадамы болды. БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесі осы ұйымның маңызды органы ретінде Қазақстанның бейбіт мақсаттағы ой-пікірін еркін білдіріп, әлемді татулыққа шақырудағы қолайлы алаң­ға айналды. Пікірталас қаруды таратпау маз­мұнындағы өзекті мәселелердің көтерілуіне, мемлекеттер арасын­дағы сенімді нығайта түсуге негіз болды. Ядролық қаруды ұстап тұру қазіргі әлемде өзектілігін жоғалтуы тиіс. Оның орнын қақтығыстарды шешудің бейбіт жолы, өзара келісім мен ықпалдастық басуы керек. Қазақстанның көзқарасы бойынша XXI ғасырдағы түйінді мәселенің барлығы дерлік осы тұрғыдан ше­шімін тапқаны абзал. Қауіпсіздік кеңесінің отырысын­да Елбасымыз осындай маңызды байлам айтты.
Қазақстанның ұстанымы – уақыты келгенде ядро­лық қаруды түбегейлі жою деңгейіне ұмтылу. Елбасы айтып өткендей, әлемде деңгейі бойынша төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан, әлемдегі ірі полигонды жапқан мемлекет ретінде басқаларды қырып-жою қаруынан бас тартуға шақыруға моральдық құқығымыз бар. Біз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болу арқылы көптеген шаруаларды реттей алдық. Былтыр біздің делегацияның қатысуымен Қауіпсіздік кеңесінің 61 резолюциясы қабылданды.
Нуриддин СҰЛТАНМҰРАТОВ,
Азиялық зерттеулер институтының сарапшысы:
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапарын үлкен оқиға деп айтуға болады. Бұл – Қазақстан үшін де маңызды дүние. Өйткені әлемдегі экономикалық-әскери қуаты жөнінен бірінші орын ала­­тын мемлекетпен байла­нысты одан әрі тереңдету – еліміз үшін елеулі оқиға. Біз бұған мүдделіміз. Екінші жағынан, бұл сапардың тағы бір маңызды тұсы – АҚШ үшін біздің еліміз стратегиялық тұрғыдан өте маңызды мемлекет екендігінде. Дональд Трамп билікке келгелі страте­гиялық тұрғыдан маңызды деп қарастыратын мем­лекет басшыларын АҚШ-қа сапар жасауға ша­қырып келеді. Яғни, бұл тізімде еліміздің бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаевтың да болуы – Қазақ­станның стратегия­лық маңызы бар мемлекеттер қатарында екенін көрсетсе керек.
Қазақстан – мұндай қарым-қатынасқа лайықты. Әлемде қазір бейберекет жағдай, қақтығыс­тар, шиеленістер жиі орын алуда. Осындай түрлі ке­леңсіз жағдайлар кезінде Қазақстан секілді мемлекетпен байланыс орнату – өте маңызды. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері көпвекторлы саясат жүргізіп келеді. Яғни, барлық әлемдік орталық­тармен бірдей қарым-қатынас орнатуға мүдделі. АҚШ, Қытай, Ресей, Еуропалық одақ, мұсылман әлемі секілді барлық жақтармен тере­земіз тең қарым-қатынас орнатқымыз келеді. Үшін­шіден, салыстырмалы түрде, шағын мемлекет болсақ та, сыртқы саясатта белсенділік таныта білдік. Мә­селен, өзіміздің бітімгерлік саясатымызды үнемі алға ұстап отырамыз. Сирия проблемасы бойынша Астанада ашық алаң ұйым­дастырып, мәселенің оң шешімін та­буға мүмкіндік жасауда да – Қазақстанның рөлі зор. Кезінде Иран мәселесінде Алматыда арнайы кездесулер өткені белгілі. Осындай саясат ұстануымыздың арқа­сында өз беделімізді халықаралық аренада көрсете алдық. Осы орайда Трамп мырзаның Ауғанстанға қатысты саясатын ескеретін болсақ, Қазақстанмен терең байланыс орнатуға олар мүдделі болып отыр. Біз сенімді әріптеспіз, бізбен келіссөздер, жоспарлар жасауға болады. АҚШ мемлекеті Ауғанстандағы әскери коалиция санын көбейтеді деген ақпарат пайда болды. Сарапшылар болжағандай, олар Ауғанстанда қала береді әрі белсенді саясат жүргізуге тырысады. Трамп мырзаның Пәкістан мемлекетін қатты сынға алғанынан да хабардармыз. Ауғанстанды терроризммен күресуге барын салмай отыр деген мәселелерді де қозғады. Бұл орайда Қазақстанның рөлі маңызды. Төртіншіден, Президент Нұрсұлтан Назарбаев үнемі шет елдерге сапарларында экономи­калық мәселелерді назардан тыс қалдырмайды. Вашингтон сапарында да 20-дан астам келісімге қол қойылды. Бірнеше миллиард долларға келісімдер жасалды. Бұл Қазақстанның АҚШ-пен эко­но­ми­калық байланысы да арта түседі деген сөз.

27 қаңтар 2018 ж. 902 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 031

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031