» » Кибер әлемде қауіпсізбіз бе?

Кибер әлемде қауіпсізбіз бе?

ІТ-технология. Смарт-сити. Кибер­әлем. Біздің бағыт осы. Құй қалаңыз, құй қаламаңыз. Барам деп бармайсыз, мәжбүрлі барамыз. Өйткені әлем сонда барады, адам сонда болады. Қалыс жүргендер оқшау қалады. Өрлемейді. Өркендемейді. Қазіргі өркениет – сандық технология. Доңғалақ пен іштен жану двигателінің жаңалық болудан қалғаны қашан. Алуан-алуан «жемісі», қыруар-қыруар «егісі» бар ІТ көштің соңына ілесесіз бе?
Замана көші сол. Сандық әлем. Кибер кеңістіктің ешкім кіреберісін көрсетпейді. Біз әлдеқашан сол әлемге енгенбіз. Сенбейсіз бе? Жылына кем дегенде бір мәрте халыққа қызмет көрсету орталығына барасыз. Ол жаққа бармай-ақ, мемлекеттен алатын тиісті анықтамаларды үйде ғаламтор болса ала беруге болады. Мәселен, мекенжай анықтамасы. Бүгінде мекенжай анықтамасы кез келген саладан қызмет алмақ болсаңыз қажет. Ал әлсін-әлсін ХҚКО-ға шапқылап бару кімге де оңай емес. Тек электронды кілтіңіз болса болғаны. Бұл – бір. Екінші – жалақыңызды, зейнетақыңызды қай банктен алсаңыз да есепшотыңызды үйден отырып басқаруға болады. Тіпті шалғайда білімнің тауын шағып жатқан балаңызға қалтафоныңыздан қаржы аударып, оқуын да төлеуге мүмкіндік бар. Қолыңызда заманауи смартфон болса болғаны. Банкке барып әуре болмайсыз. Үшінші – банктегі шотыңызда ақша болса, үйге қажеттіні де ғаламтордан сатып алып, тұтынуға мүмкіндік бар. Ғаламтор-дүкендер саны бүгінде күрт өскен. Мысалы, алиэкспресс деген әлемдік сауда-саттық сайты бар. Жаныңызға не керек, соның бәрі осы сайттан табылады. Қажеттіні тауып, шүріппені шертсеңіз болды, тауар Қытайда болса да бірер күнде үйіңізге жеткізіледі. Бірақ. Керемет әңгіменің арасына бірақ кіріп құртады. Бірақ сандық технологияға да сауаттылық керек. Қауіпсіздікті сіз ойламасаңыз, сіздің атыңызды жамылып бәз біреулер қарекет етпек. Сізді өз игілігіне пайдаланбақ.
Қауіп қайдан демеңіз. Хакер деген жүр кезіп. Білесіз бе? Дмитрий есімді хакер Эстония мемлекетін біршама уақыт тас ғасырына апарып тастаған. Сүйреп не итеріп емес. Бір күнде тұтас мемлекетті ғаламтордан ажыратып тастаған. Қалай дейсіз бе? 2007 жылы Эстония кеңестік кезеңдегі ескерткіштерді алып тас­тау жөнінде қызу қарекетке көшеді. Бұл орыс хакеріне ұнамаса керек. Ата-бабасының рухына қойылған ескерткіш сүрілген соң кек қайтару мақсатында ғаламторды өшіріп тастайды. Сөзбен айтқанда бір бөлменің жарығын өшіріп тастағанмен бірдей. Алайда тұтас елдің ғаламторын өшіру талайдың, тіпті миллионнан бірдің қолынан келмес. Ал мемлекеттің ғаламторын өшіріп жатқанда сіздің банктегі шотыңыз оларға түк емес. Шай ішіп, саясат туралы әңгіме айтып отырғанда банктегі миллиондарды үптеп кетуі ғажап емес. Тіпті атыңызды жамылып банктен несие рәсімдеуі де бек мүмкін. Тағы бір мысал, атын атап, түсін түстемейін, әдетте банкоматтан жалақыңызды алуға бардыңыз делік. Жалақыңыз – 80 153 теңге. Бірақ Сіз 80 мыңды шешіп аласыз да, 153 теңгеге мән бермейсіз. Сізге тиын көрінеді бұл қаржы. Ал ғаламтор қылмыскерлеріне сіздің тиыныңыз да жетіп жатыр. Уақытында бір хакер ұсталыпты. Ұсталмас еді, оған ашкөздігі сеп болыпты. Хикая былай басталған, әлгі хакер әр шоттан бір теңгеден алып тұратын вирусты банк жүйесіне енгізеді. Шоттағы 153 теңгені тиын көретін біздер үшін күніне бір теңге еш шығын емес. Ал сол банктен жалақы алатын 800 мың тұтынушыдан алынатын 800 мың теңге қыруар қаржы. Әлгі хакер әр күн сайын түстетін 800 мыңды бірден шешу үшін уақыт өткізеді. Кезі келгенде банктен қайдан және қандай мақсатта түскені белгісіз миллиондарды шешуге барғанда ұсталады ғой. Мәселе қайда жатыр.
Жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында. Бүгінгінің малы – ақша, байлығы – теңге. Барыңыздан айрылмас үшін қайтпек керек? Сауаттылық қажет. Арифметика мен тарихтан білгеніңіз білмейтініңізден көп болғаны аса қажет те емес. Бастысы компьютерлік білім, ІТ сауат қажет. Өйтпегенде ше? Кибербөрілердің «азығына» айналасыз. Тағы да сұрақ, қалай? Шай ішіп отырғанда «троян-шифровальшиктердің» арқасында шотыңыздағы тірнектеп жинағаныңызды біреулер пайдаланып кетеді.
Елімізде жыл сайын ғаламтор пайдаланушылардың саны артып келеді. Өткен жылы мобильді интернетті пайдаланушылардың саны 11-12 миллионға жеткен. Сол жылы 100 мыңға тарта кибершабуыл жасалған. Демек, бізде әлі де қорғаныс әлсіз. Әдетте үйдегі дербес компьютерді қорғау үшін мамандандырылған бағдарламаларды пайдаланбаймыз. Ал бұл хакерлерге таптырмас мүмкіндік. Өйткені бүгінгі вирустар сіздің компьютердегі маңызды ақпараттарды жоюға не өшіруге бағытталмаған. Ондағы ақшаға қатысты жеке мәліметтеріңіз туралы мағлұматты хакерге жеткізумен айналысады. Вирус қалай жұғады? Орынды сұрақ. Сіз немесе сіздің балаңыз компьютер арқылы ғаламтордан су жаңа шыққан фильмді іздейді. Бір сайтты аштыңыз. Фильм тамашалап болып, компьютер өшірдіңіз. Орныңызға жайғасып, ұйқыңызға көштіңіз. Осы уақытта әлгі сайт арқылы вирус сіздің компьютерге енді. Ал, қалтафонда ше? Қазір Whatsapp арқылы түрлі хабарлама тарап жүр. Әдетте: «Мынадай мекеме 10 жылдығына орай 10 сыйлық береді. Сайтқа кіріп тіркеліп, 10 адамға хабарлама тарат» дейді. Сайтқа кіргеннен-ақ сіздің телефондағы банк шотыңыз туралы, жеке мәліметтеріңізді хакерге жариялап отырады. Он адамға таратқан соң, он адамға да қауіпті таратасыз. Бұл вирусты жұқтыратын амал. Мұндай хабарламаны ашудың және таратудың қажеті жоқ.
Біраз жайдың басын ашуға не себеп? Жуырда «Сыр медиа» ЖШС аудандық, қалалық және облыстық басылымдардың басын қосып, «Веб-аналитика және ақпараттық қауіпсіздік» тақырыбында жиын өткізді. Бірнеше сағатқа созылған семинарды «Grand master» бағдарламалау мектебінің директоры Алмат Қуанышбаев жүргізді. Тақырып тарқатылды. Айтпақшы, талай кибер шабуылдың алдын алып жүрген А.Қуанышбаев қармақшылық болып шықты. ІТ-маманмен сұқбатты алдағы уақытта басылым бетіне жариялаймыз.
Дастанбек САДЫҚ,
«Қармақшы таңы».
14 қыркүйек 2018 ж. 1 271 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 042

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031