» » БІЛІМ БЕРУДЕГІ МУЗЕЙДІҢ РӨЛІ

БІЛІМ БЕРУДЕГІ МУЗЕЙДІҢ РӨЛІ

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын қоғам өкілдері, жалпы қалың бұқара жылы қабылдады. Онда Елбасы қазіргі қоғам талабына сай ел болашағына бағытталған айқын басымдықтарды атап көрсетті. Бастысы, біздің рухани кемелдену мұратымыз аса биік екенін көрсетті.Осы орайда ғасыр басында экономикалық қысым әсерінен елімізде мәдениетке аз көңіл бөлінгенін айта кетейік. Қазақ халқының ұлттық мәдениетіне батыс мәдениеті әсер етіп, үлкен қатер төндірген болатын. Ал қазіргі таңда барлығы басқаша, ғылым, білім, руханият алдыңғы қатарға шығып, ұлттық құндылықтарға ден қойыла бастады.
Жастар тәрбиесі мен білімі ел болып көтеретін басты мәселеге айналып, «Жастарды мәдениеттің бастауына қалай алып келеміз, ұлттық құндылықтарға қалай баулимыз?» деген сауал әлі күнге дейін әрбір ұлтжанды ата-ана мен мұғалімнің көкейінде жүргені аян. Жас  ұрпақты тәрбиелеу мен білім берудегі өзекті мәселелердің тиімді шешімі музейде жатыр.
Музей – халқымыздың рухани асыл қазыналарын жинақтап, өткен мен бүгінді жалғап отырған ғылыми-мәдени, рухани мекемелердің бірі. Музей экспонаттары – халық тарихы мен өнерін қамтитын талай замандардың тірі куәлары. Олар халықтың ұзақ ғасырлар бойындағы тірлік-тынысының айқын көрінісі, салт-дәстүрлердің жарқын іздері. Тарих тұңғиығынан сыр тарқататын экспонаттар нағыз көркем өнер туындылары десек, қателеспейміз. Ендеше, әлемдік мәдениетте адамзаттың ыждаһаттылықпен жинақтап, қастерлеп сақтаған құндылықтарын жастарға (оқушыларға) насихаттай отырып, тарихи білім беру үшін тарихи-мәдени кеңістік – музейге алып келу керек. Өйткені, музей белгілі бір тұлғаны қоғамнан тыс мәдениет әлеміне кіргізіп, биігіне шығарады. Музей келушілердің (оқушылардың) бос уақытын қызықты өткізетін орын ретінде ғана емес, нағыз тарихи айғақтардан тұратын мекеме ретінде білім жүйесіне көмекке келуі қажет. Осылайша, музей мен білім жүйесі бірігіп, адамның рухани байлығы мен тарихи білімін қалыптастыру жолында бір бағытта жұмыс жасауы қажет. Дегенмен, білім жүйесіндегі рухани-адамгершілік, азаматтық-патриоттық, тарихи-өлкетану тәрбиесін берудегі тәжірибені музеймен бірлесе отырып жүргізу қазіргі таңда кең өріс алуда.
Музей мен оқу орны арасындағы байланысқа бағытталған білім берудің гуманитарлық жаңалықтарға ұмтылысы ХХІ ғасырдағы білім берудің жаңа парадигмасының негізін құрайды.
Музейлік заттар, яғни құндылықтар белгілі бір оқиғалар мен тұлғалар жөнінде ақпарат беретін дереккөз ретінде экскурсантқа эмоционалды түрде әсер ете алады, өткен шаққа, қолөнершінің әлеміне ойша кіру арқылы сол оқиғаға, кезеңге қатыстылығын сезіне алады. Дәл осы әдіспен бала жүрегіне көпір салып, дұрыс өмірлік бағыт алуына, өмірдің мәңгілік құндылықтарын түсіне білуіне көмектесуге болады. Музей педагогикасының мақсаты да осы. Оқу орны беретін тәрбиенің жалғастырушысы, заттай көрнекіліктермен толықтырушы мәдени-ғылыми ошақтардың бірі – музей. Музей экспонаттары көмегімен тарихи кезеңдерді толық зерттеп, заттай деректермен көрсетіп, әр экспонатты сөйлету арқылы білім мен тәрбиені егіз беру музей педагогикасы болып табылады.
Музей педагогикасы оқу орындардың үздіксіз білім беру жүйесінде маңызды рөл атқарып келеді. Білім және тәрбие ошақтарының мұғалімдері немесе тәрбиешілері өскелең ұрпақты бірігіп тәрбиелеуге музейден көмек сұрап келуде. Мұғалім бала санасына сіңіргісі келген білімін музей педагогикасына сүйене отырып беруі – музей және білім ошағы үшін де үлкен жетістік. Музей педагогикасының негізгі мақсаты – өкшебасар ұрпақты музейге тарту, тұлғаның шығармашылық дамуын жүзеге асыру. Сондықтан, қазіргі таңда музей педагогикасын инновациялық педагогикалық технология деп қарастырады. Психологиялық зерттеулер музейлік біліми-мәдени кеңістікте көп болатын баланың ой қызметі нық қалыптасатындығын тұжырымдауда. Оқушы мәдениетін қалыптастыру жүйесінде музей педагогикасын инновациялық технология ретінде пайдаланудың қағидалары: көрнекілік; қолжетімділік; динамикалық; материал құрылымының маңыздылығы (балаларға қызықты болуы); музей коллекцияларымен таныстырудағы жүйелілік, яғни реттілік; гуманизм; ақпаратты қабылдау кезіндегі балалар фантазиясы мен сұрақтарын ынталандыру, мадақтау, тұлғаны көтермелеу; музейлік құндылықтарды меңгерудегі балалардың белсенділігі.
Кез-келген экспозицияда келесі логикалық тізбекті ескеру керек: қабылдау – түсіну – ойлап қорыту – бекіту – пайдалану [1, 2 б.].
Музей педагогикасы технологиясын құрудағы әдістемелік аспектілерге сүйенсек, балалармен жұмыс жасауда берілген ақпараттың сапасы мен саны маңызды емес, бастысы балалардың бойында шығармашылық белсенділікті арттыру болып табылады. Музей экспозициясымен танысу барысында міндетті түрде тәжірибелік бөлімді қосу керек. Оларға ойын-сауық, ойын-саяхаттар, ойын-графикалық жаттығулар, интеллектуалды-шығармашылық ойындар, әдеби шығармалар сюжеті бойынша ойындар жатады. Ойындардан басқа схема, аппликациялық коллаждар, суреттермен әрленген музей күнделігін толтыру, сурет салу, ермексазбен жұмыс істеу, ертегі ойлап шығару (музейде көргенінен). Музей экспозициясымен танысу мен ұғынудағы жаңа технологиялар әрбір жас өренге зиялы адам болуға, жастайынан мәдениет пен ғылымға бейімделуге мүмкіндік береді.
«Музей экспонаттарын қолмен ұстауға болмайды» деген қағида халық жадына сіңіп кеткен. Швейцар педагогы Иоганн Генрих Песталоцидің «Білім беру процесінде ақыл, жүрек және баланың қолы бірге қызмет атқару керек» деген сөзі бұл қағидаға қарсы келе алады. Музейдің көрнекілік ұстанымдарына экспонатты ерекше етіп көрсету, экспонатты ұстап көруге мүмкіндік беру сынды қағидалар жатады. Кеңес үкіметі кезінде экскурсант бейтарап көруші болып келді, ал қазіргі музейлерде экскурсант – экспозиция жасаушы, шығармашылық процеске қатысушы. Мысалы, «Музей безгегі» ойынын ойнату арқылы балалардың аталар киген мәсіні киюі, қыз балалардың ұршық иіруі, соғыс ардагерлерінің таққан медальдарын қолмен ұстап көруі – балалардың сол процеске қатыстылығын сезінуге, экспозицияның шығу тарихына үңілуге, материалды тез әрі жеңіл қабылдауына мүмкіндік береді. Музей шығармашылық тұлғаны қалыптастыратын тәрбиенің ажырамас бөлігіне айналды, әрбір жас өрен музейден шыққанда ой-өрісінің бір сатыға көтерілгенін байқап, өмірге деген үлкен сенімділік пайда болады десек, артық айтпаймыз.
Ақпараттық қоғамның даму жолында мәдени-ағарту мекемелеріне үлкен міндеттер жүктелуде. Қазіргі таңдағы заманауи адам ақпарат көздерінен түрлі мәліметті бойына үнемі сіңіріп отырады, жаңа әрі пайдалы біліммен қатар құнсыз мәлімет те адам санасын улап жататыны анық.
Қазіргі білім мекемелерінің, кітапханалардың, театрлардың ерекше әрі бай қоры бар, сондықтан мәдениет және білім ошақтары адамның тек құнды біліммен сусындауына мүмкіндік беретін жолды іздеп, халыққа ұсынып келеді.
/жалғасы бар/

Әйгерім БЕККУЛИЕВА,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі


21 тамыз 2018 ж. 1 073 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 165

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930