Мәслихаттар сайлауы
» » БІР ТОРТТАН БАСТАЛҒАН КӘСІП

БІР ТОРТТАН БАСТАЛҒАН КӘСІП

Кондитерлік кәсіп – талғам мен шеберлікті, тазалық пен төзімділікті қатар талап ететін сала. Әсіресе, әрбір торттың артында тапсырыс берушінің қуанышты сәті, ал кондитердің өзіне жүктелген жауапкершілік тұрады. Ауданда орналасқан Fariza Tort кондитерлік орнының негізін қалаған кәсіпкер Фариза Ахауова да осы жолды таңдаған. Ол 2017 жылы үй жағдайында тәттілерге тапсырыс қабылдаудан бастаған кәсібін жылдар бойы дамытып, өткен жылы жеке кондитерлік орнын ашты. Бүгінде мұнда күн сайын түрлі торттар дайындалып, тұтынушыларға ұсынылады. Кәсіпкермен сұхбатымызда оның еңбек жолы, өнім сапасына деген талабы және алдағы жоспарлары туралы әңгімелестік.
– Фариза Әлібекқызы, кондитерлік кәсіпке келуіңізге не себеп болды? Үй жағдайында алғашқы тапсырыс қабылдаған кезіңіз есіңізде ме, сол кезде қандай қиындықтар кездесті?
– Кәсіпкерлікпен айналысу ойымда бұрыннан бар еді. Алайда дәл торт жасаумен айналысамын деп жоспарламаған болатынмын. 2012 жылы тұрмысқа шықтым. Бес баланың анасымын. 2017 жылы декреттік демалыста үйде отырған кезімде уақытымды тиімді пайдаланып, бір іспен айналысқым келді. Осылайша, алғашында үй жағдайында тәттілер мен түрлі пісірмелерге тапсырыс қабылдай бастадым. Біртіндеп пирогтардан торт жасауға дейін үйреніп, бұл іске деген қызығушылығым арта түсті. 2018 жылдан бастап негізінен торт дайындауға ден қойдым. Кондитерлік шеберлігімді жетілдіру үшін Қызылорда қаласында мамандардың шеберлік сабағына қатыстым. Сонымен қатар көп нәрсені өз бетімше үйреніп, тәжірибе жинадым. Алғашқы тортты дайындағанда қатты уайымдадым. Тапсырыс берушіге ұнай ма, дәмі көңілінен шыға ма деген ой болды. Басында тұтынушы тарту үшін жеткізу қызметін тегін ұсынып, жарнама жасадық. Сол арқылы адамдарға өнімімізді танытуға тырыстық. Алғашқы кезде әр тапсырыс үлкен жауапкершілік жүктейтін. Өйткені тәжірибе жинап, өзіңе деген сенімді қалыптастыру қажет. Уақыт өте келе үйреніп, шеберлігімізді шыңдадық. Ең бастысы, бастаған ісіңе жауапкершілікпен қарап, тоқтап қалмау керек екен.
– Үйдегі шағын кәсіптен жеке кондитерлік цех ашуға дейін жеттіңіздер. Бұл қадамға қашан бардыңыздар?
– Үйде тапсырыс қабылдап жүрген кезден бастап кәсібімізді кеңейтіп, жеке орын ашуды ойладық. 2024- 2025 жылдары кондитерлік цехтың құрылысын жүргізіп, оны толық аяқтадық. Өткен жылдың желтоқсан айында Fariza Tort кондитерлік орнын аштық. Бұл біз үшін үлкен қуаныш әрі жаңа жауапкершіліктің бастауы болды. Себебі үй жағдайында жұмыс істеу мен арнайы цехта өнім дайындаудың айырмашылығы бар. Мұнда тапсырыстарды жүйелі орындап, дайын өнімді ұсынуға және тұтынушылармен тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндік молайды.
– Қазір тұтынушылар арасында қандай торттар сұранысқа ие? Дизайн таңдауда қандай ерекшеліктер байқалады?
– Күнделікті сұраныста бисквитті торттар, «Молочная девочка», «Киндер Буэно», «КитКат» сияқты түрлері бар. Ал безендіру жағынан балаларға арналған торттарға тапсырыс көп түседі. Түрлі мультфильм кейіпкерлері, анимациялық бейнелер мен фильмдерден алынған дизайндарды жасаймыз. Туған күндерге арналған футбол тақырыбындағы безендірулер де сұранысқа ие. Әр тапсырыс иесінің қалауы әртүрлі болғандықтан, біз мүмкіндігінше оның идеясын жүзеге асыруға тырысамыз. Торттың сыртқы көрінісі де маңызды, өйткені ол мерекенің сәнін келтіреді.
– Торттың әдемілігі мен дәміне қатысты ұстанымыңыз? Өнім сапасын сақтауда нені басты назарда ұстайсыз және торттың бағасы қалай белгіленеді?
– Біз үшін ең маңыздысы –дәмі. Әдемі безендіру көзге бірден түседі, бірақ адамды қайта әкелетін – өнімнің сапасы мен дәмі. Сондықтан табиғи кілегей мен сүзбелі ірімшік секілді сапалы өнімдерді пайдаланамыз. Тортты жеген адамға ұнап қана қоймай, келесі жолы сол дәмді сағынып, қайта тапсырыс берсе дейміз. Сонымен қатар тазалық пен ұқыптылыққа ерекше мән береміз. Кондитерлік салада өнімнің сапасы ғана емес, оны дайындау барысындағы тазалық та аса маңызды. Клиенттің сенімін ақтау үшін осы талапты үнемі сақтау қажет. Баға белгілеу кезінде тортқа жұмсалған барлық өнімнің шығынын есептейміз. Оған қоса электр қуаты, су және өз еңбегіміз де ескеріледі. Дегенмен өнімнің бағасына шамадан тыс үстеме қоспауға тырысамыз. Біздің мақсатымыз – тұтынушыға сапалы өнімді қолжетімді бағамен ұсыну. Әрине, торттың көлемі, қолданылатын өнімдер мен безендіру күрделілігіне қарай оның құны да өзгереді. Өйткені әр тапсырыстың өзіндік ерекшелігі бар.
– Кондитерлік цехтың күнделікті жұмыс тәртібі жайлы не айтасыз? Күніне орта есеппен қанша торт сатылады және кәсіп пен отбасылық өмірді қатар алып жүру қаншалықты қиын?
– Күнделікті жұмысымыз таңғы сағат 9:00- де басталады. Алдымен сөредегі торттарды қарап, қандай өнімдер дайындау керегін жоспарлаймыз. Содан кейін алдын ала қабылданған тапсырысты орындауға кірісеміз. Қазір дүкенімізде күніне орта есеппен 15-20 торт сатылады. Бұл күнделікті еңбекті, өнімнің сапасын сақтауды және тұтынушылардың сұранысына сай жұмыс істеуді талап етеді. Цех кешкі сағат 19:00-ге дейін жұмыс істейді, ал дүкеніміз кешкі 23:00-ге дейін ашық тұрады. Кәсіптің жұмысы бір ғана торт дайындаумен шектелмейді. Өнімдерді әзірлеу, тапсырысты уақытында орындау және дайын өнімді тұтынушыға ұсыну – күнделікті еңбектің бір бөлігі.
Жолдасым Нұрсұлтан Алтынбекұлы екеуміз кәсіпкерлікпен айналысамыз. Бес баламыз бар: Абылай, Шерғазы, Сезім, Ахмад және Ахмет. Әрине, жұмыс пен отбасын қатар алып жүру оңай емес. Әсіресе, балаларыңның тәрбиесіне көңіл бөліп, кәсіптің де жұмысын үздіксіз жүргізу үшін уақытты дұрыс ұйымдастыру қажет. Мұндай кезде отбасының қолдауының маңызы зор. Кәсіптің қалыптасуына жұмсалған еңбек пен уақыттың артында ортақ мақсат пен бір-біріңе деген сенім тұрады.
– Алда қандай жоспарыңыз бар? Кәсіпті кеңейту немесе жаңа бағытты дамыту ойда бар ма?
– Алдағы уақытта кәсібімізді одан әрі жетілдіріп, өнім сапасын тұрақты сақтауды көздейміз. Тұтынушылардың сұранысына сай жаңа үлгілерді меңгеріп, торттың түрлері мен безендіруін дамытқымыз келеді. Бұл салада үйренетін нәрсе көп, сондықтан үнемі ізденіп, шеберлікті шыңдап, тұтынушының сенімін жоғалтпай, бастаған ісімізді одан әрі өркендету.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Бауыржан ЖҮНІС
24 қараша 2026 ж. 190 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№89 (10557)

24 қараша 2026 ж.

№88 (10556)

21 қараша 2026 ж.

№87 (10555)

16 қараша 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 4 451
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 564

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30