ТӘТТІЛЕР ҮЙІ – ЖҮРЕК ҚАЛАУЫ МЕН МАҢДАЙ ТЕРДІҢ ЖЕМІСІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға нақты мүмкіндік беріп отыр. Бұл бағдарламаның тиімділігі біздің ауданда да айқын көрініс табуда. Соның бір дәлелі – кентімізде жаңадан ашылған «Фариза» кондитерлік үйі.
Жақында аталған дүкеннің ашылу салтанаты өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев және аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов қатысып, жаңа кәсіп нысанының ашылу лентасын кесті.
Іс-шара барысында сөз алған аудан басшылығы өкілдері ауыл кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың маңыздылығына тоқталып, жаңа бастама иесіне сәттілік тіледі. Олардың айтуынша, «Ауыл аманаты» – ауыл халқы үшін тек қаржылай қолдау ғана емес, өз кәсібін бастап, тұрақты табыс табуға берілген үлкен мүмкіндік.
Кәсіпкер Фариза Әлібекқызы жоба аясында 8 млн теңге көлемінде төмен пайыздық несие алып, кондитерлік цехтың негізін қалады. Алайда Фариза кәсіпке бүгін келген жан емес. Ол өз ісін қарапайым үй жағдайында бастаған. Кәсіпкердің айтуынша, ең алғашқы тапсырыстары самса, бәліш, тоқаштардан басталған. Кейін торт жасауға қызығушылығы артып, арнайы курстар мен ақылы шеберлік сабақтарына қатысқан.
– 2018 жылы екінші баламен декреттік демалыста отырғанда түрлі тәттілер пісіріп бастадым. Алғашында ғаламтордан үйрендім. Кейін білікті кондитерлерден шеберлік сабақтарын алдым. 2020 жылы қайтарымсыз грант ұтып алып, қажетті құралдарымды көбейттім. Өзім де бірнеше шеберлік сағатын өткізіп үлгердім. Тәтті әлемі күн сайын ізденісті қажет етеді. Әлі де даму үстіндемін. Жақында ғана Арал ауданындағы цех жұмысымен танысып келдім, – дейді ол.
Бір қызығы, Фариза жұбайы Нұрсұлтанмен бірге 2022 жылы газетімізге кәсіпкер отбасы ретінде сұхбат беріпті. Сонда алдағы жоспарымен бөліскен кәсіпкер «Кент орталығынан қаладағыдай заманауи кондитерлік дүкен ашқым келеді» деген екен. Қарап отырсаңыз, арман орындалған. Көздеген мақсатқа қол жеткен. Бұл кәсіп бастасам қалай болады деген жандарға үлкен мотивация болып отыр.
Тәттілер үйі расында қаладағыдай. Ішіндегі әрбір зат ерекше үйлесімділікпен орналастырылған. Ұнатқан тәттіңізді алып, шай-кофе ішіп алуға да жағдай жасалған. Мұндай цех ашу – жүрек қалауы мен маңдай тердің, тынымсыз еңбектің жемісі. Нәтижесінде 2 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, ауыл тұрғындары сапалы әрі табиғи өнімдермен қамтылуда. Тәттілер үйінде торттың бірнеше түрі, тәтті тоқаштар, мерекелік және тапсырыспен кондитерлік өнімдер дайындалады. Барлық тәтті сапалы әрі табиғи өнімнен әзірленіп, тұтынушылардың сұранысына сай ұсынылуда.
Фаризаның өмірлік серігі Нұрсұлтан Алтынбекұлы келіншегінің ісіне әрдайым үлкен қолдау көрсетіп келеді. Қос кәсіпкерден құралған отбасы 5 перзент тәрбиелеп, берекелі отбасының үлгісін көрсетуде.
«Ауыл аманаты» жобасы – ауыл тұрғындарының өз әлеуетін іске асыруына жол ашқан нақты бағдарлама. Фариза Ахауованың табысты бастамасы – соның айқын дәлелі. Осындай еңбекқор, ізденімпаз жандардың арқасында ауданымызда кәсіпкерлік дамып, елдің әл-ауқаты арта бермек.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

















