» » АҚЕРКЕНІҢ ТӘТТІЛЕРІ

АҚЕРКЕНІҢ ТӘТТІЛЕРІ

Бүгінде әйелдердің қоғамдағы рөлі тек бала тәрбиесімен, үй шаруасымен шектелмейді. Олар түрлі салада еңбек етіп, кәсіп бастап, ел экономикасының дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Солардың бірі – көпбалалы ана, кондитеркәсіпкер Ақерке Әлімқызы.
Аудан орталығынан кондитерлік дүкен ашқан ол – бес баланы тәрбиелей жүріп, сүйікті ісін табыс көзіне айналдырған жан. Бастапқыда отбасы мен туғантуыстарына арнап түрлі тәттілер әзірлеуден басталған қызығушылық уақыт өте келе кәсібіне айналды. 2017 жылы декреттік демалыста отырған ол екі қолға бір күрек табуды ұйғарады. Жігерлі жас ана әлеуметтік желіден «Тәтті әлем» кондитерлік дүкенінің негізін қалаушы қызылордалық Динара Тасыбаеваның бейнероликтерін көріп, артынша одан ақылы сабақ алуға бекінеді. Анасынан 25 мың теңге қарыз алып, облыс орталығына жол тартады. Д.Тасыбаевадан тәттілер дайындаудың қырсырын меңгеріп келген жас ана өз үйінінен түрлі торттар әзірлеп, сатылымға шығара бастайды. Абай хәкімнің:
«Еңбек етсең, ерінбей,
Тояды қарның тіленбей», деген нақылын ойға тұтқан кішкентай баласын бауырына алған болашақ кәсіпкер қарсы келген қиындықтардан мүдірмей, сүрінбей өтіп бүгінгі табысты жан деңгейіне жетеді.
Кондитер өз өнімдерін дайындауда сапаға ерекше мән береді. Табиғи әрі сапалы өнімдерді пайдалану – оның басты ұстанымдарының бірі. Бүгінде оның қолынан шыққан безендірілген торттар мен түрлі кондитерлік өнімдер тұрғындар арасында жоғары сұранысқа ие болып, тұтынушылар сенімі жылдан-жылға артып келеді.
Көпбалалы ана үшін уақытты тиімді пайдалану аса маңызды. Бір жағынан – бала тәрбиесі, екінші жағынан – тапсырыс пен өндіріс. Дегенмен, Ақерке табандылық пен еңбекқорлықтың арқасында бұл қиындықтарды еңсеруде. Оның айтуынша, отбасының қолдауы – кез келген жетістіктің басты кепілі.
– Бес баланың анасы ретінде отбасы мен кәсіпті қатар алып жүру оңай емес. Оның үстіне ерекше күтімді қажет ететін балам бар. Бірақ сол баламды аяққа тұрғызсам, қоғамға бейімдесем деген ниет жаныма жігер, бойыма қуат сыйлайды. Кейде бір күннің өзі бірнеше күндік жұмыс сияқты көрінеді. Бірақ ананың жүрегінде балаға деген махаббат пен отбасының қолдауы болса, кез келген қиындықты еңсеруге болады. Онымен қоса, түрлі тәтті тағамдар пісіру – сүйікті ісім. Мен уақытты дұрыс жоспарлауға, әр минутымды тиімді пайдалануға үйрендім. Кәсіп маған тек табыс көзі ғана емес, өзімді дамытуға, армандарыма жетуге мүмкіндік берді. Сондықтан отбасы мен кәсіпті қатар алып жүру қиын болғанымен, нәтижесі соған тұрарлық деп ойлаймын, – дейді кәсіпкер ана.
Ақеркенің жетістігі көптеген аналарға үлгі. Оның пікірінше, кәсіп бастау үшін ең алдымен өз күшіңе сену қажет. – Ең бастысы – өз күштеріңізге сеніңіздер. Көпбалалы ана болу кәсіп бастауға кедергі емес, керісінше шыдамдылық пен жауапкершілікке үйрететін үлкен мектеп. Бастапқыда қорқыныш пен күмән болуы мүмкін, бірақ арманға қадам жасаудан қорықпау керек. Кәсіпті бірден үлкен деңгейден бастау міндетті емес, шағын істен бастап, оны біртіндеп дамытуға болады.
Ең бастысы – еңбекқорлық, сабыр және табандылық. Мен де өз ісімді үй жағдайында тапсырыс қабылдаудан бастадым. Бүгінде сүйікті кәсібім арқылы көптеген тұтынушының алғысына бөленіп отырмын. Сондықтан барлық аналарға «қолымнан келмейді» демей, өз мүмкіндігін байқап көруге кеңес беремін. Махаббат пен маңдай тердің арқасында алынбайтын асу жоқ, – дейді кәсіпкер.
Шынында да, Ақерке Әлімқызының өмір жолы осы сөздердің нақты дәлелі іспетті. Ол көпбалалы ана бола тұра, отбасындағы берекені сақтап қана қоймай, өз кәсібін қалыптастырып, еңбегі арқылы көпшіліктің құрметіне бөленіп отыр.
Қазақ «Еңбек түбі – береке» дейді. Ақеркенің тәтті кәсіптен тапқан табысы мен абыройы – осы нақылдың өмірдегі нақты көрінісі, өмір жолы – жас аналарға отбасы мен кәсіпті үйлестіріп, еңбектің арқасында биік белестерді бағындыруға болатынын дәлелдейтін жарқын үлгі. Оның табандылығы мен ізденісі көптеген нәзік жандыларға жігер беріп, жаңа бастамаларға жол ашары сөзсіз. Қазақ әйелінің қайсар болмысы қайран қалдырмай қоймасы зайыр.
Халқымыз «Адал еңбек – абыройдың бастауы» деп бекер айтпаған. Ақерке Әлімқызы – осы қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған жан. Ол жетістікке бір күнде жеткен жоқ, әрбір белесті табандылықпен бағындырды. Бүгінде оның кәсібі өркендеп, тұтынушылар қатары көбейіп жатса, бұл – маңдай термен келген еңбектің жемісі. Осындай еңбекқор аналардың арқасында кәсіпкерлік мәдениеті дамып, қоғамда адал еңбекке деген құрмет арта түсуде.
Бармағынан бал тамған «он саусағы – он адам» қазақ әйелі қай кезде де отбасының ұйытқысы, тіршіліктің тірегі бола білген. Бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен кәсіптің тізгінін ұстап, қоғам дамуына өз үлесін қосып жүр. Ақерке Әлімқызы да – ұлттық болмысты бойына сіңірген, аналық мейірім мен іскерлікті қатар ұштастырған жандардың бірі. Оның еңбексүйгіштігі мен табандылығы қазақ әйеліне тән қайраткерлік қасиеттің бүгінгі көрінісіндей әсер қалдырады. Осындай аналардың арқасында отбасының берекесі артып қана қоймай, ел экономикасының да өркендеуіне жол ашылуда.
Ердәулет ОРЫНБАСАР
13 маусым 2026 ж. 54 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№44 (10512)

13 маусым 2026 ж.

№43 (10511)

09 маусым 2026 ж.

№42 (10510)

06 маусым 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 291
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 821

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930