» » Табыс кілті – табандылықта

Табыс кілті – табандылықта

Соңғы жылдары ауданымызда жеке ісін ашып, кәсібінен нәсіп көріп отырған жандардың қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – Гүлзат Жаңабекқызы. Оның тәттілерін ауданда білмейтін тұрғын кемде-кем. Туған күн, той-томалақ, отбасылық жиындардың дастарқанында дайындаған тәттілері мақтауға да, сұранысқа да ие. Гүлзаттың негізгі мамандығы – іс-қағаздарын жүргізушісі. Мамандығы бойынша аудандық полиция бөлімінде біршама уақыт жұмыс істеген. Қызметімен қатар гүл өсіріп көпке ұсынатын кейіпкеріміз декреттік демалысында торт жасауды қолға алады. Қызығушылықпен бастаған іске кейіннен түбегейлі бет бұруды жөн санайды. 2021 жылы қайтарымсыз грант жеңіп алып, осы кәсіп түріне ден қойған.
– Мен кішкентай кезімнен тәтті тоқаштар пісіруді, торттарды ерекше етіп сәндеуді ұнататынмын. Жақындарыма, туыстарыма торт пісіріп беретінмін. Бірақ ол кезде қазіргідей тапсырыс қабылдап, торт пісіріп, кондитер боламын деп мүлдем ойламаппын. Кейіннен жоғары оқу орнын бітіріп, мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Бастапқыда көпшіліктің сұранысына ие, танымал торт түрлерін дайындауды білмейтінмін. Алғашында ғаламтор арқылы, кейіннен осы саланың шеберлерінен шеберлік сағат алып, қосымша торт түрлерін үйрендім. Тапсырыс берушілер кейіннен рахметін жеткізіп, торттың дәмді шыққанын айтқанда қатты қуанып, шабыт аламын. Менің негізгі мақсатым – дәмі де, безендірілуі де тұтынушының көңілінен шығатын тортты дайындау. Осылайша тұрақты клиенттерім де пайда бола бастады, – дейді Гүлзат Жаңабекқызы.

Жай ғана қызығушылықтан басталған істі табысқа айналдырған Гүлзатқа бүгінгі таңда аудан орталығынан, өзге де ауылдардан тапсырыстар көп түседі екен. «Тұтынушылардың талғамы әртүрлі, кейбірі дәміне қарайды, кейбірі бағасына қарап таңдайды. Сондықтан торттың белгілі бір түрі ғана емес, барлық түрі жақсы өтеді. Қазіргі таңда кез келген кәсіптің табысты болуы үшін әлеуметтік желінің маңызы зор. Сондықтан мен де инстаграмға дайындаған өнімдерімді салып, парақшамды белсенді түрде жүргізіп отырамын» дейді кәсіпкер.
Жуырда Гүлзат «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Байқоңыр» ӘКК АҚ-дан несие алып, кондитерлік өнімдер цехын ашты. Онда тәтті өнімдерден басқа өзі баптап өсірген үй гүлдері, түрлі сыйлықтар да бар. Яғни кез келген қуанышты тойлатуға қажетті бар дүниені бір дүкеннен табасыз.
– Мұндай дүкен ашуды біршама уақыттан бері жоспарлаған едім. Қажетті құралдарымды бағдарлама аясында несиеге алсам, ғимаратты салуға отағасым қолдау білдірді. Уақытпен санаспай атқаратын мұндай кәсіп түрінде отбасыңның қолдауы ерекше. Жалпы әрбір адам өз алдына мақсат қоя білу керек. Мақсатсыз жан өзінің қай бағытта жүріп келе жатқанын білмейді. Өз басым үнемі жақсы нәрсені ойлап жүремін. Басқа адамдарға қалай көмектесе аламын деп ойланамын. Себебі өзгеге жақсылық жасасаңыз, ол сізге екі есе болып қайтады. Әр адам дүниеге бір мақсатпен келеді. Бұл өмірде артымыздан із қалдыруға тырысуымыз қажет. Сондай-ақ қандай да бір істі қолға алсаңыз да оған тұрақтылық пен табандылық керек. Сонда ғана ісіңіз нәтижелі болады, – дейді кәсіпкер.
Туған күннің тортсыз өтпей тіні белгілі ғой. Кәсіпкердің тұтынушылары қуанышында «сүтті қыз» тортын көп сұрайды екен. Мақсаты айқын кәсіпкеріміз алдағы уақытта тәтті түрін көбейтіп, жаңа өнімдер қосылатынын да атап өтті. Тәттілері тым бөлек Гүлзатқа кәсібінің нәсібін көруді тілейміз.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
03 желтоқсан 2024 ж. 106 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 539

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 609

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031