» » Ауылдағы «тәтті» бизнес

Ауылдағы «тәтті» бизнес


«Бизнестің жол картасы – 2025», «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламалары халықты еңбекке шақыруға, оларға кәсіп ашып беруге, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталғаны белгілі. Бүгінде ауданда аталған бағдарламалардың ұсынған мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, өз кәсібін бастағандардың қатары көбеюде. Сондай-ақ қайтарымсыз гранттардың жемісін көріп жүргендер де арамызда жетерлік. Мемлекет ұсынған мүмкіндікті құр жібермей, қайтарымсыз грантқа қол жеткізген кәсіпкердің бірі – ІІІ интернационалдық Әсем Нұрмаханова.
Қыз баласы жастайынан тамақ пісіруге, киім тігуге икемді келеді емес пе? Кейіпкеріміз Әсем де бала күнінен тәттілер әзірлеуге қызығыпты. Балалық шақтан бастау алған қызығушылық бүгінде кәсібіне айналып, оның жемісін көруде. Алғашында өз қаражатымен тапсырыс қабылдауды бастаған ол, сұраныс арта бастаған соң кәсіпкер атануға бел байлайды. Ауылдағы кәсіпкерлік ісі бойынша маманға жүгініп, кеңес алады. Маманның нұсқауымен «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік білімін жетілдереді. Бизнес жоспарын да ойдағыдай қорғап, 2020 жылдың соңында қайтарымсыз грант иеленеді. Берілген грант қаржысына торт пісіруге арналған пеш пен кәсіби миксер сатып алып, кәсібін дөңгелете береді. Әсемнің торт дайындап, көптің көңілінен шығып жүргеніне екі жылдай уақыт болған.
– Торт пісіру ісіне қатты қызықтым. Тәттілерді өз қалауымша сәндеп, дәмін келтіріп өз отбасымды қуантқым келді. Торт пісіру ісіне бар жан-дүниеммен кірісемін. Бұл іс өзіме ұнағандықтан хоббиімді кәсіпке айналдырдым. Қазіргі заманауи торттардың барлық түрін, тұтынушының талғамына қарай жасап беремін. Көршілес ауылдардан да тұрақты тұтынушыларым бар. Тапсырыстан бөлек ауылдың дүкендеріне де өз өнімдерімді қолжетімді бағада қойып жүрмін, – дейді кәсіпкер.
Бүгінде туған күндердің тортсыз өтпейтіні белгілі. Сондықтан да тортқа деген сұраныс көп. Егер өнім көңілден шықса, тұтынушының қайта тапсырыс беретіні анық.
– Қашанда дастарқанымның сәні болатын торттарымды Әсем тәтеге тапсырамын. Себебі әрдайым балғын, дәмі тіл үйірердей, әрі жұмсақ болады. Құрамы да сапалы заттардан жасалады. Үнемі жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Айтқан уақытымда торт дайын тұрады. Әр тортты ерекше дизайнмен дайындап береді. Мұндай өнерді бағаламауға болмайды. Ісіне береке тілеймін, – дейді ауыл тұрғыны Гүлсина Ибрагимова.
Адам өзіне ұнайтын іспен айналысқанда ғана, еңбегінің жемісін көреді.
Ал өзің қалаған іспен айналысуға бүгінде мемлекеттен берілер көмек көбеюде. Биылдан бастап бизнес бастауға мемлекеттен берілетін қаржының екі еселенгенін де айта кеткен жөн. Бұл кәсіп бастауға ниетті жандар үшін қуантарлық жайт. Кейіпкеріміз мемлекеттен көмек алғаннан кейін де, тынымсыз еңбектену керектігін айтады.
– Жастар жас шыбық секілді, қалай майыстырсаң сонда майысады. Дегенмен, адамның өзінің алдына қойған айқын мақсаты, өзіндік пікірі болуы керек. Сол мақсатқа жету үшін аянбай еңбек еткен дұрыс деп ойлаймын. Сонда ғана жақсы жетістіктерге жете аласың, – дейді Әсем Нұрмаханова.
Кәсіпкердің алдағы уақытта осы ісін жандандырып, ары қарай үлкен жобаға айналдыру жоспарында бар. Ендеше, жалынды жастың арманының орындалуына біз де тілекшіміз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
25 қаңтар 2022 ж. 694 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 261

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 360

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930