» » Әсемнің тәтті әлемі

Әсемнің тәтті әлемі

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар халықты еңбекке шақыруға, оларға кәсіп ашып беруге, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталғаны белгілі. Бүгінде ауданда аталған бағдарламалардың ұсынған мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, өз кәсібін бастағандардың қатары көбеюде. Сондай-ақ қайтарымсыз гранттардың жемісін көріп жүргендер де арамызда жетерлік. Мемлекет ұсынған мүмкіндікті құр жібермей, қайтарымсыз грантқа қол жеткізген кәсіпкердің бірі – ІІІ интернационалдық Әсем Нұрмаханова.
Қыз баласы жастайынан тамақ пісіруге, киім тігуге икемді келеді емес пе? Кейіпкеріміз Әсем де бала күнінен тәттілер әзірлеуге қызығыпты. Балалық шақтан бастау алған қызығушылық бүгінде кәсібіне айналып, оның жемісін көруде. Алғашында өз қаражатымен тапсырыс қабылдауды бастаған ол, сұраныс арта бастаған соң кәсіпкер атануға бел байлайды. Ауылдағы кәсіпкерлік ісі бойынша маманға жүгініп, кеңес алады. Маманның нұсқауымен «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік білімін жетілдіреді. Бизнес жоспарын да ойдағыдай қорғап, 2020 жылдың соңында қайтарымсыз грант иеленеді. Берілген грант қаржысына торт пісіруге арналған пеш пен кәсіби миксер сатып алып, кәсібін дөңгелете береді. Әсемнің торт дайындап, көптің көңілінен шығып жүргеніне қазір төрт жылдай уақыт болған. Алғашында үйден басталған кәсіп, қазір жұмысын шағын цехта жалғауда. Қосымша бір адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Торт пісіру ісіне қатты қызықтым. Тәттілерді өз қалауымша сәндеп, дәмін келтіріп отбасымды қуантқым келді. Торт пісіру ісіне бар жан-дүниеммен кірісемін. Балалық қызығушылықпен бойыма сіңген қасиет бүгінде өмірімнің мәніне, тірлігімнің көзіне айналып отыр. Қазір де әрбір тәттіні ерекше махаббатпен дайындаймын. Заманауи торттардың барлық түрін, тұтынушының талғамына қарай жасап беремін. Көршілес ауылдардан да тұрақты тұтынушыларым бар. Тапсырыстан бөлек, ауылдың дүкендеріне де өз өнімдерімді қолжетімді бағада қойып жүрмін, – дейді кәсіпкер.
Ойлап қарасақ, асты дәмді ету кез келгеннің қолындағы іс емес. Сондықтан да тағамы тәтті асханалар мен өнімі ерекше дүкендерді тұрғындар бекер іздемесе керек. Кез келген өнім дайындайтын орынның мол табыс табуы сондағы аспаздың ерекше ептілігіне тікелей байланысты. Осы ретте Әсемнің тәттілеріне күмән келтіруге болмайды. Оның қолынан шыққан самса, чебуреки, тәтті пирогтар бүгінде үлкен сұранысқа ие. Дүкенге келушілердің де, той-жиынға арнайы тапсырыс берушілердің де қатары көп. Осындай дәмді тағамдар жасайтын кәсіпкер күнделікті табысына көңілі толатынын айтады.
– Жеке кәсіп ашып, көпшілікке тәтті тағамдар түрін ұсынып, олардан алғыс алып отырғаныма қуаныштымын. Әлі де алға қойған мақсатым көп. Жеке кәсібімді жылдар өте ұлғайтқым келеді. Санаулы тағам түрлерімен шектеліп қалмай, олардың санын арттыру да жоспарда бар. Тәтті пісіруге ешқашан ерінген емеспін. Керісінше бұл іс мені шабыттандырады. Өзімнің сүйікті ісіммен асханада таңнан кешке дейін жүре беруге дайынмын. Тек тапсырыс берушілер мен дүкен тұтынушыларының көңілінен шығуды ойлаймын, – дейді ол.
Бүгінде туған күндердің тортсыз өтпейтіні белгілі. Сондықтан да тортқа деген сұраныс көп. Егер өнім көңілден шықса, тұтынушының қайта тапсырыс беретіні анық.
– Қашанда дастарханымның сәні болатын торттарымды Әсемге тапсырамын. Себебі әрдайым балғын, дәмі тіл үйірердей, әрі жұмсақ болады. Құрамы да сапалы өнімдерден жасалады. Үнемі жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Айтқан уақытымда дайын тұрады. Әр тортты ерекше дизайнмен дайындап береді. Мұндай өнерді бағаламауға болмайды. Ісіне береке тілеймін, – дейді ауыл тұрғыны Рима Тұрманова.
Адам өзіне ұнайтын іспен айналысқанда ғана, еңбегінің жемісін көреді. Ал өзің қалаған іспен айналысуға бүгінде мемлекеттен берілер көмек көбеюде. Бұл кәсіп бастауға ниетті жандар үшін қуантарлық жайт. Мемлекет ұсынған 555 мың қаржымен бастау алған кәсіп, қазір өркен жайған. Күнделікті табысын ыждаһатпен орынды жұмсай білген жан цехын жаңа дүниелермен толтырған. Бұл ретте қаржылық сауат пен таза маңдай терді айта кеткен жөн. Төрт жылғы табанды еңбектің нәтижесі – тұтынушы көңілінен шығатын жұмысы жүйелі цех. Бұл ретте кейіпкеріміз мемлекеттен көмек алғаннан кейін де, тынымсыз еңбектену керектігін айтады. Иә, көмекті алу бір бөлек, оны әрі қарай жалғастыру бөлек дүние.
– Жастар жас шыбық секілді, қалай майыстырсаң сонда майысады. Дегенмен, адамның өзінің алдына қойған айқын мақсаты, өзіндік пікірі болуы керек. Сол мақсатқа жету үшін аянбай еңбек еткен дұрыс деп ойлаймын. Сонда ғана жақсы жетістіктерге жете аласыз, – дейді Әсем Нұрмаханова.
Кәсіпкердің алдағы уақытта осы ісін жандандырып, әрі қарай үлкен жобаға айналдыру жоспарында бар. Ендеше, жалынды жастың тілегінің орындалуына біз де тілекшіміз. Алдына үлкен мақсат қойған жан сол жолдан таймаса, биіктерге жетері хақ.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
12 сәуір 2024 ж. 452 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 296

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 393

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930