Мәслихаттар сайлауы
» » МӘУЕЛІ ЕҢБЕК, ЖЕМІСТІ ЖЫЛДАР

МӘУЕЛІ ЕҢБЕК, ЖЕМІСТІ ЖЫЛДАР

Жастық, балалық шақтағы кез тасқа қашалған таңбадай есте қалады екен. Сол естеліктің ішіндегі ең ыстығы – мектептегі кезің, қатар-құрбы мен білім берген ұстаздар. Өміріңе бағыт беретін ұстаз өнегесіне жетері жоқ. Әрқайсысы бір әлем іспетті
Бір пән бір пәнге ұқсамайды. Түрлі мұғалім болғанмен бәрінің мақсаты бір. Ол – шәкіртіне саналы тәрбие, сапалы білім беру. Осы пәндер арасынан ән сабағын тағатсыздана күтетінбіз. Басқаға қарағанда, ән сабағы көңіліңді көтеріп, жан дүниені әуелей ұшырып әкететіні бар. Қоңырау соғылып, үзіліс аяқталғанда қимылы ширақ, сөзі нық, бұйра шашты – Уахитбек Сұңғатов ағайымыз қолында баяны класымызға кіріп келеді. Бағанағы шулаған дыбыс сілтідей тынып, назарымыз мұғалімге ауған күйі баянның үніне тына қалар едік. Міне, сол шәкірттер де бүгінде ата-әже атанып, өмірге кірпіш болып қаланған жайы бар. Ағайымыз да талай еңбек белесінен өтіп, бүгінде зейнеткерлік демалысында.
Бұл біздің жастық шақтық естелігіміз болса, кейінгі өмір буынында ағайдың басшылық қызметтер атқарып, абыройға бөленгенінің куәсіміз. Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, туған жерінің мәдениетінің өркендеуі мен ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосқан ҚР «Білім беру ісінің үздігі», ұлағатты ұстаз, білікті басшы болған Уахитбек Сұңғатов ағамыз бүгінде 75 атты мерейлі жасқа толып отыр.
Ел ағасының еңбек жолын қысқаша баяндар болсақ, ол Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың екі бірдей – «Музыка және ән», сондай-ақ «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» факультетін бітірген. Алғашқы еңбек жолында ән-әуез пәнінің мұғалімі болса, кейін аудандық білім бөлімінің инспекторы болып еңбек етеді. Мұнан соң Ү.Томанов атындағы №183 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры қызметін атқарған. Ал 2004 жылдан бастап зейнет демалысына шыққанға дейін О.Шораяқұлы атындағы №30 орта мектепке басшылық жасап, көптеген игі істің басы-қасында жүрді.
«Көшбасшы болудың мәні – халыққа адал қызмет ету» деген қағиданы ұстанған білікті басшы ізденіс үстінде жүріп мол тәжірибе жинады. Педагогикалық ұжымды шығармашылыққа баули жүріп, өзін де дамытты. Семинар, конференцияларға қатысып, баяндамалар жасады. Соның бірі – «Атамекен» тәлім-тәрбие ордасының бағдарламасымен 2008 жылы Астанада «Ғаламдық жаһандану жағдайындағы балалар ұйымдарының даму тенденциясы» атты халықаралық ғылымитәжірибелік конференцияға қатысып, «Атамекен» – жаңа ұрпақ болашағының бағдары» тақырыбында баяндама жасады. Ұтымды ой-пікір, ұсыныс айтылған ғылыми жұмыс баяндама күйінде қалып қоймай, республикалық басылымда үш тілде жарық көрді. Аталған тақырыпты ұзақ жыл зерттеген ұстаз оны оқу үдерісіне енгізіп те отырды. 2009 жылы Қазалыда өткен «ХХІ ғасыр ұрпақтары даму тенденциясының неопедагогикалық һәм социокинетикалық парадигмалары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына делегат болып қатысып, онда да озық тәжірибесімен бөлісті.
Жалпы өмірде мамандық таңдаудың маңызы жоғары екенін білеміз. Егер қателеспеу керек екі нәрсе болса, соның бірі де осы – мамандық таңдау. Ағайдың мұғалім болуды таңдауы тегіннен-тегін емес. Менің ұстазға қойған басты сұрағым да осы болды.
– Бірде мектепте ұстаз жайлы әдеп пәнінің мұғалімі әңгімесабақ өткізді. Соңында ол маған ұстаздық туралы ойымды айтуды өтінді. Мен пікірімді айта келіп, оқушыларға «сұрақтарың бар ма?» деп қайта сауал тастадым. Сонда балалар менен өз ұстазым жайлы айтып беруімді сұрады. Сол кезде сонау жылдары бастауыш сыныпта сабақ берген ұстазым Сақып Илиясқызы есіме түсті. Жүзінен мейірімі төгілген, биязы мінезді ұстазымды қалай ұмытайын?! Мектепте оқыған жылдары қоғамдық жұмысқа, көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене қатыстық. Мектепте қызмет істегенде директор Тұрсынкүл Әбдиева апайымыздың да ықпалы болғаны анық. Ол өнерге жаны кұмар, талғамы биік, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары жан еді. Орта және жоғары сыныпта білім мен тәрбие берген ұстаздарым – Әли Мүсілімов, Гүлбарам Сәдуақасова, Тілеумұрат Науанов, Үсен Қошалақов, Тапаш Әкімтаев, Алина Көбеева, Әмзе Қожахметов, Әуезхан Ахметов сынды ағайапайлардың есімін ерекше атар едім. Осы кісілерге еліктеп, солардай өнерлі, білімді, мәдениетті болсақ, деп іштей арман қылушы едік. Білім саласына келуіме сол аға ұрпақ өкілдерінің тәрбиесі де, әсері де мол болды, – дейді ардагер-ұстаз өткенге шегініс жасап.
«Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген екен қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев қанатты сөзінде. Мұғалім – ұлт болашағын тәрбиелеуші, білім беруші басты тұлға. Сол себепті де әрбір ұстазға шәкірт жетістігінен артық қуаныш жоқ.
– Қызмет жолымда №183, №30 орта мектептерге басшылық еттім. Қаншама түлек түлеп ұшты. Шәкіртіңнің ат жалын тартып азамат болғанын, жемісті еңбегін көру – ұстаз үшін үлкен құрмет. Солардың арасында білімді ұстаздар, білікті мамандардың жетістікке жеткені аз емес. Тек мектептің емес, қоғамдық жұмыстарда да белсенділік таныта білді. Атап айтсам, 1976-1977 оқу жылында №183 мектептің жоғары сынып оқушыларымен М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан үзінді дайындалып, ата-аналарға, мерекелерде аудан халқына қойылым көрсетілді. Сонда Біржан рөлін сомдаған марқұм Алтай Жыңғылбаев, Сара рөлінде Смагүл Жарқынбаева дарынымен халықтың қошеметіне бөленген-ді. Аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Н.Егізбаев ағамыз мектеп, мекеме басшыларының бас қосқан жиынында біздің халық театрына оң бағасын беріп, мерейімізді тасытып еді. «Алтын белгі» иелері Ардақ Ерқабылова Ақтөбе медицина институтын грантпен бітірсе, Ербол Желдербаев «Болашақ» бағдарламасымен Малайзия елінде білім алды. Фарида Қожахметова бүгінде Алматы қыздар педагогикалық институтында оқытушы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Айжан Абдуллаева Сыр журналистикасында өзіндік орны бар білімдар қызымыз. Әсет Жалмағанбетов облыстық медициналық орталығының хирургия бөлімінің меңгерушісі болса, Еламан Ерғалиев аламан бәйгеде «Қазақстан барысы» атағын жеңіп алған аудан мақтанышы. Бұл есімдерді жалғастыра беруге болады. Сөздің түйіні, ұстазға шәкіртінің өмірден орнын тауып, жетістікке жеткенінен артық бақыт болмас, – дейді ұлағат иесі.
Сонымен қатар балалардың білім деңгейін көтеруде ҚР «Тілдердің ұштұғырлылығы» жобасымен №30 мектепте филипиндік ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гамата Мария Имелда 1-11-сынып оқушыларына ағылшын тілінің грамматикасын, фонетикалық теориясын меңгерту мен ағылшындардың салтдәстүрі, дүниетанымы, халық даналығымен таныстыру арқылы пәнге қызығушылығын арттырған. Білім беру ұйымында 2005 жылдан 2016 жылға дейін Алматыдағы «Көкіл» мектебінің оқу бағдарламасымен 1-8-сынып оқушыларына домбыра тарту, жыр-терме айтуды үйретіп, бірнеше мәрте аудандық, облыстық байқауда жүлдегер атанған. Оның арасында Тоғжан Бақытова Бакуде өткен халықаралық байқауда жүлделі орыннан көрінген.
Уахитбек ағамыз қолы қалт етсе, жазу үстелінен табылып, қалам тербейтіні бар. Туған жеріміздің мәдениеті мен тарихы – тақырыбының өзегі. Аудандық «Қармақшы таңы» газетіне «Ән – ғұмыр», «Жаңа бағыт – жаңа серпіліс», «Үш кездесу», сондай-ақ «Хабаршы» журналына «Ел болашағы – білімде», тағы басқа зерттеу, танымдық мақалалары жарық көрген.
Ардақты азаматтың ұзақ жылғы еңбегі бірқатар марапатпен құрметтелген. Қазақстан орталық сайлау комиссиясының, ҚР Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының, облыс, аудан әкімінің, облыстық білім жетілдіру институтының «Үздік ұйымдастырушы» сертификатымен, Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Құрметті ұстаз» медалімен марапатталса, 1996 жылы ҚР «Білім беру ісінің үздігі» белгісін кеудесіне тақты. Уахитбек Сұңғатов білім саласына еңбек сіңірген майталман болумен қатар, отбасында адал жар, балалары мен немерелерінің өнеге тұтар асқар тау әкесі. Жан жары Бақыткүл Калекенова апайымыз да №183 мектепте 40 жыл тарих пәнінен сабақ берген ұстаз. Отбасынан өрбіген ұлқыздары – Алма Астанада «Елорда экосистем» мекемесінде бас маман, Гүлжайна да бас қалада ұстаздық қызметте. Еркін – кент орталығындағы №30 мектепте информатика пәнінің мұғалімі әрі әлеуметтік педагог болып еңбек етсе, Жарқын Астанадағы «Казагрофинанс» мекемесінде менеджер болып қызмет жасайды. Шаңырақтың келіндері де білім саласының мамандары. Ақнұр №30 мектепте бастауыш сынып мұғалімі, Мереке Н.Назарбаев «Зияткерлік» мектебінде бас маман болып істейді.
Халық даналығында мұғалім шәкіртінің көңіліне нұр құятын да, бар жақсысын беретін де – ұстаз. Жарыққа бастап, өмір атты ұлы жолда көшбасшысы болатын да – осы ұлағат иелері. Кешегі тарыдай боп кірген баланың таудай азамат болып қалыптасуында да ұшан-теңіз ұстаз еңбегінің ізі жатыр. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек» деген екен. Ұстаздық жолында өнімді еңбек етіп, талай шәкірт пен әріптесінің құрметіне ие болған ағайымыздың мерейлі жасында ұзақ ғұмыр жасап, ұрпақ бақытына бөлене беруіне тілек білдіреміз.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
24 қараша 2026 ж. 25 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№89 (10557)

24 қараша 2026 ж.

№88 (10556)

21 қараша 2026 ж.

№87 (10555)

16 қараша 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 4 442
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 558

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30