Мәслихаттар сайлауы
» » ӘКЕМНІҢ АСЫЛ ҮНІ

ӘКЕМНІҢ АСЫЛ ҮНІ

Әкем – жырау Қуандық Бүрлібайұлы өнерге бала күнінен құштар болып, жастайынан өлең-жырға құмартып, қатар-құрбысының арасында өлең айтып, жыр толғап, өнерге деген ынта-ықыласын таныта бастаған екен. Бойындағы табиғи дарыны мен жырға деген шексіз сүйіспеншілігі оны бірте-бірте елге танымал жырау дәрежесіне көтерді.
Әкемнің өнер жолындағы үлкен белесі 1980 жылдан басталды. Осы жылдан бастап ол әлемдік сахналарға шығып, қазақтың дәстүрлі жыршылық өнерін шетелге таныта бастады. Бұл – бір әулеттің ғана емес, қазақ өнерінің мерейін асқақтатқан айтулы кезең еді.
1990 жылы Жапонияның Токио қаласында өткен Дүниежүзілік фольклорлық «Оцейк» фестивалінде өнер көрсетіп елге оралған соң арада бір ай ғана уақыт өткенде өмірден озды. Өнерге толы ғұмыры қысқа болғанымен, артында өшпес мұра, ел жадында сақталған асыл есім қалды.
Әкем дүниеден өткенде небәрі он бес жаста едім. Ол кезде балалық шақтың буынынан арыла қоймаған, өмірдің мәнін енді ғана түсініп келе жатқан кезім. Әкемнің көзі тірісінде жырлаған жырларының үнтаспаға жазылып қалғанын білсем де, оның қадіріне жету, үнтаспаның тарихи құндылығын түсініп, дауысын келер ұрпаққа аманат етіп қалдыру туралы ойлайтын жаста емес едім.
Жылдар өте есейдік. Әкемнің өнеріне, артында қалған мұрасына деген сағыныш жүрегімде тереңдей түсті. Әсіресе, оның өз дауысын, өзінің орындауындағы мақамымен төгілген жырларын қайта тыңдауға деген ынтызарлық күшейді.
Сөйтіп, әкемнің көзі тірісінде жазылған үнтаспаларын іздестіре бастадым. Біреуден сұрадым, біреуден хабар күттім, қолымызға түсер деген үмітпен талай іздедім. Алайда уақыт өз дегенін жасады. Көп дүниенің ізі жоғалып, кейбір үнтаспалар табылмай кетті. Кезінде мән бермегенімізге өкінген сәттер де аз болған жоқ. Сөйтіп, әкемнің дауысын қайта тыңдау, оның жырлаған мұрасын табу жылдар бойы көкейімде жүрген арманға айналды. Кейде сол арман орындалмайтын да шығар деп ойлайтынмын. Бірақ адам баласының үміті үзілмесе, Алланың жазғаны болады екен.
Міне, жақында ғана көп жылдан бері жүрегімде сақталып келген сол арманымның бір ұшы ақиқатқа айналды. Құдайдың құдіретімен әкемнің орындауындағы «Қапиза» дастанының екі жарым сағаттық үнтаспасы қолыма тиді.
Бұл – мен үшін жай ғана ескі үнтаспаның табылуы емес. Бұл – әкемнің дауысымен қайта қауышу, өткен күндерге оралу, сағынышқа толы жүректің бір сәтке болса да жұбануы. Ең бастысы, әкемнің өнер мұрасынан жоғалмай жеткен баға жетпес қазынамен қауышу. Сол үнтаспаны қолға алып, тыңдаған сәтте әкемнің үні қайта жаңғырғандай, жыр әлеміндегі жарқын бейнесі көз алдыма келгендей күй кештім.
Биыл әкеміз, жырау Қуандық Бүрлібайұлының туғанына 90 жыл толып отыр. Осындай айтулы мерейтой қарсаңында әкемнің екі жарым сағаттық жыр мұрасының табылуы – біз үшін үлкен жаңалық, баға жетпес олжа әрі өлшеусіз қуаныш. Мұны мерейтойға орай тағдырдың бізге тартқан ерекше сыйы деп қабылдадық.
Әке дауысы – бала үшін ешқашан ескірмейтін ең қымбат үн. Ал жыраудың дауысы – бір әулеттің ғана емес, тұтас бір дәуірдің, халықтың рухани шежіресінің үні. Сондықтан бұл үнтаспаның табылуы біз үшін өткеннің оралуымен тең. Әкемнің жырлаған «Қапиза» дастаны енді тек біздің отбасымыздың ғана естелігі болып қалмай, кейінгі ұрпаққа жететін рухани мұраға айналса екен деймін.
Жылдар бойы іздеген асыл қазынамның табылуына себепші болған жандарға шын жүректен алғыс айтамын. Бұл – әкемнің рухына жасалған үлкен құрмет, ұрпаққа қалған өшпес аманаттың қайта табылуы.
Амандық ҚУАНДЫҚҰЛЫ,
облыстық филармония басшысының орынбасары
22 қараша 2026 ж. 39 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (10556)

21 қараша 2026 ж.

№87 (10555)

16 қараша 2026 ж.

№86 (10554)

14 қараша 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 4 419
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 538

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30