» » Туған жердің біртуар перзенті

Туған жердің біртуар перзенті

Қазақ мәдениетінің тарихында суырыпсалма, ақындық, жыраулық, жыршы, қиссашылдық, термешілік, әншілік сынды өнер түрлерін бойына жинақтаған шығармашылық тұлғалардың бірі – Молдахмет Дабылұлы.
Ол – ақындық пен орындаушы әншілік, жыршылық өнері тұтасқан өнер иесі. Азаматтық іс-әрекеттері мен шығармашылық өнері тоғысқан өнер иесін халықтың «Молдахмет жырау» деуі орынды.
М.Дабылұлы 1893 жылы Қармақшы ауданының Қашқансу өңірінде дүниеге келген. Әкесі Дабыл кедей шаруа болса, шешесі Ақсұлу Әлім руының Қарасақал аталығынан шыққан атақты Көлдейбекұлы Ерімбеттің қарындасы еді. Заманында анасының суырыпсалма ақындығы бар, өткір тілді кісі болған көрінеді. Ақсұлу балалары – Рахмет, Молдахмет, Сейдахметтерді жастайынан өлең-жырға баулып өсіреді. Әсіресе жас Молдахмет анасының айтқан өлең, қиссаларын тез жаттап, кішкентайынан жыр жырлауға талпынады. Әуелі ауыл, үй арасында жарамазан айтып, жарамазаншы атанады. Кейін келе-келе 13-14 жасында ауыл-аймаққа атағы шыққан жырау болады. Өнерге құштар жас жыраулықпен шамамен жиырма жасында-ақ айналысып, Сыр саңлақтарының таңдамалы шығармаларын жазып алып, жаттап, мәнеріне келтіріп әдемі әнменен домбыраға қосып жырлайтын атақты әнші, домбырашының бірі болған.
Осы кезде халық арасында атақты Сыр сүлейлерінің бірі – Даңмұрын Кенжебекұлына жолығып, жас жырау одан көп тәрбие алады. Қарт ақын Молдахметтің ерекше дарындылығын байқап, оған жыраулық ескі мақамдарды үйретіп, жаттап айтуға көптеген қисса өлеңдерді береді. Бұл Молдахметтің тезарада қалыптасып, Сыр бойындағы атақты жыраулардың қатарына қосылуына игі әсерін тигізеді. Облыстық, республикалық ақындар айтысына қатысып, үздік өнері үшін бәйгеге арғымақ ат, киіз үй алған. Сонымен қатар Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің және Қызылорда облыстық кеңесінің құрмет грамоталарына ие болған. Ол қоғамдық, шаруашылық жұмыстарға белсене араласқан. Бірнеше мәрте Қашқансу ауылдық Кеңесінің, аудандық, облыстық кеңестерінің депутаты болып сайланған. Амангелді ұжымшарын ұйымдастырып, өзі шаруашылықты біраз жыл басқарған. Кейін дайындау орындарында да ұзақ уақыт қызмет атқарған.
Молдахмет Дабылұлы ақын әрі жырау болумен қатар Сыр бойы сүлейлерінің өлең жырларын, шешендік сөздерін көп жинаған жанашыр кісі болған. Ол жіберген осындай халық қазынасының асыл үлгілері Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының қорында сақтаулы.
Танымал өнер иесінің жыршылық репертуарында сөз өнері тарихына мәлім ірі-ірі эпикалық туындылар көп болған. Мысалы «Көроғлы», «Мұңлық – Зарлық», «Ақтам – Сайын», «Жүсіп – Зылиха», «Қысырауын», «Қыз Жібек», «Алпамыс» тағы басқа дастандарды күні-түні жырлайтын болған.
Жыр жампозының шығармашылығының негізгі арнасы һәм арқауы – ақындығы. Ақынның лирикалық өлеңдері, дастандары, айтыстары, бәрі де оның шығармашылық өнерін айқындайды. Ақынның өзі қалыптастырған әдеби-фольклорлық дәстүрлерді жалғастыра отырып, өзіне тән мәнер, көркемдік шеберлік тұғырын көрсететін тұлғасын танимыз.
Ақынның дәстүрлі ақындық- жыраулық әдебиетті жалғастырған жолын танытатын шығармалары – терме-толғаулары. «Бұл сөзіме кім тоқтар?», «Тексізден текті шықпайды», «Өсиет», «Өнегелі іс», «Өткіздік бұл дүниені» және басқа да терме-толғауларында адамзаттың осы фәни жалған дүниедегі жақсылық пен жамандықтың жарыса, теке-тірес жағдайындағы арпалысты өмір мазмұны жырланады.
Жырау 1946 жылы өмірден өтеді. Бейіті қазіргі Ақтөбе ауылында.
Ақын – туған халқының перзенті. Азаматтық, адамгершілік тұлғасымен елінің есінде, төл тарихында өшпейтін мұра қалдырған Молдахмет Дабылұлының есімі өскелең ұрпақ жадында бірге жасай бермек.
С.РЫСБАЕВ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері
23 қыркүйек 2022 ж. 579 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 036

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031