» » БҮГІНГІ ЕҢБЕК – ЕРТЕҢГІ ИГІЛІК

БҮГІНГІ ЕҢБЕК – ЕРТЕҢГІ ИГІЛІК

Табиғатты қорғау – бір күндік науқан емес, күн сайын жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Даланың тынысын бақылап, орманның жайкүйін қадағалап, өрттің алдын алу мен жасыл желекті көбейтуге күш салатын мамандардың еңбегі көбіне көзге көріне бермейді. Алайда олардың әрбір ісі қоршаған ортаның сақталуына, келер ұрпаққа табиғи байлықтың аман жетуіне ықпал етеді. Осындай жауапты міндетті атқарып жүрген Нұрболат Қосуақов – орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің орман патологиясы жөніндегі маманы.
Ол 1987 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. 1993 жылы №121 мектептің табалдырығын аттап, 2004 жылы №27 мекте-лицейден тәмамдаған. Одан кейін азаматтық борышын өтеу үшін Петропавл қаласында әскери қызмет атқарып, 2007 жылы елге оралды. Еңбек жолын 2008 жылы өзі қызмет етіп келе жатқан мекемеде өрт сөндіруші болып бастайды. Бұл кезең оның табиғатпен етене жұмыс істеуіне, орманды қорғаудың маңызын терең түсінуіне жол ашты.
Білімін жетілдіруге де басымдық берген ол 2009-2012 жылдары «Болашақ» колледжінде экология және табиғатты пайдалану бағыты бойынша білім алды. Кейін 2023-2026 жылдары «Болашақ» университетінен эколог мамандығын меңгерді. Ал 2011 жылдан бастап орманшы-инспектор қызметіне ауысып, табиғи аумақтарды қорғау мен бақылау жұмыстарына белсене араласты. Осы жылдың тамыз айынан бастап орман патологиясы жөніндегі маман қызметін атқарып келеді.
1978 жылы құрылған орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме бүгінде аудан аумағындағы орман қорын сақтау, өрттің алдын алу, орманды молықтыру және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану бағытында жұмыс жүргізеді. Мекеменің жалпы жер көлемі 435 308 гектарды құрайды. Оның аумағы «Қорқыт ата» және «Шірік рабат» орманшылықтарына бөлінген. Қазіргі таңда мекеме ұжымында 68 адам еңбек етеді.
Мұндай ауқымды аумақты қорғау тұрақты бақылауды, ұйымшылдықты және әр қызметкердің өз міндетіне жауапкершілікпен қарауын қажет етеді. Орманшылар мен басқа да мамандар бекітілген учаскелерді аралап, заңсыз әрекеттердің алдын алуға, табиғи ортаның жағдайын бақылауға күш салады. Әсіресе жазғы демалыс кезінде өрт қаупі күшейетіндіктен, түсіндіру жұмысына ерекше көңіл бөлінеді.
– Орманды қорғау үшін рейдтік іс-шараларға тұрақты түрде шығамыз. Әр қызметкердің өзіне бекітілген аумағы бар. Сол жерді аралап, жағдайын бақылап, табиғи байлықтың сақталуына назар аударамыз. Өрттің алдын алу да – жұмысымыздың маңызды бөлігі. Далаға демалуға шыққандарға отты қараусыз қалдырмау, темекі тұқылын кез келген жерге тастамау жөнінде ескерту жасап, түсіндіру жүргіземіз. Сонымен қатар орманды қалпына келтіру, көшет отырғызу және сексеуіл тұқымын себу жұмыстары қолға алынған. Аудан ішін көгалдандыру үшін де саялы ағаштар отырғызылуда. Табиғатты қорғау тек мекеме қызметкерінің міндеті емес, оған әр тұрғын атсалысуы керек. Осы мақсатта мектеп оқушылары арасында да қоршаған ортаны қорғауға бағытталған түсіндіру іс-шараларын өткіземіз, – дейді сала маманы.
Отбасында да жауапкершілікті басты орынға қоятын азамат 2012 жылы Жазира Молдабаевамен шаңырақ көтерген. Бүгінде Мирас пен Айару есімді ұл-қыз тәрбиелеп отыр.
Табиғаттың байлығы оны қорғауға жұмсалған күшпен ғана емес, оған деген жанашырлықпен де өлшенеді. Бір көшеттің тамыр жаюы, өрттің алдын алған ескерту, табиғатты аялауды үйренген жанның көзқарасы – осындай күнделікті еңбектің нәтижесі. Қоршаған ортаны сақтау әр адамның өмірлік ұстанымына айналғанда ғана бүгінгі еңбек ертеңгі ұрпаққа игілік болып жетеді.
Бауыржан ЖҮНІС
17 қазан 2026 ж. 45 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (10547)

16 қазан 2026 ж.

№78 (10546)

13 қазан 2026 ж.

№77 (10545)

10 қазан 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 4 061
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 278

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031