ЖАСЫЛ МҰРАНЫ САҚТАУШЫ

– Жалпы орманшы – қоршаған ортаның күзетшісі, табиғатты аялау мен қорғау – әр адамның борышы болса, орманшы сол міндетті кәсіби түрде атқаратын жан. Бұл салаға қызмет етемін деп келген адам үлкен жауапкершілікті алады. Қазір аудан аумағында әрқайсысымызға бекітілген жер бар. Мәселен, маған 34506 гектар жер тиесілі болса, сондағы өсімдік, ұшқан құс, ағаштар жауапкершілігімде. Орманның тазалығына қарап, өрт қаупінен, өзгенің бүлдіруінен сақтаймын. Әрдайым назарда ұстап, бақылап отырамыз, – дейді маман иесі.
Бүгінде елімізде орманды қорғау мәселесі өте өзекті. Климаттың өзгеруі, заңсыз ағаш кесу, өрт қауіпі – осының барлығы орманшылардың жұмысын қиындата түсуде. Бірақ шынайы орманшы өз ісінің шебері ретінде ешқашан қол қусырып отырмайды. Аудандағы осы мекемеде орманға жауапты он тоғыз маман болса, олар әрдайым табиғатпен етене өмір сүріп, орманның әр ағашын, бұтасын баласындай күтіп қарайды.
Соңғы жылдары Арал ұлтанына ағаш отырғызу жұмыстары қолға алынып, бұл бастама экологияны қалпына келтірудің маңызды қадамы ретінде қарастырылған. Ауқымды іске әр аймақтан мамандар келіп, Аралды экологиялық жағдайдан құтқаруда. Қанат Каганұлы да аудандағы орманшылармен бірге құмды аймаққа ағаш отырғызып, өз ісін адал атқарып, үлесін қосып жүр.
– Табиғатқа жанашырлықпен қарау, қорғау бала кезден бойымда бар қасиет. Бұл салаға келуімнің бір себебі осы. Жалпы жүрген жерімде жерде жатқан қоқысқа мән беріп, жинап жүремін. Айналамның таза болғанын қалаймын. Таза табиғат, жасыл желек адам жанына жайлылық сыйлайтын бірден-бір демалыс орын. Сондықтан оны қорғап жүру парызымыз, – дейді ол.
Орман сақшысының жары Гүлмира Бектасова да өсімдік қорғау саласының маманы. Бүгінде табиғат жанашырлары отбасында 4 бала өсіріп отырған ардақты әке, аяулы ана. Иә, орманшы – жай ғана маман емес, табиғаттың қорғаушысы, ел болашағының тірегі. Осындай өз ісінің шеберін келе жатқан кәсіби мерекесі қарсаңында елге таныстырып, құрметтеуді жөн көрдік.
Ерсін СӘДУҰЛЫ