БІЛІМ БЕРУДЕГІ БАСЫМ БАҒЫТТАР АЙҚЫНДАЛЫП, ЖАУАПТЫ МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЛДІ
Білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібековтің төрағалығымен 2026–2027 оқу жылындағы алғашқы кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиынға облыстық балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқарманың бас маманы Жүнісова Шолпан Оралбайқызы, білім бөлімінің мамандары, мектеп директорлары мен директорлардың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Мәжілісте ауданның білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер сараланып, білім сапасын арттыру мен оқу-тәрбие жұмысын жетілдіруге қатысты басым бағыттар талқыланды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналды. Шолпан Оралбайқызы Zoom платформасы арқылы онлайн байланысқа шығып, балалардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер жөнінде ақпарат берді. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, білім беру ұйымдарында «Заң мен тәртіп» қағидатын жүйелі ілгерілету, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және тәрбие жұмысының сапасын арттыру мәселелеріне тоқталды.
Бұдан кейін білім беру ұйымдарындағы нысаналы индикаторлардың орындалу барысы, 2025–2026 оқу жылының ҰБТ қорытындысы мен 2026–2027 оқу жылындағы тестілеуге дайындық жұмыстары, әдістемелік кабинеттің жылдық жоспары, педагогтердің сапалық құрамы, білім алушылардың білім жетістіктеріне мониторинг жүргізу (ББЖМ) нәтижелері және «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды.
Күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша атқарылған жұмыстарға жан-жақты талдау жасалып, қол жеткізілген нәтижелер мен алдағы кезеңнің міндеттері сараланды. Білім беру ұйымдарының қызметіндегі өзекті мәселелер мен кемшіліктер талқыланып, оларды шешу жолдары қарастырылды. Сондай-ақ білім сапасын арттыру, тәрбие жұмысын жетілдіру, педагогтердің кәсіби әлеуетін дамыту, әдістемелік жұмыстың тиімділігін күшейту, білім беру жобаларын үйлестіру және оқыту әдістерін жетілдіру мәселелеріне басымдық берілді.
Жиын барысында жекелеген бағыттар бойынша жіберілген кемшіліктер сынға алынып, оларды түзету жөнінде жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді. Әрбір бағыт бойынша жұмыстың нәтижелілігін қамтамасыз ету, белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізу және тапсырмалардың орындалу мерзімін сақтау қажеттігі атап өтілді.
Мәжілісті қорытындылаған Берік Съездұлы білім беру саласындағы міндеттердің маңыздылығына тоқталып, тапсырмалардың толық көлемде әрі сапалы орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.
















