ТӘРБИЕ ТАҒЫЛЫМЫ: БІР ОТБАСЫНДА 3 «АЛТЫН БЕЛГІ» ИЕГЕРІ
Оқу-ағарту саласында білім мен тәрбие егіз ұғым. Бірі – бала біліміне назар аударса, бірі – тәрбиеге көңіл бөледі. Бір қарағанда айырмашылық байқалмайтындай. Дегенмен, екеуі екі бағытты қамтиды. Дүр Оңғар ауылындағы №107 мектеп мұғалімі Ләззат Ешниязова 2005 жылдан бері директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, осы бағытта еңбек етіп келе жатқан ұстаз.
Ләззат Зейнуллақызы 1977 жылы Дүр Оңғар ауылында дүниеге келген. Кіндік қаны тамған туған жері ұстаз үшін балалық шақтың бал дәурені мен жүрекке жылы естеліктердің мекені ғана емес, тағдырын ұстаздық жолмен тоғыстырған қасиетті бесік. Білім ордасы оның жүрегіне білімге деген құштарлықтың алғашқы дәнін септі. Орта мектепті тәмамдап, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне оқуға түсті. Жоғары оқу орнын бітірген соң туған ауылына жас маман болып оралды. Ең алғаш ұстаздық қызметін өзі білім алған қара шаңырақта бастады. Кеше ғана білім алған мектептің табалдырығын енді ұстаз болып аттау жас маманға зор мәртебе әрі жауапкершілік еді. Өзі оқушы болып отырған сыныптарда енді шәкірттерге білім беріп, жүрегіне жол табуға ұмтылды. Кәсібіне деген сүйіспеншілігі мен ізденімпаздығының арқасында 2006 жылы «Болашақ» университетінің «Филология» факультетін аяқтап, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын тереңдетіп меңгеріп шықты.
Туған жер топырағында басталған еңбек жолы бүгінде 27 жылдық ұстаздық ғұмырға ұласты. Осы жылдар ішінде талай шәкірттің алғашқы қадамына куә болып, арманмақсатына бағыт-бағдар беруге үлесін қосуда. Ұстаздық жолдың қуанышы да, қиындығы да аз болған жоқ. Алайда әр шәкірттің жетістігі, әр баланың жүрегіндегі ізгі өзгеріс, әріп танып, білімге ұмтылған әрбір жас ұрпақтың талпынысы ұлағатты жан үшін ерекше сәттер. – 2005 жылдан бері өзім түлеп ұшқан білім ордасында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келемін. Бұл қызмет менің педагогикалық тәжірибемді ғана емес, адам тәрбиесіне деген жауапкершілігімді де еселей түсті. Шарапаты мол, жауапкершілігі жоғары бұл салада жас ұрпақтың бойына адамгершілік, отансүйгіштік пен білім нәрін егуде еселі еңбек етіп жүрмін. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының негізі. Сондықтан әрбір шәкірттің бойына үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді асыл қасиетті сіңіру ұстаздық парызым. Мен үшін мектеп тек білім беретін мекеме емес, жүрекке жылу сыйлайтын, талай тағдыр тоғысатын қасиетті шаңырақ. Ал ұстаздық – өмірімнің мәніне айналған, жүрегіме жақын ең қастерлі жол. Осы қара шаңырақта еңбек ете жүріп, өзім де адам тануды, сабыр сақтауды, әр баланың жүрегіне үңіле білуді үйрендім. Өйткені ұстаз болу шәкіртке білім берумен қатар, оның жан дүниесіне ізгілік дәнін себу де. Тәрбие ісінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жүйелі жұмыстарды үйлестірудеміз. Оқушылардың шығармашылық, рухани және азаматтық әлеуетін арттыратын жаңашыл іс-шара, жобалар сәтті жүзеге асырылуда, – дейді педагог.
Ұстаздың қол жеткен табыстары аз емес. Соның соңғыларына ғана тоқталып өтсек, 2021 жылы аудандық «Үздік тәрбие орынбасары-2021» байқауының ІІ орын жүлдегері болса, 2023 жылы осы байқаудың І орын иегері атанған. 2022 жылы «Ұшқыр ой алаңы» аудандық дебат турнирінде «Үздік спикер» номинациясын жеңіп алған. 2023 жылы облыстық дебат турнирінде «Ең сенімді ойыншы» номинациясының жеңімпазы ретінде танылды. Ал биылғы жыл аудандық «Үздік тәрбие орынбасары-2026» байқауының І орын және облыста өткен осы сайыста ІІІ орынды бағындырған.
Бұл білікті мұғалімнің өз жетістігі болса, шәкірттері де жаяу-жалпы емес. 2023 жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша 7-8 сынып оқушылары арасында өткізілген республикалық пәндік олимпиаданың аудандық кезеңінде 6-сынып оқушысы Амангелді Толғанай алғыспен марапатталса, 2024 жылы 9-11 сынып оқушылары арасында өткен республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде 10-сынып оқушысы Ақнұр Тұрарбекова І орын иеленген. Сондайақ 2025 жылы 9-11 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде Ақнұр ІІ орынға ие болған. Болашағынан үміт күтетін шәкірттің бұдан басқа да жетістігі көптеп саналады. Ол эссе жазу, Қ.Бітібаева атындағы қазақ тілі олимпиадасының аудандық кезеңінде І орынды, облыстық кезеңінде ІІІ орынды қанжығалаған.
Ұстаз негізгі жұмысымен қатар отбасында аяулы жар, балаларының ардақты анасы. «Өмірдің үлкен мектебі – отбасы» десек, Ләззат шаңырағын шаттыққа бөлеп отырған жан. Жолдасы Жаңабекпен 4 перзент тәрбиелеп, өмірге қанаттандыруда.
Осы ретте ерекше айтып өтерлік жайт – сол балалардың 3-еуі мектепті «Алтын белгі» белгісімен бітіріп, мемлекеттік білім грантының иегерлері атанған оқу үздіктері. Атап айтсақ, тұңғыш қызы – Меруерт, Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетін екі шет тілі мамандығы бойынша қызыл дипломға аяқтаған. Қазір Қызылорда медициналық жоғары колледжінде ағылшын тілі пәнінінің мұғалімі. Екінші қызы – Мерей, Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетін педиатр-дәрігер мамандығы бойынша үздікке аяқтап, бүгінде осы медицина университетінің резидентурасының білім грантын жеңіп алып, педиатрдәрігер мамандығы бойынша білімін жалғастыруда. Үшінші қызы – Ақнұр, Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінде биология мұғалімдерін даярлау мамандығы бойынша 1 курс студенті. Ал кенжесі – Іңкәр 10-сыныптың үздік оқушысы.
Ләззат Зейнуллақызының білім саласындағы және қоғамдық жұмыстардағы қажырлы еңбегі елеусіз қалмады. Ол аудан әкімінің, аудан прокурорының, аудандық білім бөлімінің алғыс хат, құрмет грамотасымен марапатталған. Білім саласындағы белсенділігі облыстық білім басқармасының, облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің марапаттарымен де құрметтелген. Сонымен қатар «AMANAT» партиясы республикалық қоғамдық штаб жетекшісінің, облыстық партия филиалының, басқа да бірқатар сертификатқа ие болған.
Ұлағатты жан үшін мамандық таңдаудың маңызы жоғары. Табысты болудың да сыры осында жатқандай. «Қиыннан қиыстырар ер данасы» деп, Абай ақын айтқандай, ұстаз өмірінің кілті – сүйген мамандығы пен отбасы бақытында.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
















