ДАРИЯ КЕУДЕ, ТАУ МҮСІН...
«Қазақта қарты бар үйдің қазынасы бар» деген сөз бекер айтылмаған. Себебі үлкен адамның өмірден көргені келешекке сабақ болары белгілі. Ұлтымыз үлкен сөйлесе сөзін бөлмеген, жүрсе алдын кеспеген, отырса төрден орын берген халық. Бүгінгі күні де қарттарымызға деген құрмет азайған жоқ.
1989 жылдан ардагерлер ұйымы құрылып, жұмыс жасай бастады. Ұйымның мақсаты – билік пен халықтың ортасында алтын көпір болу. Жастарға патриоттық тәрбие беру. Ұлттық құндылықтарымызды жас ұрпақтың бойына сіңіру. Ел президентінің саясатын насихаттау, елді бірлікке шақыру. Ауданда осы мақсатты мұрат еткен 68 бастауыш ардагерлер ұйымы бар. Бүгінгі таңда ауданымызда 5590 зейнеткер тіркеуде тұрса, оның 5372-сі бастауыш ардагерлер ұйымының мүшесі. Аудандық ардагерлер кеңесі барлық бастауыш ардагерлер ұйымына басшылық жасайды. Жыл басында кеңестің жұмыс жоспары бекітіліп, барлық жұмысы жоспарға сай жүргізіледі. Кеңестің 11 алқа мүшесі аудандық ардагерлер кеңесінің конференциясында сайланып, әрқайсысына міндеттер бөлініп, соған сәйкес жұмыс атқарады. Облыстық ардагерлер кеңесі мен аудан әкімдігімен тығыз байланыста жұмыс жасалынады. Облыста өтетін барлық мәдени көпшілік шараға аудан ардагерлері де қатысып тұрады. Соның бір көрінісі – спорттық сайыстардан аға буын өкілдері үнемі жеңімпаздар қатарынан көрініп келеді.
Мемлекет тарапынан «Ардагерлерді ардақтайық» атты әлеуметтік жоба қолға алынған. Бағдарламаға аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы әркез қолдау білдіріп, ардагерлерге құрмет көрсетілуде. Осы жылы аталған бағдарламаға 3,5 миллион теңге бөлініп, бұл қаржыны ұтып алған мердігер тарапынан көзделген шаралар өткізілуде.
Атап айтқанда, жуырда ардагерлеріміз Сейітпенбет әулие, Қорқыт ата, Марал бабаның басына барып зиярат етсе, ұлттық тарихымызбен жете танысуда археологиялық жұмыстар жүріп жатқан Қара асарға барып, өткен дәуір туралы біраз мағлұмат алды. 40 ардагер көне шаһар, еліміздің рухани орталығы саналатын Түркістан сапарына барып, Ахмет Яссауидің мавзолейіне зиярат етсе, «Керуен сарайы» сияқты жаңа құрылыстарды көріп таңдай қақты. Келешекте Байқоңыр ғарыш музейі, Қарттар күні мерекесіне байланысты мәденикөпшілік шаралармен бұл жұмыстар жалғасын табады.
Жыл сайын 80-90 жасқа келген қарттарымызды, сол сияқты саналы ұрпақ тәрбиелеген қарттарымызды назардан тыс қалдырмай құттықтау дәстүрге айналды. Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында аудандық әйелдер кеңесімен бірлесіп, батыр аналарымызға құрмет көрсетіліп отырады. Отбасы күніне орай 50-60 жыл бірге жұбайлық өмір сүрген ардагерлермен жас жұбайлардың кездесуі ұйымдастырылып, тағылымды іс-шара өтуде.
Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, үлкендеріміздің өнегелі еңбек, өмір жолдары жас ұрпаққа насихаттала бермек.
Қарттар күні қарсаңында ауданымыздың "дария кеуде, тау мүсін..." деп ақындар әспеттеген ардагерлерімізді төл мерекелерімен құттықтаймын. Дендеріне саулық, отбасы бақытын, ұзақ ғұмыр, өсіріп отырған ұрпағының тек қана қызық-қуанышын көрулеріне тілектеспін.
Асқар МЕРЕКОВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы














