Ардагерлер кеңесіне жаңа төраға сайланды
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Аудандық ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің пленумы өтті. Пленумға облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Шәменов, аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов және бастауыш ардагерлер ұйымдары, кент, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Отырысты аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Есдәулетов ашып, жүргізіп отырды.
Пленум отырысының алғашқы сөзі аудан әкімі Әділбек Ерсұлтановқа берілді.
– Халқымызда «Қариясы бар ел – қазыналы ел» деген тағылымды сөз бар. Біз қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпақтарымыз. Әр кез алдыңғы буын аға-апаларымыздың ел дамуы жолындағы ерен ерлігі мен қажырлы еңбегін үлгі тұтамыз. Ғұмыры ғибратқа толы ардақты ардагерлердің жүріп өткен жолы – бізге өнеге. Ауданда 2007 жылдан бастап ардагерлер кеңесі үкіметтік емес ұйым ретінде тіркеліп, бүгінгі күнге дейін жастарға тәлім-тағылымы мол, тәрбиелік маңызы зор көпшілік мәдени іс-шаралардың өтуіне ұйытқы болып келеді. Сондай-ақ, ел ағалары түрлі салалар бойынша жер, еңбек, отбасылық және басқа да дауларда өздерінің мол тәжірибелері мен абыройының арқасында тараптарды ымыраға келтіру мен татуластыру бағытында да өз үлестерін қосуда, – деп ардагерлер қауымына алғысын білдірді.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша ІІІ Интернационал ауылдық округі бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Сайлауов хабарлама жасады. Онда Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы мен Үндеуінен туындайтын міндеттерді жүзеге асырудағы ІІІ Интернационал ауылдық округінің бастауыш ардагерлер ұйымының халық бірлігі, этносаралық саяси-ахуал тұрақтылығы бағытында атқарылған жұмыстары туралы баяндалды. Хабарламадан соң ауылдық округтер мен кенттердің ардагерлер кеңесінің төрағалары ой-пікірін білдіріп, тақырып тінін тарқатты.
Ал екінші мәселе бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы болып ұзақ жылдар бойы ауданда жауапты қызметкер атқарған Асқар Мереков сайланды.
Сондай-ақ осыған дейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып келген Қаршыға Есдәулетовке белсенді еңбегі үшін ҚР Президентінің алғысы және облыстық Ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасы мен «Облыстың құрметті ардагері» төсбелгісі табысталды.
«Қт» ақпарат