ҚАСИЕТТІ ОРЫНДАРҒА САПАРЛАДЫ
1 қазан – Халықаралық Қарттар күніне орай ауданда бірқатар іс-шара өтті. Соның бірі – мереке қарсаңында ардагерлердің қасиетті орындарға саяхат жасауы. Аудан әкімінің қолдауымен «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында іске асқан танымдық шара аға буын өкілдерінің жан сарайын кеңейтіп, рухани күш-қуат сыйлады. Жоба жыл сайын аудан басшысының қолдауымен ұйымдастырылып келеді. Мақсат – аға буын өкілдерінің ел тарихы мен мәдениетін тереңірек танып, тағылымды орындарға баруына жағдай жасау. Былтыр осы жобамен ауданның 100-ге жуық ардагері Түркістан, Байқоңыр қаласы, басқа да киелі мекенге жол тартқан
Сапар алдында аудан әкімі Жандос Еркінбек аудан ардагерлеріне ақжарма тілегін білдіріп, шығарып салды.
– Сіздердің өмір жолдарыңыз кейінгі буынға үлгі. Осындай тағылымды сапарлар арқылы ардагерлеріміздің тарихи-мәдени мұраларымызбен танысып, қасиетті орындарға зиярат етуіне мүмкіндік жасалуда. Түркістан халқымыздың тарихы мен руханиятында айрықша орны бар қасиетті мекен. Сапарларыңыз сәтті болсын! – деді аудан басшысы.
Ардагерлер Түркістан қаласының қасиетті орындарында болып, бабалар рухына Құран бағыштады. Шаһардың сан ғасырлық тарихи-рухани мұрасымен танысты.
Сондай-ақ аптада ардагерлердің тағылымды сапары Қорқыт ата кешені мен Марал баба кесенесінде жалғасын тапты.
Аға-әпкелеріміз елдің амандығы мен берекебірлігін тілеп, дұға жасады. Қасиетті орындарға тағзым еткен қазыналы қарияларымыз игі бастамаға қолдау көрсеткен аудан басшысына ерекше ризашылығы мен ілтипатын жеткізді.
Айта кетсек, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы – аудан ардагерлерінің бос уақытын тиімді ұйымдастырып, туған жеріміз және еліміздегі қасиетті орындар мен бабалар мұрасын насихаттауға бағытталған.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА

















