ЖАҢА ҚЫЗМЕТКЕ ТАҒАЙЫНДАЛУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ШЫҒАРЫП САЛДЫ
Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбек аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы қызметін атқарып келген Шәпи Нұржан Арыстанұлын жаңа қызметке тағайындалуына байланысты шығарып салу жиынын өткізді.
Нұржан Арыстанұлы 2010 жылдан бері аудан әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелерде түрлі жауапты қызметтер атқарып, мемлекеттік қызмет саласында мол тәжірибе жинақтаған.
Еңбек жолында Төретам кенті әкімі аппаратында жетекші маман, бас маман, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінде бас инспектор, бөлім басшысы қызметтерін атқарған. 2025 жылдың қараша айынан бастап аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы ретінде абыройлы қызмет етіп келді.
Осы уақыт аралығында қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп, ақпараттық-идеологиялық жұмыстарды ұйымдастыру бағыттарында бірқатар маңызды жұмыстардың жүзеге асуына үлес қосты.
Жандос Еркінбек атқарған еңбегіне оң бағасын беріп:
– Әріптесіміз қызмет ету барысында өзін білікті маман екенін көрсете білді. Нұржан Арыстанұлының жаңа қызметінде сәттілік пен абырой тілеймін,– деп ауданның қоғамдық-саяси өміріне қосқан үлесі үшін «Алғыс хатын» табыстап, ақжолтай тілегін жеткізді.
Өз кезегінде Нұржан Арыстанұлы Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары лауазымына тағайындалуына байланысты аудан әкімдігінің ұжымына жылы лебізін білдіріп, бірлесе жұмыс атқарған кезеңдерге алғысын айтып, алдағы күндеріне сәттілік тіледі.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















