» » ЖҮРЕК ҚАЛАҒАН ЖОЛ

ЖҮРЕК ҚАЛАҒАН ЖОЛ

Ақ халатты абзал жандардың еңбегі сырт көзге бір қалыпты көрінгенімен, оның артында үлкен жауапкершілік, сабыр мен адам тағдырына деген алаң бар. Әсіресе ауылдық жерде медицина қызметкерінің міндеті аз емес. Бір мезетте бірнеше науқасқа көңіл бөліп, шұғыл жағдайда алғашқы көмек көрсетіп, сырқаттың жағдайын бақылауда ұстау – күнделікті жұмыс. Осындай жауапкершілігі мол саланы өмірлік мамандығына айналдырған жанның бірі – Тұрмағамбет ауылының тұрғыны Манат Оразбаева.
Манат Құттыбайқызы 1973 жылы Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. 1990 жылы ауыл мектебін бітіріп, Алматы қаласындағы медициналық училищеге емдеу ісі, фельдшер мамандығы бойынша оқуға түседі. Бала күнінен ұстаз немесе дәрігер болуды армандаған ол мектеп қабырғасынан кейін медицина саласына бет бұрып, таңдаған кәсібіне тыңғылықты дайындалады. Мамандық таңдауға анасының да ықпалы аз болмаған. Анасы ұзақ жылдар бойы ауылдық ауруханада еден жуушы болып еңбек еткен. Мектептен соң кешке демалыс күндері анасына көмектесіп жүрген Манат ауруханадағы тіршілікті ерте жастан көріп өседі. Ақ халатты дәрігерлер мен мейірбикелердің науқастарға көмектесіп, адам денсаулығы үшін еңбек етіп жүргенін көрген сайын медицинаға деген қызығушылығы арта түседі. Бала күнгі қызығушылық уақыт өте келе өмірлік мақсатқа айналды. Медициналық училищені аяқтап, диплом алған соң туған ауылына оралып, еңбек жолын ауылдық амбулаториядан бастайды. Алғашқы жылдары медбике болса, кейін акушер қызметін атқарды. Әр қызметтің өз жауапкершілігі бар. Бірінде науқастың жағдайын бақылау мен ем шараларын орындау маңызды да, екіншісінде ана мен бала денсаулығына ерекше мұқият болу қажет. Жылдар өте тәжірибесі толығып, бүгінде жалпы тәжірибелік мейірбике болып қызмет атқарып келеді.
Әсіресе жүкті әйелдер мен балаларға көрсетілетін көмекке мұқият болу керек. Ауыл жағдайында медицина қызметкері науқастың денсаулығына ғана емес, оның көңіл-күйіне де назар аударады. Себебі ауырған адамға кейде дәрі-дәрмекпен бірге жылы сөз бен сенім де қажет. Ол еңбек жолында тек ауылындағы тұрғындарға ғана емес, көршілес аумақтардағы тұрғындарға да медициналық көмек көрсетіп, үлкендердің жағдайына, балалардың денсаулығына қарайласады. Өз ісінің шеберін жылдар бойғы еңбегі тұрғындардың алғысымен бағаланып, аудан көлемінде бірнеше рет алғыс хаттар алып, бағалы сыйлықтармен марапатталған.
Медицинадағы ұзақ жылғы тәжірибесі оған бұл мамандықтың қуанышы мен қиындығын қатар сезінуге мүмкіндік берді. Кейде жұмыс ауырлап, жауапкершілік көбейгенімен, науқастың жағдайы жақсарып, оның алғысын есту – еңбектің ең үлкен сыйы. Сондықтан ол таңдаған мамандығына еш өкінбейді.
Мамандыққа деген адалдық отбасында да жалғасын тауып отыр. Қызы Жанар Асанқызы да медицина саласында еңбек етеді. Бір отбасының қос буынын медицина саласына тоғыстырған бұл сабақтастық – ананың еңбегі мен кәсіби өнегесінің көрінісі.
Медбикенің еңбегін науқаспен тікелей араласатын адамдар ғана жақсы түсінеді. Аурухана табалдырығын аттаған жан үшін дәрігердің диагнозы мен тағайындаған емі қаншалықты маңызды болса, мейірбикенің қарымқатынасы мен қамқорлығы да соншалықты қажет. Мұны ауыл тұрғындарының ризашылығынан да аңғаруға болады. Ауыл тұрғыны, №29 мектептің мұғалімі Бибігүл Айтбақова медбикенің кәсіби біліктілігімен қатар, адамға деген мейірімін ерекше атайды.
– Медбике науқастарға дәрігер тағайындаған емді орындап қана қоймай, науқастың көңілкүйіне де қолдау көрсете білетін маман. Шымкент қаласынан келген немерем Данилияның дене қызуы қатты көтеріліп, науқастанып қалған болатын. Сол күні кезекшілікте болған Манат замандасымның кәсіби шеберлігіне тәнті болдым. Біріншіден, оның жылы сөзі көңілге демеу болса, екіншіден, біліктілігі үлкен көмек болды. Осындай сәтте медицина қызметкерінің білімімен бірге адамға деген жылы қарымқатынасының да маңызы зор екенін түсінеді екенсің. Мейіргердің көрсеткен көмегі мен адамгершілігі үшін зор алғысымды білдіремін, – дейді ол.
Адам денсаулығын қорғау – сенім мен жауапкершілікті талап ететін іс. Ал сол сенімді ақтау үшін кейде түнгі кезекшілікке шығып, ауырған жанның жанынан табылып, жылы сөз айтуға тура келеді. Сала маманы үшін бұл жылдар бойы қалыптасқан өмір салтына айналған еңбек. Ақ халаттың қадірі де – осында. Халықтың «қолы шипалы» деген бір ауыз сөзі – мейірбикенің маңдай термен келген еңбегіне берілген ең үлкен баға. Анасынан перзентіне жалғасқан ақ халаттың қасиеті – мамандыққа адалдықтың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан өнегесі.
Бауыржан ЖҮНІС
12 қыркүйек 2026 ж. 39 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№69 (10537)

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 (10536)

08 қыркүйек 2026 ж.

№67 (10535)

05 қыркүйек 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 828
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 103

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930