» » Медбике Мөлдір

Медбике Мөлдір

Әлем жұртшылығы жақсы білетін, кәсіби тұрғыда бейбітшілік мақсатқа ғана қызмет ететін екі-ақ мәртебелі мамандық бар. Оның бірі – білім саласының қызметкерлері болса, екіншісі – адам жанының арашасысы атанған ақ желеңді абзал жандар. Кез келген адам тірлігінде тіпті бірер рет болса да жанына демеу, науқасына шипа іздейді. Сондай сәтте өмір мен өлім арпалысқа түсер сын сағаттарда сырқаттың қасынан табылатын медицина саласы мамандарының қоғамдағы алар орны айрықша, мамандықтары мәртебелі.
Медицина саласында дәрігерлердің оң қолы атанған мейірбике мамандығы – алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін әлеуетті мүмкіндігі орасан қызметтің бірі. Медбикелер – шеберлік пен білімді ұштастырған, жанжақты, күтім процесіне толығымен жауапты, мейірімділік көрсететін жандар.
Бүгінгі медбикелерді тек дәрігер айтқанының орындаушысы ғана деп түсінуге болмайды. Олардың міндеті – адамдарды, отбасыларды, халықты психикалық, физикалық, әлеуметтік потенциалын жүзеге асыруға үйретіп, дағдыландыру. Бүгін біз Байқоңыр қаласындағы «Академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжі» білім беру мекемесінің медбикесі Мөлдір Пошанова туралы сөз етпекпіз.
Ол Түркістан облысы, Кентау қаласында дүниеге келген. Т.Рысқұлов атындағы №24 орта мектепті бітіргеннен кейін, 2003 жылы Түркістан қаласындағы медицина колледжіне оқуға түседі. Колледжді «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітіріп келіп, алғашқы еңбек жолын «Кентау Мед орталығы» ЖШС-де ине егу бөлмесінде мейірбике қызметінен бастайды. 2007 жылы өмірлік серігін жолықтырып, Байқоңырға қоныс аударады.
Ол күнделікті колледж қызметкерлерінің сұрауымен қан қысымын өлшеп, басы ауырып, балтыры сыздаса дәрі-дәрмегін беріп, алғашқы көмегін көрсетеді. Колледж студенттеріне денсаулық сағаттарын өткізіп, ауырған сәтте көмек қолын созады.
– Медицина саласы әрі қиын, әрі қызықты сала болғандықтан әрине әртүрлі жағдай болып тұрады. Адам тағдыры бей-жай қарайтын жайт емес, сондықтан әрқашан мұқият болуға міндеттіміз. Сабырлылық танытып, әр науқастың жағдайын жасауға тырысамыз. Денсаулық – адам баласы үшін баға жетпес байлық. Сол баға жетпес байлықты сақтау үшін дұрыс тамақтанып, зиянды әрекеттерге бармай, саламатты өмір салтын сақтағанымыз жөн, – дейді медбике.
Расымен де, медбике – денсаулық сақтау саласының қозғалтқыш күші. Емделушіге психологиялық тұрғыдан демеу көрсетіп, мейірімділік танытып, тезірек айығуына көмекші болады. Олар қызмет барысында ұйымдастырушылық, ғылымизерттеушілік, оқытушылық секілді қағидаларды басшылыққа алып, жұмыс істейді.
Арқалаған жүгі ауыр салада қалтқысыз қызмет етіп, мейірімділік пен жылылықтың символына айналып, игі қызмет жасап жүрген медбике ісі қашанда сый-құрметке лайықты. Себебі, әрбір жанға медициналық көмек көрсетуде дәрігермен қатар, медбикенің атқарар рөлі зор. Гиппократ антын қабылдап, міндетін мінсіз атқарушы медбикелердің мәртебесі әрдайым үстем.
Бүгінде Мөлдір берекелі шаңырақтың отанасы. Үлкен қызы – Айша 15 жаста, биыл 9-сыныпты бітіріп, мұғалім мамандығына оқуға түсуге талаптануда. Ұлы – Ернұр 14 жаста, кіші ұлы – Алинұр 10 жаста, ал Дина 7 жаста. Олар Байқоңыр қаласындағы №275 мектепте оқиды. Өмірлік жары Ерлан тіршілік қамымен Лондонда жұмыс істеп жүр. Отбасында төрт баланың анасы атанған өз ісінің маманы өзінің жайдары мінезімен ұжымдастары арасында сыйлы жан.
Қымбат БЕРДЕШ,
Байқоңыр қаласы
26 маусым 2024 ж. 192 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 255

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 355

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930