Алғысқа лайық абзал жан
qarmaqshy-tany.kz Әлем жұртшылығы жақсы білетін, кәсіби тұрғыда бейбітшілік мақсатқа ғана қызмет ететін екі мәртебелі мамандық бар. Оның бірі – білім саласының қызметкерлері болса, екіншісі – адам жанының арашасы атанған ақ желеңді абзал жандар, яғни медицина саласы қызметкерлері.
Кез келген адам тірлігінде, тіпті бірер рет болса да жанына демеу, науқасына шипа іздейді. Сондай сәтте өмір мен өлім арпалысқа түсер сын сағаттарда науқастың жанынан табылатын медицина мамандарының қоғамдағы алар орны ерекше.
Осындай мәртебелі мамандықты пір тұтқан жандардың бірі аудандық аурухананың хирургия бөлімінің ота жасау блогының аяжаны Рыскүл Дүзкенова.
Рыскүл Камалқызы бар саналы ғұмырын аяжандық іске арнаған жан. Оның жұмыс өтілі 35 жылды құрайды. 1962 жылы Жосалы кентінде дүние дидарын ашып, No105 орта мектепті тәмамдаған ол өзге құрбылары сияқты арнаулы оқу орнында кітапханалық мамандықты меңгерген. Бірақ жүрек қалауымен еңбек жолын алғашқы кезде аудандық аурухананың хирургия бөлімінде, жыл өте ота жасау блогында жалғастырады.
«Медицина маманының басты философиясы адам өмірін сақтау, жеке тұлғаның құқығы мен абыройын сыйлай отырып, қызмет көрсету. Яғни, біздер науқастың күтіміне қарап, емделушіге бар ықыласымызбен қызмет көрсетеміз. Біздерді медициналық топтың белсенді әрі белді мүшесі десе де болады. 1987 жылдан бері аудандық ауруханада аяжан болып қызмет етіп келемін. Бұл мамандықтың өз қызығы мен қиындығы бар. Дәрігердің иығында қандай жауапкершілік болса, бізге де жүктелген міндет сондай», – дейді ол.
Ардақты жан отбасында жолдасы Болат Есжановпен екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, олардың қоғамнан өз орнын табуына еңбек сіңіруде. Ұлы Бекзат «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі бойында орналасқан Төтенше жағдайлер министрлігіне қарасты апаттар медицинасы бөлімшесінде фельдшер болып қызмет етсе, қызы Назерке аудандық емханада медбике.
«Саналы өміріме серік етіп келе жатқан мамандықты таңдап, аудандық аурухананың ота жасау блогына жұмысқа орналасқанымда өзіме жүктелген міндетімді атқарып кетуіме қолдау көрсеткен, анамдай болған Соня апайым, ұстаздарым Роза Таңатарова мен Ажар Алматова, Жанар Шүйтенова сынды өз ісінің шеберлерімен бірге қызмет еттім. Ал, бүгінде аға медбике Зәуреш Қараманова, ота жасау блогының қызметкерлері Айнұр Битенова, Бибіхан Қожахмет пен Айжамал Іздібаевалармен қызметтес болып жүрмін. Сондай-ақ ота жасау блогында еңбек еткелі бері еңбегімен ел құрметіне бөленген марқұм ағаларым Сағымбек Рысмаханов, Марат Мырзақұлов, Ғани Серікбаев, Нұраш Оңайсынов, Әбілда Омаров және бүгінде өз ісінің білгірі атанған Бақытжан Нысанбаев, Әділбек Маликов, Шәкірат Бердібаев және басқа да сала мамандарының қаншама науқасқа ота жасап, өмір сыйлағандарын көзіммен көрдім. Алғашқы кезде қорқынышты болғанымен, кейіннен оған да көзің үйренеді екен. Қиналған да, қуанған да кездер болды. Иә, медицина әрі қиын, әрі қызықты сала болғандықтан, әрине түрлі жағдайлар болып тұрады. Адам тағдыры бей-жай қарайтын жайт емес, сондықтан әрқашан мұқият болуға міндеттіміз. Сабырлық танытып, әр науқастың жағдайын жасауға тырысып бағамыз. Әсіресе пандемия кезінде өте қиын болды. Бұрын мұндай ауыр инфекциялық жағдайлар кездеспегендіктен, яғни инфекция кезінде киетін арнайы форманы киіп науқастармен жұмыс жасау оңай болған жоқ. Сол қиындықтарға қарамастан аурухана қызметкерлері антына адалдығын білдіріп, аянбай қызмет жасады», – дейді Р.Дүзенова елімізге келген нәубетті еске алып.
Расымен де, кіші медицина қызметкерінің – денсаулық сақтау саласында орны бөлек. Емделушіге психологиялық тұрғыдан демеу көрсетіп, мейірімділік танытып, тезірек айығуына көмекші болады. Олар қызмет барысында ұйымдастырушылық, сабырлық секілді қағиданы басшылыққа алып, жұмыс істейді.
Арқалаған жүгі ауыр салада адал қызмет етіп, мейірімділік пен жылылықтың символы ретінде қызмет етіп жүрген медбике мен аяжандар қашанда құрметке лайық. Себебі, олардың әрбір науқасқа медициналық көмек көрсетуде атқарар рөлі зор. Ендеше, міндетін мінсіз атқарып жүрген Рыскүл Камалқызындай аялы алақан иелерінің мәртебесі әрдайым үстем болсын.
Айтпақшы, 35 жыл бойғы саналы өмірін адам денсаулығын арттыруға арнаған апайымыз жаңа жыл қарсаңында зейнеткерлік демалысқа шыққалы отыр. Құрметті зейнет жасыңыз құтты болсын.
Нұрбай ӘБІЛАХАТҰЛЫ