Мейірбан медбике

Таңдаған мамандығына жауапкершілікпен қарап, жұмысын жан аямай атқаратындар әр салада аз емес. Солардың бірі – ІІІ Интернационал ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда қызмет ететін мейірімді медбике Хадиша Мададова. Ол – ақ халаттың абыройын асқақтатып, адам жанының арашасы болып жүрген жан.
Хадиша Салимқызы ұлты түрік болса да, қазақ жерінде өсіп, осы елдің дамуына үлес қосып келе жатқан еңбекқор мамандардың қатарында. Ол №108 орта мектептің орыс сыныбын тәмамдап, жастайынан адамға көмек көрсетуге деген ынтасын айқын сезінеді. Осы арман жетегімен 2002 жылы Қызылорда медициналық колледжіне оқуға түсіп, «Емдеу ісі» мамандығын игеріп шығады. Дәл сол жылы өмірлік серігі Руслан Мурсаловқа тұрмысқа шығады.
Еңбек жолын ауылдық стационарда медбике болып бастаған Хадиша Салимқызы алғашқы күннен-ақ жауапкершілікті терең сезінді. Науқастармен тіл табысып, олардың дертіне дауа болуға ұмтылған жас маман уақыт өте келе тәжірибесі толысқан білікті қызметкерге айналды. 2016 жылы ауылдық дәрігерлік амбулаторияға ауысып, химизаторлық қызмет атқарды. Қазіргі таңда акушерлік бағытта жалпы тәжірибелік медбике ретінде қызмет етіп, аналар мен сәбилердің амандығы жолында еңбек етіп келеді.
Медицина – тек мамандық емес, ол – үлкен жауапкершілік пен адамгершілікті талап ететін қасиетті сала. Кейіпкеріміз бұл жолдың оңай еместігін жақсы түсінеді.
– Мен әрқашан адамдарға көмектескім келеді. Медицина мамандығын таңдауымның да бір себебі – осы. Жұмыстың оңайы жоқ. Әр саланың қиындығы мен қызығы болады. Ал медицинаның жауапкершілігі зор. Өйткені біз адамдардың өміріне жауап береміз. Сондықтан әр науқастың дертін емдемес бұрын, жанын түсінуге тырысамыз. Жалпы, қандай қиындықтар кездессе де, бұл саланы таңдағаныма өкінбеймін, – дейді ол.
Медицина саласында тәжірибе мен уақыттың орны бөлек. Жылдар өте келе әрбір жағдайдан сабақ алып, әр науқастың ерекшелігін түсіне білу – нағыз шеберліктің белгісі. Осындай тәжірибе маманның тек кәсіби деңгейін ғана емес, адамға деген көзқарасын да қалыптастырады.
Хадиша Мададова – өз мамандығын жүрек қалауымен таңдаған, адам өміріне бейжай қарамайтын жан. Оның әр күнгі еңбегі – біреуге үміт сыйлау, біреуге демеу болу. Осындай жандардың арқасында ауыл медицинасы дамып, халықтың саулығы нығая түсуде.
Ақнұр САҒЫНТАЙ















