Жүрегі жұмсақ жан
Қай жеріңіз ауырса, жаныңыз сол жерде. Ауру жаныңа батып тұрғанда ең жақын адамға емес, ақ халатты жандардың көмегіне жүгініп жатамыз. Осындай сенімді үлкен жауапкершілікпен атқарып, таңдаған мамандығына жанашырлықпен қарап, жұмысын жан аямай атқаратындар бұл салада аз емес. Солардың бірі – Қармақшы ауылындағы «Балбөбек» бөбекжай-бақшасында алғашқы көмек медбикесі Тұрсынкүл Әуез.
Медицина маманы – адам денсаулығының сақшысы. Тұрсынкүл Ораққызы бұл істе алда. 1991-1994 жылдары Қызылорда медициналық училищесін тәмамдаған медбике 30 жылға жуық осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып, тынымсыз еңбек етуде. Ол басы ауырып, балтыры сыздаған жандардан көмегін аяған емес. Негізі медицина сала- сында «ерліктің көбін медбикелер жасайды» деген тәмсіл бар. Әсілі бұл сөздің айтылуы да тегін емес.
– Мен әрқашан адамдарға көмектескім келіп тұрады. Медицина мамандығын таңдауымның да бір себебі – осы. Жұмыстың оңайы жоқ. Әр саланың қиындығы мен қызығы болады. Ал медицинаның жауапкершілігі зор. Жалпы, қандай қиындықтар кездессе де, бұл саланы таңдағаныма еш өкінбеймін, – дейді ол.
Оның мамандығына адалдығы, адамдарға қамқорлығының арқасында бүлдіршіндерге дер кезінде медициналық көмек көрсетіледі. Расымен де, қарапайым ғана жұмыс болып көрінгенімен, мейірбикелер атқаратын жұмыс асқан жауапкершілікті қажет етеді.
– Жалпы сатып та, сұрап та ала алмайтын, әрбір адамның тек өзіне керек дүние ол – денсаулық. Ал оны бала күнінен саулыққа үйрету біздің жұмыстағы басты міндетіміз. Медбикелер науқастың күтім процесіне толығымен жауапты, сол үшін де балаға бірінші кезекте мейірім көрсетуге тырысамыз. Сонымен қатар күн сайын балалардың дене қызуын өлшеп, қадағалап отырамыз, – дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде Тұрсынкүл Ораққызы өз қызметінде білікті маман болса, ал үйде сүйікті жар, асыл ана. Жолдасы Мырзабек Сүлеймен темір жол саласында жол жөндеуші болып жұмыс істейді. Үлкен ұлы Жандос Қызылорда стансасы желілік полиция бөлімі патрульдік полиция взводының полицейі болып еңбек етеді. Кенжесі Нұрымжан «Орда» колледжінің студенті, қазіргі таңда Алматы қаласындағы Б.Момышұлы атындағы No5571 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Әңгіме арасында Нұрымжанның жақында әскери борышын өтеп, туған жерге оралатынын айтып, қуанышты хабарын да жеткізді.
Білікті, жан-жақты адам қашан да айнала- сындағылардың тілін тауып, жылы шырай танытады, қолынан келген көмегін аяп қалмайды. Кейіпкеріміз де дәл сондай жанның бірі. Жұмыста да, үйде де ауызбіршілікті, бірлікті алдыңғы орынға қояды.
Ақнұр САҒЫНТАЙ