Құрылтай
» » АҚ ХАЛАТҚА АДАЛДЫҚ – ОТБАСЫНЫҢ ОРТАҚ ТАҢДАУЫ

АҚ ХАЛАТҚА АДАЛДЫҚ – ОТБАСЫНЫҢ ОРТАҚ ТАҢДАУЫ

Дәрігер болу – мамандық қана емес, адам тағдырына деген зор жауапкершілік. Ал осы жауапкершілікті өмірлік жарыңмен бірге көтеру – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Ауданымызда дәрігер отбасылар аз емес. Солардың бірі – аудандық аурухананың дәрігері Мағжан Абытов пен Кәмшат Әлібекова. Олар медицина мен отбасы құндылығын қатар ұлықтап келе жатқан өнегелі жандардың бірі.
Екеуінің де дәрігерлік жолы 2010 жылы Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінен бастау алды. Студенттік шақта танысып, бір-бірінің білімге деген құштарлығын, адам жанына деген жанашырлығын бағалаған қос жас уақыт өте келе шаңырақ көтеруге шешім қабылдайды. Осылайша ортақ арман, ортақ мақсат олардың тек отбасын ғана емес, кәсіби жолын да бір арнаға тоғыстырды.
Мағжан Оңалбайұлы ауданымыздың тумасы. Мектеп қабырғасынан-ақ адам өміріне араша болатын дәрігер болуды армандаған ол жалпы медицина және хирургия мамандықтары бойынша білім алып шықты. Еңбек жолын аудандық ауруханада хирург дәрігер ретінде бастап, кейін Қызылорда қаласындағы көпбейінді облыстық балалар ауруханасында балалар хирургы әрі эндоскопист дәрігер болып қызмет атқарады.
Біліктілігін арттыру мақсатында Астана қаласындағы Батпенов атындағы травматология және ортопедия ұлттық ғылыми институтында балалар және ересектер травматолог-ортопеді мамандығы бойынша резидентураны тәмамдап, заманауи медицина талаптарына сай тәжірибе жинақтайды. Мемлекет тарапынан ауылдық жерлерге білікті мамандарды тартуға бағытталған біржолғы көтерме жәрдемақыға ие болып, туған жерге оралып, бүгінде аудандық ауруханада травматолог-ортопед дәрігер ретінде ел игілігі үшін еңбек етіп келеді.
Дәрігердің өмірлік жары Кәмшат Әлібекова Шиелі ауданының тумасы. Жалпы медицина және жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығы бойынша білім алған ол еңбек жолын аудандық ауруханада аймақтық дәрігер ретінде бастайды. Кейін Қызылорда қаласындағы №3 қалалық емханада мол тәжірибе жинақтап, бүгінде аудандық емханада аймақтық дәрігер қызметін абыроймен атқаруда. Науқастармен тіл табыса білуі, жауапкершілігі мен мейірімділігі – әріптестері мен тұрғындардың зор құрметіне ие етуде.
Бұл отбасының ерекшелігі – екеуі де бір-бірінің мамандығына құрметпен қарап, әр күн сайын халық денсаулығы үшін ортақ мақсат жолында еңбек етуінде. Күнделікті қызметтің қиындығы мен жауапкершілігін жақсы түсінетін жұбайлар бір-біріне әрдайым қолдау көрсетеді.
– Дәрігер үшін ең үлкен марапат – науқастың сауығып, өз аяғымен үйіне қуанып қайтуы. Біз қандай жағдай болсын кәсіби білімімізді үздіксіз жетілдіріп, туған жеріміздің тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетуге күш саламыз. Елге қызмет ету – біз үшін үлкен мәртебе, – дейді Мағжан Оңалбайұлы.
Жұмыстың жауапкершілік жүгін сезініп жүрген бұл шаңырақ бүгінде екі ұл мен екі қыз тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Балаларына адамгершілік пен еңбекқорлықты, білімге құштарлықты дәріптеп өсіріп келеді. Олар дәрігерлік жолды тек жұмыс ретінде көрмей, халыққа қызмет етуді, адам өміріне араша болуды басты мақсат етеді.
– Дәрігер мамандығын таңдауыма ең үлкен ықпал еткен адам – әкем. Ол ауылда фельдшер болып еңбек етті. Бала күнімнен әкемнің аппақ халатын киіп, ауыл тұрғындарына қалтқысыз қызмет етіп жүргенін көріп өстім. Науқастарға жанашырлық танытып, олардың дертіне шипа іздеп, ем-дом жасап жүрген сәттері мен үшін үлкен өнеге болды. Сол кездің өзінде-ақ: «Мен де әкем сияқты адамдардың денсаулығын сақтауға үлес қосатын дәрігер боламын» деген арман жүрегімде орнықты. Оның адамгершілігі, жауапкершілігі және өз ісіне деген адалдығы мен үшін әрдайым үлгі болды. Сондықтан дәрігерлік жолды таңдауым – бала күнгі арманымның және әкемнің еңбегінен алған шабытымның жемісі.
Отбасымыздың да, мамандығымыздың да негізі – сенім мен жауапкершілік. Дәрігер әр науқастың жанайқайын жүрегімен сезіне білуі керек. Үйде де, жұмыста да бір-бірімізге тірек болып, балаларымызға адал еңбек пен адамға жанашырлықтың үлгісін көрсетуге тырысамыз, – дейді Кәмшат Есенбекқызы.
Бүгінде аудан тұрғындары бұл дәрігерлерді кәсіби біліктілігімен ғана емес, қарапайымдылығы, адамгершілігі және елге деген жанашырлығы үшін де құрметтейді.
Ақ халаттың қадірін биік ұстап, халықтың алғысын арқалап жүрген осындай дәрігер отбасылары көбейе берсін. Себебі ел саулығы – білімді, білікті әрі жүрегі мейірімге толы мамандардың қолында.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
02 тамыз 2026 ж. 255 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№57 (10525)

01 тамыз 2026 ж.

№56 (10524)

28 шілде 2026 ж.

№55 (10523)

25 шілде 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 582
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 1 044

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31