СЕНІМ МЕН СЕРТКЕ АДАЛ ДӘРІГЕР
Әлемде бірнеше ардақты да құрметті мамандық бар. Соның бірі – дәрігер. Оларды «ақ желеңді абзал жандар, адам жанының арашашысы» деп жатамыз. Қалай атасақ та артықтық етпейді. Ауырсақ, сырқаттансақ бірден осы адамдарға жүгіреміз. Алдына барған бізге мейірім төге қарап, емдеп, ақылкеңестерін береді. Күн демей, түн демей қажет кезде жанымыздан табылады.
Дәрігер болу – екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін үлкен жауапкершілік. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін бұл салада абыроймен еңбек етіп, науқастардың алғысына бөлену – үлкен бақыт. Осы салаға өмірлік жолын арнаған жандардың бірі – Айгерім Балымбетова.
Ол 1988 жылы Жалағаш ауданында дүниеге келген. 1995-2006 жыл аралығында Т.Жүргенов атындағы №123 дарынды балалар мектебінде білімін шыңдайды. Білім ордасынан түлеп ұшқан соң Ақтөбе қаласында Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде терапия мамандығын алып шығады. Енді ғана оқуын бітірген жас маман араға көп уақыт салмай «Шипагер» емханасының күндізгі емдеу бөлімінде терапевт дәрігер болып еңбек жолын бастайды. 2016 жылы қайта даярлау курсынан өтіп, жалпы тәжірибелік дәрігер болып аймақта жұмысын жалғастырады. Қазірде аудандық емхананың №7 аймақ дәрігері.
Айгерім – кәсіби біліктілігімен ғана емес, адами болмысымен де ерекшеленетін маман. Ол әр науқастың жайкүйіне бейжай қарамай, жылы сөзімен, сабырлы мінезімен сенім ұялата біледі. Күнделікті жұмыста кездесетін ауыр сәт пен жауапты шешімдер оның төзімін шыңдап, адам ретінде де, маман ретінде де кемелденуіне ықпал етті.
– Дәрігер болу – менің бала күнімнен жүрегімде сақталып келе жатқан асқақ арманым еді. Уақыт өте сол бала қиял мақсатқа айналып, арман ақиқатпен ұштасып, ақ халатты дәрігер атану бақыты бұйырды. Бұл жол – сырт көзге тек оқу мен дипломнан тұратындай көрінгенімен, шын мәнінде үлкен жауапкершілік пен тынымсыз еңбекті талап ететін қасиетті жол. Дәрігер болу тек білім алумен шектелмейді. Ол – үздіксіз ізденіс, күн сайын жаңарып отыратын ғылыммен бірге қадам басу, әрбір науқастың тағдырына сергек қарау. Осыны терең сезінгендіктен, мен кәсіби дамуды ешқашан тоқтатқан емеспін. Осы мақсатта 2021 жылы білімімді жетілдіріп, ультрадыбыстық зерттеу мамандығын меңгердім. Бүгінде бұл бағыттағы қызметті қатар атқарып келемін, – дейді дәрігер.
Айгерім Болатқызының көпжылдық еңбегі мен кәсіби жауапкершілігі тиісті деңгейде бағаланып келеді. Халық денсаулығын қорғау жолындағы адал қызметі үшін ол бірнеше мәрте бас дәрігердің, денсаулық сақтау басқармасының, аудан әкімінің Алғыс хаттарына ие болған. Қазақстан Республикасы Медицина қызметкерлері қоғамының 2022 жылғы қорытындысы бойынша «Үздік медицина қызметкері» медалімен марапатталған. Мұнан бөлек, өткен жылғы ауданымыздағы «Жыл қорытындысы» салтанатты шарасында «Жылдың үздік медицина саласы қызметкері» марапатын иемденді.
– Мен үшін ең бастысы – науқасқа сапалы қызмет көрсету, дер кезінде дұрыс диагноз қоюға үлес қосу. Осы жолда білімімді үнемі толықтырып, тәжірибемді арттыруды өзіме парыз санаймын. Ақ халаттың артында үлкен сенім тұрғанын сезіну мені әрдайым алға жетелейді. Арманнан басталған бұл жол бүгін менің өмірлік ұстанымыма, адамға қызмет етудің мәнді миссиясына айналды, – дейді ол.
Бүгінде кейіпкеріміз өмірде де өз орнын тапқан жан. Өмірлік жары Нұрлыбек Сайымовпен бірге қыз тәрбиелеп отырған ибалы жар, инабатты келін. Отбасы мен қызметті қатар алып жүру – кез келген әйел үшін оңай міндет емес. Алайда Айгерім бұл жауапкершілікті де лайықты атқарып жүр.
Антына адал болуды өмірлік ұстанымына айналдырған ол халыққа қызмет етуді басты парызы санайды. Білікті адам қашанда айналасындағылармен тіл табысып, ортаға жылылық сыйлай алады. Айгерімнің де басты қасиеті – қарапайымдылығы мен кішіпейілдігі. Ол қолынан келген көмегін келген көмегін аямай, әрбір жанға жанашырлықпен қарайды.
Ақнұр САҒЫНТАЙ

















