» » Құрметті мамандық иесі

Құрметті мамандық иесі

Ауданымыздың денсаулық саласында 40 жылдан аса уақыт еңбек етіп келе жатқан жанның бірі – Камария Сүлейменова.

Ол 1956 жылы Дүр Оңғар ауылында туған. Орта білімді Жосалы кентіндегі Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектептен бітіріп, араға бір жыл салып 1975 жылы Ақтөбе Мемлекетттік Медициналық институтына «Терапевт» мамандығы бойынша оқуға түседі. Жоғары білімді бойжеткен интернатурасын облыстық ауруханадан өтіп, дәрігерлік мамандыққа жолдама алады.
К.Нәбиқызы еңбек жолын туып өскен жері – Дүр Оңғар ауылынан бастап, тәжірибе жинаса, 1983 жылы Ақтөбе ауылына қызмет ауыстырады. Аталған ауылда 25 жыл, яғни ширек ғасыр күн-түн демей ауыл халқының денсаулық сапасының артуына көмегін беріп, қызметін жасайды. 2007-2009 жылдары аудан орталығына қоныс аударуына байланысты жұмысын ауыстырып, аймақтық дәрігер ретінде еңбек жолын жалғастырады. Білікті маман 2014 жылға дейін жасөспірімдер дәрігері болса, 2019 жылға дейін дәрігерлік комиссияның дәрігері болып жауапты қызмет атқарады. Мұнан соң оның халыққа қызметі сарапшы-дәрігер болумен ұштасады. 2023 жылдан бастап қазіргі кезге дейін аудандық әскери комиссариаттың медициналық комиссиясында терапевт дәрігер болып абыроймен қызмет етіп келеді.
Бір айтары, Камария апайымыз дәрігер болуды бала күнінен армандаған екен.
– Мен дәрігер болуды бала кезімнен арман еттім. Себебі, жастайымнан жиі ауырып, дәрігердің есебінде тұратынмын. Сол тұста Клара Айекенова апамыз бала дәрігері болатын. Сол кісіге қарап, қызығатынмын. Ертең өскенде мен де осы апайым секілді науқастарға көмектессем ғой деп ойлайтынмын. Мектеп бітірген жылы армандаған оқуыма түсе алмадым. Бірақ алған бетімнен қайтпай, келесі жылы тағы да емтихан тапсырып, бағымды сынадым. Жақсы дайындықпен барып, келер жылы бәрібір мединститутқа оқуға түсіп, арманымның алғашқы баспалдағына иін тіредім.
Осы орайда, дәрігер қандай болу керек деген сауалдың болары заңдылық. Әрине, дәрігер көпшіліктің адамы. Халықпен жұмыс істейді. Халықтың алдында жүрген соң ізетті, кішіпейіл болып, әрбір жанына шипа іздеп келген жанға өз туғанындай мейіріммен қарауы керек. Дерті жанына батқан науқасқа қолұшыңды беріп, үлкендерден бата алып жатсаңыз, біздің ақ халатымызға деген адалдығымыз сол болмақ. Ақ халатымыздың өзі адалдықты, тазалықты меңзеп тұрған жоқ па? Сол науқастарымыздың дертінен айығып, отбасына аман-есен оралғанынан асқан дәрігер үшін бақыт жоқ. Сонымен қатар дәрігер үнемі білімін көтеріп, жетілдіріп отыруы тиіс. Медицина жаңалығы көп сала. Жаңалықты тәжірибеде қолдана білу үшін үнемі біліміңді дамытып отыру ләзім. Өз басым Ақтөбе, Астана, Алматы, Қызылорда қалаларынан кезең-кезеңімен білімімді жетілдіріп, жаңа үдерістермен танысып отырдым. Білім көтерудің біліктілікті арттыру мен жұмыс сапасына тигізер пайдасы ұшан-теңіз, – дейді тәжірибелі маман.
42 жыл дәрігер болу аз уақыт емес. Әпкеміздің осы жылдары атқарған еңбегі ескеріліп, аудан, облыс әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хатымен марапатталған. 2006 жылы ауданның «Жылдың үздік дәрігері» номинациясының иегері атанған. Сондай-ақ аудандық аурухана кәсіподағының бірнеше рет бағалы сыйлығына да ие болған.
Саналы ғұмырын медицина саласына арнаған майталман маман ұжымда сыйлы да беделді әріптес болса, отбасында ардақты ана, аяулы әже. Жолдасы Тұрсынбек Қарғабаевпен ұлағатты ұрпақ өсіріп отырған бақытты жандардың перзенттері де жоғары білімді мамандар. Олар да ата-ана салған ізбен республикамыздың өркендеуіне үлестерін қосып жүр.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА

03 қыркүйек 2025 ж. 95 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№66 (10434)

03 қыркүйек 2025 ж.

№65 (10433)

30 тамыз 2025 ж.

№64 (10432)

26 тамыз 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

02 қыркүйек 2025 ж.
Баршаның назарына!

Баршаның назарына!

21 шілде 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 336
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 108

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930