» » ЕҢБЕКТІҢ ӨТЕУІ – АЛҒЫС

ЕҢБЕКТІҢ ӨТЕУІ – АЛҒЫС

Адам болғасын бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды. «Қай жерің ауырса, жаның сол жерде» деп қазақ атам әуелден-ақ денсаулық қадірінің қаншалықты құнды екенін айтып кеткен. Әрине, осындай сәттерде кімнің болсын алдымен жүгінетіні ақ халатты абзал жандар ғой. Бүгінгі әңгімеміз денсаулық саласында 43 жыл үзбей қызмет істеп, аудан тұрғындарының ризашылығына бөленіп келе жатқан өз ісінің кәсіби шебері, саланың озық қызметкері Кеніш Махсұтова апайымыз.
Ол 1959 жылы Ақтөбе ауылында туған. Осындағы №109 орта мектепті  бітірген соң Ақтөбе қаласына жол жүріп, ондағы Мемлекеттік Медициналық институтының «Емдеу ісі» факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмамдаған жас қыз Қызылорда қалалық ауруханасында ординатурадан өтеді. 1983 жылы өзі туып-өскен Қармақшы аудандық денсаулық сақтау бөліміне қарасты Ақтөбе ауылдық дәрігерлік емханасында қызмет жолын бастайды. Араға бірер жыл салып, аудандық емхананың №6 аймағына аймақтық дәрігер болып келеді. Мұнан кейін 1998 жылы «Шипагер» емханасында аға дәрігер, бөлім меңгерушісі, аудандық аурухананың бас терапевті қызметтерін 2017 жылға дейін абыроймен атқарды. Осы жылы зейнеткерлік демалысқа шығып, жұмысын әрі қарай жалғастырады. Білікті маман қашан да сұранысқа ие. Оған қоса Кеніш Махсұтова  тәжірибелі дәрігер. Салада жиған-тергені көп. Басшылықтың шешімімен оны дәрігер-сарапшы қызметіне тағайындайды. 2019-2022 жылдары ІІІ Интернационал ауылдық емханасында, 2022-2024 жылдары Т.Көмекбаев ауылдық емханасында жалпы дәрігер болып еңбек етеді. 2024 жылдан бастап осы жылдың шілдесіне дейін №3 аймақтың аймақтық дәрігері болса, бүгінде ол сарапшы-дәрігер.
– Менің бала кезімде елді мекенде дәрігерлер жоқ, бірақ дәрігер орнына фельдшерлер жұмыс істейтін. Күлбарам деген фельдшер апаймен көрші тұрдық және менің Шакен деген апайым медбике еді. Барлық ауырған науқастарға осы кісілер дәрігерлік көмек көрсететін. Мен әрдайым екеуіне қызыға қарайтынмын. Дәрігер болсам деген арманым пайда болды. Сол арманым орындалды. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін өзім қалаған мамандығымның иесі атандым. Оған өте қуаныштымын. Үнемі алдымнан жақсы адамдар шығып отырды. Еңбек жолымды бастағанда үлгі алатын С.Нәбиев, С.Рысмаханов, М.Мырзағұлов ағайларым, Б.Жүсіпова, М.Батенова, З.Ақжігітова апайларым болды. Біздер сол кісілерден кәсіби тәлім алдық. Бас дәрігеріміз Б.Нысанбаев бастаған ұжымыма, ардагер дәрігерлерге, аймақтық медбикелерім – Т.Байжанова, А.Мырзабаева, Г.Жалғасбаева, Г.Байжанова, Қ.Құлмаханова, Л.Пірманова, ІІІ Интернационал, Т.Көмекбаев дәрігерлік амбулатория ұжымына біліктіліктері үшін, аянбай еткен еңбек, төккен терлері үшін алғысымды білдіргім келеді. Аудандық аурухана кәсіподағы ұйымының мүшесімін. Кәсіподақ ұйымының төрайымы З.Көпбергенова түрлі іс-шараларды ұйымдастырады. Көпбалалы отбасыларға қамқоршы. Ауырған жандарға көмек қолын созудан тартынып қалмайды. Осы 43 жылдық еңбек жолымда бірнеше мәрте санаторлық-курорттық емге жолдады. Саладағы ерекшелікке тоқталып өтер болсам, 1983 жылдан 2015 жылға дейін барлық құжат қағаз жүзінде жүргізіліп келді. Медициналық бекеттер, дәрігерлік амбулаториялар, аудандық емхана ескі ғимаратта жұмыс істедік. Жарық, жылумен қамту қиындық тудыратан. Аудан бойынша қазіргі кезде медициналық бекеттер, дәрігерлік амбулаториялар, аудандық емхана жаңа үлгідегі ғимараттарда орналасқан. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен, жарық, су, жылумен, санитарлық жүйелермен қамтамасыз етілген. 2015 жылдан бері аудандық ауруханаға қарайтын аудан тұрғындары Тіркелген халық есебі бағдарламасына енгізіліп, қазіргі кезде Кешенді медициналық ақпараттық жүйе бойынша қызмет алады. Халық әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы және кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі бойынша көмек ала алады. Барлық бөлімдер компьютермен жабдықталған, – дейді дәрігер заманға сай медицинаның да озық үлгілерін тиек етіп.
Уақыт алға жылжыған сайын қоғамда жаңаланып, жаңғырып отыратыны белгілі. Осы орайда апайымыздан Қазақстанның болашақ медицинасын қалай елестететінін сұраған едік. 
«Қазір бір адамды емдеу шараларына негізгі басымдық береміз. Ондай медицина артта қалды. Болашақтың медицинасы адам ағзасындағы процестерді қалпына келтірумен айналысатын болады. Көлікті қалай жөндесек, болашақтың медицинасы да адамның денсаулығын солай қалпына келтіреді. Жасушаларды жаңарту, генетикалық терапия алдыңғы қатарға шығады. Дәл осы салалар адамның денсаулығын жақсартып, өмірін айтарлықтай ұзартатын болады. Ондай өзгерістердің экономикалық эффектісі өте үлкен болады» деп доктор Грей айтқан жетістіктерге жету үшін Қазақстан медицинасы қарқынды дамуда және әлемдік стандарттармен жұмыс істеуде» дейді ол.
Кәсіби маманның ұзақ жылғы еңбегі ескерусіз емес. Көптеген салалық және түрлі деңгейдегі әкімдіктердің алғыс, мақтау қағаздарымен және «Денсаулық саласына қосқан үлесі үшін», «Еңбек ардагері» медальдерімен марапатталған.
К.Махсұтова отбасында 2 бала тәрбиелеп өсірсе, бүгінде олар елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген жоғары білімді мамандар. Ардақты ана 3 немеренің сүйікті әжесі.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
30 тамыз 2025 ж. 150 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№67 (10435)

06 қыркүйек 2025 ж.

№66 (10434)

03 қыркүйек 2025 ж.

№65 (10433)

30 тамыз 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

02 қыркүйек 2025 ж.
Баршаның назарына!

Баршаның назарына!

21 шілде 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 348
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 124

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930