» » НАУҚАСТЫ САУЫҚТЫРУ – МЕДИЦИНАНЫҢ МИССИЯСЫ

НАУҚАСТЫ САУЫҚТЫРУ – МЕДИЦИНАНЫҢ МИССИЯСЫ

Әрбір мамандықтың өзіндік орны бар. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген қазақтың сөзі осындайда көрінеді. Ел басқару ісінен бастап қарапайым кәсіпшілікке дейін жүргізілетін жұмыстың барлығын өз ісінің шеберлері ғана атқара біледі. Нәтижелі іс кез келген жанның қалаған мамандығы мен кәсібін етене жақсы көргенде жеміс берері де ақиқи дүние. Енді осы мамандықтардың арасынан біреуін ерекшелеп айтсақ, оған ешкім қарсы бола қоймас деген ойдамыз.
Бас ауырып, балтыр сыздағанда алдымен іздейтініміз де медицина қызметкерлері екеніне күмән келтіре алмаймыз. Бүгінгі мақаламыз жас та болса ісіне мығым, науқастарына жүрек, жан жылуын сыйлап жүрген ақ халатты абзал жан – Шахмардан Нұртасов жайлы болмақ.
Ініміз 1999 жылы Қармақшы ауылында дүниеге келген. Ауылдағы №113 Қаракөл орта мектебінің 2016 жылғы түлектерінің бірі. Орта білімнен соң Қызылорда медициналық жоғары колледжіне «Емдеу ісі» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 2019 жылы сәтті бітіріп шығады. Бала кезінен көңілі қалаған мамандықпен елге қызмет ету анау ойлағандай оңай шаруа емес еді. Себебі таразы басында адамның өмірі, денсаулығы тұрады. Медколледжді бітіріп келген Шахмардан Нұртасұлы әуеліде аудандық емхананың «Кезек күттірмейтін» бөлімінде бір жыл жұмыс істеп, аға буын өкілдерінен тәжірибе жинақтады. Білмегенін сұраудан жалықпады, ақыл-кеңес алудан қашпады. Емхананың білікті сала мамандары да өкшесін басқан жас жігітті қанатының астына алып, фельдшерлік мамандықтың қыры мен сырына баулыды. 2021 жылы аурухананың «Ерлер кабинетіне» ауысып, осы бөлімде ер азаматтардың денсаулығын тексеріп, абыройлы қызметін жасады.
Өткен жылдан бері өзінің туған ауылы – Қармақшы ауылдық округінде фельдшерлік жұмысын жалғастыруда.
Ауылға келгелі де тынбай еңбек етіп, мамандығына адалдығын сақтауда. Науқастарға көмек қолын созуда. Ауыл тұрғындары да жас маманның жұмысына дән риза. Олардың арасында ризалықпен ақ баталарын беріп жүргендері де аз емес. Мысалы, ауыл азаматы, ІІ топ мүгедегі Дүйсен Әмзеев сәуір айында қатты ауырып қалып, дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында сауығып кеткенін айтса, зейнет демалысындағы Байұзақ Таңатаров ағамыз қан қысымы көтеріліп, денсаулығы сыр бергенде ауыл фельдшерінің шипалы алақанынан ем қонғанын жасырмайды. Сондай-ақ елді мекеннің тұрғындары Аман Бекенов пен Берден Анафин де ризашылықтарын жеткізіп, Шахмарданның еңбек демалысында жүргеніне қарамастан, алғашқы көмек көрсеткенін азаматтығы деп бағалайды.
– Халықпен қызметіне тиянақты қарайтын фельдшер баламыздың жұмысына ауыл тұрғындары ризамыз. Ауру айтып келмейді. Зейнет жасында болғасын әйтеуір бір жеріңіз кейде сыр беріп қалады. Осындайда фельдшеріміз бен медбике Кенже Бисенова, Гүлсара Дәуітовалар жағымды мінезімен, жақсы сөздерімен дем беріп, ауруымыздан жазылып кетуімізге септігін тигізіп жүр. Жасап жүрген еңбектері адал. Ел-халықтың алғысына кенеліп, өссін, өнсін деген тілектеміз, – дейді абзал жандардың еміне жүгінгендер.
Оған қоса, ауыл тұрғындары медицина саласында білікті мамандар даярлап, туған жеріне қызмет етуге жіберіп отырған ауданның бас дәрігері, мәслихат депутаты Бақытжан Сағилатұлына да айтар алғыстары шексіз.
Шахмардан Нұртасұлы қызметімен қатар, отбасын да үйіріп алып отырған өнегелі отағасы. Жары Айзада да медицина саласының қызметкері болып істейді. Отбасында екі бүлдіршін тәрбиелеп отырған бақытты жандар. Фельдшер бауырымыздың әкесі де осы саладан алыс емес. Ағамыз ұзақ жылдар ауданда жедел жәрдем көлігін жүргізіп, зейнетке шыққан сала ардагері. Ал анасы Гүлмира №113 орта мектепте жас ұрпақты тәрбие, білім нәрімен сусындатып жүрген ұлағатты ұстаз.
– Фельдшер болуды жастайымнан қаладым. Адамдарға көмектесу миссиясы мен үшін бәрінен жоғары тұрады. Қандай да бір ине шаншу, емдом жасаудан бұрын науқасқа алдымен жылы қабағың керек. Сонда ғана ем қонып, ауырған кісінің көңілі жадырап шыға келеді. Таңдаған мамандығыңыз мерейіңізді өсіріп жатса, нұр үстіне нұр болмақ, – дейді үнемі жадырап жүретін кейіпкеріміз.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
17 мамыр 2025 ж. 543 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№38 (10406)

23 мамыр 2025 ж.

№37 (10405)

20 мамыр 2025 ж.

№36 (10404)

17 мамыр 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 798
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031