ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ – ЖАҢА БЕЛЕСТЕР БАСТАУЫ
Алғашқы қоңыраудың үні сыңғырлаған жаңа оқу жылы да басталды. Бұл кезең білім беру ұйымдары үшін тек оқу құралдарын түгендеп, сыныптарды дайындаумен шектелмейді. Жаңа оқу жылы – педагог үшін де жаңа міндеттер мен тың ізденістердің бастауы. Осыған орай дәстүрлі тамыз конференциясы аясында ұстаздардың кәсіби тәжірибе алмасуына, жаңа әдіс-тәсілдерді талқылауына және алдағы оқу жылындағы басым бағыттарды айқындауына мүмкіндік беретін әдістемелік алаңдар ұйымдастырылды.
Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицей базасында жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша әдістемелік алаң өтті. Жиында педагогтер білім сапасын арттыруға бағытталған тиімді тәжірибелерімен бөлісті. Математика пәні бойынша мұғалімдер математикалық сауаттылықты арттыру, функционалдық дағдыларды қалыптастыру, олимпиадалық есептерді шешу және заманауи цифрлық құралдарды тиімді пайдалану мәселелерін талқылады. Соның ішінде «MatTech: математика сабағын өзгертетін AI құралдары» тақырыбы арқылы жасанды интеллектінің білім беру үдерісіндегі мүмкіндіктері таныстырылды. Бүгінде цифрлық технологиялар мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, оқу материалын оқушының деңгейіне бейімдеуге мүмкіндік береді. Дегенмен технология ұстазды алмастыратын құрал емес, оның кәсіби мүмкіндігін толықтыратын әдістеме ретінде қарастырылуы тиіс.
Ал Ү.Томанов атындағы №183 орта мектебінде технология және өнер, музыка, дене шынықтыру, алғашқы әскери даярлық және әлеуметтік педагогика бағыттары бойынша секция жұмысы ұйымдастырылды. Мұнда білім мен тәрбиені сабақтастыра отырып, оқушылардың шығармашылық, физикалық, әлеуметтік және тұлғалық қабілеттерін дамыту жолдары сөз болды. Технология және өнер бағытында шығармашылық қабілетті дамыту мен заманауи технологияларды пайдалану, музыкада ұлттық өнер мен рухани құндылықтарды дәріптеу, дене шынықтыруда саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері қамтылды. Ал алғашқы әскери даярлық пен әлеуметтік педагогика бағыттарында отансүйгіштік, жауапкершілік, қауіпсіз білім беру ортасы және бала – мектеп – ата-ана байланысын нығайту мәселелері талқыланды.
Әдістемелік алаңдардың бағыты әртүрлі болғанымен, мақсаты ортақ – педагогтің кәсіби шеберлігін жетілдіру және жаңа оқу жылында білім сапасын арттырудың тиімді жолдарын анықтау.
Бұл ретте №186 орта мектептің директоры Ғалымжан Кәрібаев тамыз конференциясының адам капиталын дамытудағы маңызын атап өтті.
– Облыста өткен «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбындағы тамыз конференциясында адам капиталын дамыту және білім сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Облысымыздың ҰБТ қорытындысы бойынша республика көлемінде үш жыл қатарынан жоғары нәтиже көрсетуі – ұстаздар қауымының жүйелі еңбегінің нәтижесі. Бұл жетістікке білім саласындағы тұрақты әрі мақсатты жұмыстардың да ықпалы бар. Осы ретте облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Темірбекұлы мен аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Съездұлының білім сапасын арттыру бағытындағы еңбегін атап өткен жөн.
Қазіргі ұстаздың міндеті – сапалы білім берумен бірге оқушының бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, цифрлық сауаттылығын қалыптастыру. Себебі білімді, бәсекеге қабілетті және ұлттық болмысын сақтаған ұрпақ – елдің басты капиталы, – дейді мектеп директоры.
Тамыз конференциясы осы тұрғыдан алғанда жай ғана жаңа оқу жылына дайындық жиыны емес. Бұл – педагогтердің тәжірибе алмасып, өз жұмысын саралап, жаңа оқу жылына тың идеямен қадам басатын кәсіби алаң. Жаңа оқу жылы жаңа міндеттер мен жаңа мүмкіндіктер әкелмек. Ал сол мүмкіндікті тиімді пайдалану, білім сапасын арттыру және оқушыға сапалы тәрбие мен білім беру – ұстаздың кәсіби ізденісіне байланысты.
Білім сапасы – бір күнде қалыптаспайды. Оның негізінде күн сайын ізденетін ұстаздың еңбегі, дұрыс бағытталған білім саясаты және болашаққа жасалған нақты қадам жатыр.
Бауыржан ҒАЛЫМҰЛЫ

















